
Абай Құнанбайұлының шығармашылығы – ұлт руханиятының сарқылмас қазынасы. Ұлы ақынның өлеңдері мен әндері, қара сөздері адамды білімге, еңбекке, адамгершілікке, адалдық пен парасатқа үндейді. Осы асыл мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу, оқырманға кеңінен насихаттау мақсатында Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханасында Абай шығармашылығына арналған «Сөз маржаны – Абайдан» атты әдеби-рухани марафон ұйымдастырылды.
Марафонға жас ерекшелігіне қарамастан Абай шығармашылығын құрметтейтін, поэзияны сүйетін оқырмандар қатысты. Қатысушылар ұлы ақынның табиғат, махаббат, адамгершілік тақырыптарындағы өлеңдерін, поэмаларынан үзінділерді, қара сөздерін мәнерлеп оқып, жатқа айтты. Сонымен қатар Абайдың әндері музыкалық сүйемелдеумен орындалып, өнер мен әдебиеттің өзара сабақтастығы көрініс тапты.
Шараның негізгі мақсаты – Абайдың бай әдеби мұрасын сақтау және кеңінен насихаттау ғана емес, оның шығармаларын қазіргі оқырманға жақындату болды. Әрбір қатысушы ұлы ақынның сөзін өз жүрегімен сезініп, оның терең ойын көрерменге жеткізуге тырысты. Марафон барысында көрермен Абай поэзиясының сан қырын тағы бір мәрте танып, ақын сөзінің уақыт өткен сайын маңызын жоғалтпайтынына көз жеткізді.
Марафонның алғашқы бөлімі ең жас қатысушылардың өнерімен басталды. Кішкентай оқырмандар Абайдың «Қыс», «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге» сияқты шығармаларын орындап, өздерінің мәнерлеп оқу шеберлігін көрсетті. Балалардың Абай өлеңдеріне деген қызығушылығы шараның тәрбиелік мәнін айқындай түсті.
Кейін сахна төріне ересек қатысушылар көтерілді. Олар Абайдың қазақ және орыс тіліндегі шығармаларын орындап, ұлы ақын мұрасының тілдік әрі мазмұндық байлығын танытты. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Ғылым таппай мақтанба», «Ескендір» поэмасынан үзінді және басқа да шығармалар көрермен назарына ұсынылды.

Абай мұрасын толықтырып тұрған тағы бір құндылық – оның әндері. Марафонның келесі бөлімі ұлы ақынның сырлы әуендеріне арналды. «Көзімнің қарасы», «Слова Татьяны», сондай-ақ Абай сөзіне жазылған «Тереңдеп қарайсың» әндері орындалып, кештің мазмұнын музыкалық әуезбен байытты.
Абайдың әндері – оның ақындық әлемінің ажырамас бөлігі. Сондықтан сахнада орындалған әрбір ән көрерменге ақынның жүрек сырын, нәзік сезімін және терең ойларын өзгеше қырынан танытты.
Марафонның мазмұнды бөлімдерінің бірі – Абайдың қара сөздеріне арналды. Қатысушылар ақынның алтыншы, он бесінші, он сегізінші, он тоғызыншы және жиырмасыншы қара сөздерін оқып, ұлы ойшылдың адам мінезі, білім, еңбек, ар-ұят, жауапкершілік туралы философиялық ойларын көпшілікке жеткізді.
Абайдың қара сөздері – уақыт өткен сайын жаңаша қырынан ашыла түсетін рухани мұра. Ақынның адам болмысына қатысты ойлары бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Марафон барысында бұл құндылықтар жас та, аға буын да үшін ортақ рухани сабақтастық ретінде көрініс тапты.

Шараның тағы бір ерекшелігі – авторлық шығармалар байқауы болды. Қатысушылар ұлы Абайға арнап жазған өз туындыларын сахнада оқыды. 88 жастағы Владимир Ивановскийдің «Моим потомкам» атты өлеңі, 74 жастағы Мәриям Рузахункызының Абайға арналған авторлық туындысы және жасы сексеннен асқан Валентина Носуленконың «Сын казахской земли» шығармасы көпшілікке ұсынылды.
Бұл сәт марафонның басты идеяларының бірі – шығармашылықтың жасқа қарамайтынын айқын көрсетті. Өмір тәжірибесі мол аға буын өкілдерінің поэзияға деген сүйіспеншілігі, Абай мұрасына деген құрметі көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Ұйымдастырушылар ардагер ақындарға таланты, даналығы және сөз өнеріне деген адалдығы үшін алғыс білдірді.
Марафонға қатысушылардың өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамында әдебиет, журналистика, мәдениет және білім саласының өкілдері болды. Қазылар алқасына Әлем халықтары жазушылары одағының директоры Гүлхан Айтақынқызы төрағалық етті. Сондай-ақ алқада Майра Мұсақызы Жағыпарова, Халелхан Ибрайымханұлы Әділханов, Жарас Бекетайұлы Қабышев және Гүлжанат Шонабай болды.
Қатысушылардың өнерін бағалау барысында мәтінді білуі, мәнерлеп оқу шеберлігі, дикциясы, дұрыс сөйлеуі, артистизмі, шығарманың мазмұны мен көңіл күйін жеткізуі, сахна мәдениеті және жалпы орындаушылық деңгейі ескерілді. Әр қатысушыға өнер көрсету үшін 2–3 минут уақыт берілді.
Марафонның негізгі бөлімі аяқталғаннан кейін көрермендер арнайы дайындалған концерттік бағдарламаны тамашалады. Сахнада Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, лирикалық әндердің орындаушысы Нұржамал Әшімхан және Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы, Мәдениет саласының үздігі, Алатау ауданы ардагерлер ансамблінің әншісі Айша Смағұлқызы өнер көрсетті.
Көпшілік асыға күткен сәт – марафон жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Қатысушылар төрт аталым бойынша сараланды: «Абай өлеңдері», «Абай әндері», «Абай қара сөздері» және «Авторлық шығарма». «Абай өлеңдері» аталымына балалар мен ересектердің қатар қатысуына байланысты жеңімпаздар екі санат бойынша анықталды.
Бұл марафон – жай ғана байқау емес, Абай мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін тағылымды рухани алаң болды. Мұнда балалар мен ересектер, жас оқырмандар мен ардагерлер бір сахнада тоғысып, ұлы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін, әндерін бірге дәріптеді.
Абай: «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп сөз өнерінің биігін айқындаған еді. Бүгінгі марафонда сол сөз патшасы қайта жаңғырып, әр қатысушының жүрегінен орын алды.
«Сөз маржаны – Абайдан» марафонының басты жетістігі де осында. Абай сөзі сахнада айтылып қана қоймай, жүректерге жол тартты. Ұлы ақынның «толық адам» идеясы, білім мен еңбекке, адалдық пен адамгершілікке үндеген тағылымы бүгінгі ұрпаққа тағы бір мәрте аманатталды.
Абай мұрасы – өткеннің ескерткіші емес, бүгінмен үндесіп, болашаққа жол көрсететін мәңгілік рухани бағдар. Сондықтан Абай сөзін насихаттау – ұлттың рухани жадын жаңғырту, жас ұрпақтың бойына адамдық пен парасаттың дәнін себу.

Марафон осылайша ұлы ақынның шығармашылығына тағзым еткен, өнер мен әдебиетті тоғыстырған, ұрпақтар сабақтастығын айшықтаған мазмұнды рухани шара ретінде өз мәресіне жетті.
Захра Әнуарқызы
Суреттерді ұсынған автор