
Қазақстандық ғалымдар электронды білезіктер арқылы сотталғандарды есепке алу және бақылаудың жаңа жүйесін ойлап тапты. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Әуеғарыш комитеті төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков мәлім етті.
«Бұл жоба өте үлкен әлеуметтік маңызға ие. Себебі ол сотталғандарға мерзімдерін едәуір ыңғайлы жағдайларда өткеруге мүмкіндік береді. Бірақ олар әрдайым бақылауда болулары тиіс. Осы мақсатта жерсеріктік навигацияны қолдану арқылы автоматтандырылған жүйе жасалды. Ол арнайы білезіктер арқылы сотталушының қайда орналасқандығын, белгіленген аумақтан шығып кетпегенін қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Егер шығып кеткен болса, жедел қызметке белгі түседі, содан соң олар тиісті шара қабылдайды», – деді Молдабеков.
Оның сөзі бойынша, бұл жобаны қазақстандық ғалымдар мен инженерлер жасап шыққан. Ол шетелдік баламаларынан еш кем емес.
«Бір жағынан, бұның экономикалық қырлары да бар. Түрмеде сотталушыларға жасалатын жағдай бюджеттен көп шығынды талап етеді. Осыған орай, бұл жоба мемлекет үшін өте тиімді. Біздің ғалымдар мен инженерлер оны халықаралық стандарттар негізінде жасап отыр», – деді ол.
Молдабеков Қазақстанда бір сотталушыны асырауға мемлекеттен жылына 600 мың теңге қаражат шығындалатынын атап өтті. Ал білезіктердің құны 200 мың теңгеден аспайды. Аталмыш жобаны енгізу 2017 жылы қолға алынады деп болжануда.