jasqazaq.kz

Төртінші зауыт ашылмай, жанармай жыры таусылмайды

23 қыркүйек 2016, 12:41

18668-6-modernizaciya_too_pavl_ru

Күз-көктем айларында даладағы диқанның, қаладағы көлігі бардың көңілі күпті. Нені күтсең, сол болады емес пе – Павлодарда біраз күннен бері жанармай тапшы. Бұл қаладағы мұнай-химия зауытының күрделі жөндеуге жабылуымен түсіндіріледі. Астана тұрғындары да дизель отынын іздеп шарқ ұруда. Бүгін-ертең басқа қалада да осындай жағдай орын алуы мүмкін. Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жағдай 26 қыркүйектен кейін, Павлодар мұнай-химия зауыты іске қосылғаннан кейін түзеледі.

Жылдағы жағдай осы. Айналдырған үш мұнай зауытының біреуі жоспарлы жөндеуге тұрғанда, көлік жүргізушілердің қан қысымы көтеріледі. Өткенде энергетика министрі Қанат Бозымбаев ішкі нарықтағы отынның 30 пайызы Ресейден әкелінетінін айтқан. «Қазір елге бензинді негізінен «Лукойл» жеткізеді. Ал үш зауыттың жаңғырту (модернизация) аяқталғаннан кейін, ал бұл шамамен үш жылға созылады, сонда бізде 1 млн тонна бензин артық қалады. Оны сыртқа сатамыз» дейді министр. Бірақ алдағы уақытта жанармай бағасының өсіп, өспейтінін министр де тап басып айта алмайды. Егер жеткілікті болса, баға өспейді. Ресей нарығында жанармай бағасы жоғары болғандықтан, министрлік тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, ішкі нарықта тапшылыққа жол бермеуге тырысуда. Өйткені тапшылық орын алса, бағаның шарықтайтыны белгілі. Ал енді мына жұмбақты шешіңіз: 26 қыркүйекке дейін жанармай қымбаттай ма, жоқ па? Одан кейін ше?
Бұрынғыдай емес, мемлекет бағаны тізгіндей алмайды. Өйткені, былтыр ең өтімді АИ-92 маркасына, ал биылғы тамызда дизель отыны бағасына мемлекеттік реттеу алып тасталды. Қазір АИ-80 бағасы ғана еркіне жіберілмей отыр. Бензиннің бір литрі 200 теңгеге өседі деп төндіретін сәуегей де көп. Егер елдегі үш мұнай өңдеу зауыты (МӨЗ) тиімді жұмыс істесе, ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге шамасы жетер еді. Бізде бір тонна мұнайдан небәрі 16 пайыз бензин өндіріледі. Отандық МӨЗ-дегі мұнайды қайта өңдеу деңгейі 45 пайыз шамасында. Әлем бойынша бұл көрсеткіш орта есеппен 85-90 пайызды құрайды. Зауыттар жаңғыртылғаннан кейін сапалы бензинге қол жеткіземіз деген үміт бар.
Жоспар бойынша, елдегі үш МӨЗ-ді жаңғырту жұмысы биыл аяқталуы тиіс еді. Алайда оның мерзімі тағы шегерілді. Бір қызығы, өткен жылы осы үш зауытты жекешелендіру мәселесі сөз етілді. Тіпті «ҚазМұнайГаздың» жекешелендіру жоспарын құрып жатқаны жайында ақпарат шықты. Бірақ энергетика министрі Қанат Бозымбаев «Егер біз оларды қазір сатсақ, 40-50 жылдық тарихы бар активті сатамыз, демек құны да соған сәйкес болады. Ал қайта жаңғыртудан кейін, мәселен, Атырау МӨЗ-де ашық түсті мұнай өнімдерінің өндірісі қазіргі 40 пайыздан 92 пайызға көтеріледі. Сол кезде зауыттың да құны артады» деп оң шешім қабылдады. Сөйтіп Атырау мен Шымкент МӨЗ-і келесі жылы, ал Павлодар мұнай-химия зауыты 2018 жылы толық жаңаланып бітеді. Бастапқыда модернизацияға жұмсалатын қаржы 3,5 млрд доллар деп белгіленсе, бара-бара 6 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл деректі біз аспаннан алып отырған жоқпыз. Өткен жылы «ҚазМұнайГаз» АҚ маркетинг жөніндегі бас директордың орынбасары Ерлан Қойбағаров, тіпті сол 6 млрд доллардың да жетпей қалуы мүмкін екенін ескерткен. Оның айтуынша, отандық нарыққа Ресейден тым көп мөлшерде арзан отын келгенде, қайта өңдеу көлемі азаяды. Соның кесірінен МӨЗ-дегі қайта жаңғырту жұмыстары тұралайды. «2016 жылға қарай қазақстандық МӨЗ-дің модернизациясын аяқтаймыз. Бірақ оған ықпал ететін фактор көп. Бірі – баяғы қаржы мәселесі. 2015 жылдың алғашқы екі айында жоспардағы өңделуге тиіс 15 млн тоннаны қайта қарап, 14 млн 300 тоннаға кеміттік, яғни екі айда 700 мың тонна өңделмей қалды. Демек модернизацияға жұмсалатын ақшадан қағылдық» деді. Бірақ мамандар өңдеу көлеміне қарап қалған ештеңе жоқ деген пікірде.
Ал шындығында сол қаржыға жаңа мұнай өңдеу зауытын салуға болар еді. Бұл да бір бітпейтін жыр. Алғаш 2009 жылы басталған әңгімеге Елбасының өзі нүкте қойған еді. 2014 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында «Еліміз бензин мен дизель отынына мұқтаж, керосин жетіспейді. Біз мұнай өндіруші елміз, тез арада жаңа мұнай өңдеу зауытын салу керек» деген. Осы жылдың соңында Президент жаңа зауыт жайында тағы ескертті.
Бірақ тапсырманы орындауға асыққан ешкім жоқ. Сыныққа сылтау іздесе, табыла береді ғой. Ең басты уәж – қуаты 5-6 млн тоннадан кем зауыт салу тиімсіз, оған шикізатты қайдан табамызға кеп саяды. Оның үстіне, жаңасын салғанша, қолданыстағы үш зауытты жаңғырту арзанға түседі деп шешілді. Күні кеше Мәжілістегі үкімет сағатында «Самұрық-Қазына» АҚ қаржы және операция жөніндегі басқарушы директор Елена Бахмутова депутат Нұрымовтың жаңа зауытқа қатысты қойған сауалына «Бұл мәселе қарастырылып жатыр. Ақырғы шешім әлі қабылданған жоқ. Мұндай құрылыстың экономикалық тиімділігі де, инвесторлардың дайындығы да есепке алынады» деп жауап берді. Жыл сайын жанармай тапшылығынан зардап шегетін елде жаңа зауыттың тиімділігін қалай дәлелдеуге болады? Оның үстіне, мына дағдарыс шикізатқа тәуелділіктен арылып, дайын өнімді сатудың әлдеқайда тиімді екенін тағы да көрсетіп бергені анық.
Экономикалық тиімділік туралы айтсақ, өзбектің Үстірт газ-химия кешенін (ГХК) салып тастағаны еске түседі. Биылғы мамыр айында тұсауы кесілген Орталық Азиядағы ең ірі кешенде жыл сайын 4,5 млрд текше метр табиғи газ өңделеді, 4 млрд текше метрге дейін тауар газы, 387 000 тонна полиэтилен, 83 000 тонна полипропилен, 102 000 тонна пиролиз дистиллят және өзге де бағалы өнімдер өндірмекші. Бұл Өзбекстандағы екінші ГХК екенін айту керек. 2001 жылы Шортан газхимия кешені іске қосылып, полиэтиленнің 150 түрінің өндірісі жолға қойылды. Оның өнімі де Ресей, Қытай және Еуроодаққа шығарылады.
Сыртқы дүниеден оқшаулау Өзбекстанның өзі осындай ірі жобаларды жүзеге асырып жатқанда, кішігірім МӨЗ салуға батылымыз жетпей жатқаны түсініксіз. Есесіне, Ресейден миллион тоннадан аса жоғары октанды бензин, жарты миллион тоннадай дизель отынын тасымалдауға мәжбүрміз. Демек ел ішінде мұнай өңдейтін зауыт тұрғызғаннан гөрі, терістік көршіден жанармай тасымалдаған әлдекімдерге тиімді ғой? Негізі, бұл мәселеде лоббистік топтың бар екені бұрыннан айтылып жүр.
Лобби демекші, екі-үш жыл бұрын Қытайдағы толлинг операциясы есебінен ішкі нарықтағы бензин тапшылығын жоюға күш салынғаны белгілі (толлинг – сырттан әкелген шикізатты дайын өнім түрінде қайтару). Бастапқы қадам жақсы еді. Қытайдың Душанзы МӨЗ-іне қайта өңдеу үшін 1,5 млн тонна шикі мұнай жеткізіп беру туралы шешім қабылданған. Сөйтіп толлинг операциясы есебінен жыл соңына дейін 1 млн тонна мұнай өнімдері әкелінетін еді. Қытай МӨЗ-інде шикізаттан өнім алу деңгейі 90 пайызға жетеді. Ашық түсті мұнай өнімдері өндірісі 83 пайызды құрайды. Ал бізде бұл көрсеткіш 60-70 пайыздан аспайды. Егер де толлинг операциясы жүзеге асқанда, бір елге тәуелді болып қалмас еді. Өйткені, бірер жыл бұрын Ресейдегі Качинск мұнай өңдеу зауытында өрт шыққанда терістік көршімізден келетін бензин күрт азайып еді.
Тәп-тәуір басталған бұл шаруа да көп ұзамай тоқтатылды. 2014 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев қазіргі жағдайда толлингтің тиімсіз екенін мәлімдеді. Нақты айтсақ, 2013 жылдың соңында Ресеймен арадағы мұнай өнімдерін бажсыз әкелу жөніндегі келісімнен кейін толлинг еліміз үшін тиімсіз боп қалған. Мыңбаев мырзаның сол кездегі айтқаны мынау: «Ішкі нарықтағы тапшылықты мұнай өнімдерін Ресейден бажсыз тасымалдау арқылы жою оңайға түседі».

Өндіріс ашқаннан гөрі жанармайды сырттан сатып алған оңай боп тұр ғой. Сол себепті де игі бастамаға қолдау жоқ. Әйтпесе, Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев жаңа зауыттың қажеттігін баяғыдан айтып жүр. Айтып қана қоймай, осы бағытта ізденіп, әрекет жасауда. Биылғы ақпан айында Астанада өткен есеп беру жиынында ол мұнай өңдеу зауытын салуға қолдау жоқ екеніне қынжылыс білдірді. Жобаға қытай инвесторлары ықылас танытқан көрінеді. Әкімнің айтуынша, зауытты бюджеттің есебінен емес, инвестордың қаржысына салған дұрыс. Жыл соңында Қашағанда мұнай өндіру басталып, желтоқсан айында 35 мың тонна «қара алтын» өндірілуі тиіс. Сондықтан жаңа зауыттың Маңғыстау өңірінде орналасуы ақылға сыйымды. Өндіріс қарқын алса, шикізатпен қамту мәселесін де ойластыруға болар. Ал экономикалық тиімділігіне келсек, Белорус тәжірибесіне қарайық. Мұндағы мұнай өңдеу кәсіпорындарының (Мозыр және Нафтан) технологиялық деңгейі жоғары. Әлемдік нарықта көмірсутегі бағасының құлдырауына қарамастан, Беларусь пайда тауып отыр. Ресей мұнайын ішкі бағамен сатып алады да, қайта өндіріп, әлемдік бағамен сыртқа сатады.
Қалай дегенде де, жаңа зауытты шикізатпен қамти алмаймыз деген сылтауды көлденең тарта берудің жөні жоқ. Зауыт салынса, мұнайлы елде шикізат қалай да табылады.

Гүлнар Ахметова

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде