
Түрікменстанның Балкан велаятының тұрғындары Қазақстаннан темекі сатып алып жатыр. Бұл туралы «Хроника Туркменистана» ақпарына сілтеме жасаған ras.kz хабарлады.
«Түрікменстанда темекі дағдарысы жалғасып жатыр. Мемлекеттік дүкендерде бұрынғысынша темекі жоқ, ал жеке сауда нүктелерінде сигарет қорабының бағасы 70 манатқа (мемлекеттік бағам бойынша – 20$ немесе қара базарда – 14$ шамалас) дейін жетті», – деп жазады агенттік.
Елдің Балкан велаятының тұрғындары сигаретті бұдан да арзан бағаға сатып алудың жолдарын тауыпты. Мәселе мынада, Түрікменстан мен Қазақстан арасындағы келісімге сай, екі елдің шекаралас аудандарының тұрғындары бір-бірлерінің көрші облыстары жеріне визасыз барып-келе алады. Осының арқасында Балкан велаятының тұрғындары қазір Қазақстанның Маңғыстау облысына визасыз барып келе береді. Осыған байланысты қазір Түрікменстаның «Темир-баба» бақылау-өткізу бекетінде Қазақстанға қарай өтіп, екі қорап темекі (Түрікменстанның заңы бойынша, екі қораптан артық әкелуге болмайды) алып келуге тілек білдірушілердің ұзын-шұбақ кезегі пайда бола бастады. Ал Қазақстанда темекі әлдеқайда арзан. Мұнда шылымның бір қорабы 240 теңге (0,72$ немесе 2,5 манат) ақшаға ғана түседі.