Ақтөбелік жас спортшылар Қытайдағы Халықаралық Ушу федерациясынан шақырту алды. Федерация өкілі аспан асты елінде өтетін оқу-жаттығу шараларында Қазақстанның мықты ушумен айналысатын жасөспірімдерінің қатысқанын да құп көріп отырса керек.
— Қытайда тәжірибе жинасақ, Азия және Әлемдік ойындарда алғашқы орындарға шығар едік, — дейді Қазақстан Республикасының Ушу бойынша аға жаттықтырушысы Светлана Трайзе.
Қазақстан Республикасында ақтөбелік жаттықтырушының балалары жалпыкомандалық есепте тұрақты түрде тек 1 орындарды иеленіп келеді. Ал, халықаралық додалар мен Азия ойындарында тәрбиенушілері 2-3 орындар иеленіп жүрген спорт жаттықтырушысының айтуынша, облыстық спорт басқармасы тарапынан ешқандай қаржылай қолдау жоқ.
— Көптеген шараларға біз өз қаражатымызбен, ата-аналардың қолдауымен барамыз. Балалар намысты қолдан бермейді. Дегенмен, спорт саласына өзге салаларға қарағанда қыруар қаражат бөлінеді деп мінберлерде айтып жатады. Өкінішке қарай, соның игілігін көрмейміз, — дейді Светлана Трайзе.
Бүгінде Ақтөбедегі Ушу федерациясы Ақтөбеде жаттығу залын өз қаражатына жалға алып отыр.
Асқар Ақтілеу