«SOS» — еріккеннің ермегі емес

19 маусым, 13:50

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың полиция қызметін цифрландыруды дамыту туралы тапсырмасын орындау мақсатында іске қосылған «SOS» батырмалары өз тиімділігін дәлелдеді. Жаңа қызмет – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуда таптырмас құрал.

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысына келген еліміздің ішкі істер министрі Ержан Сәденов өңір полицейлерінің алдына қойған бірқатар маңызды міндеттердің арасында цифрлық технологияларды қолдану аясын кеңейту де бар. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Айдын Қабдұлдиновтің айтуынша, бүгінгі таңда жұмыстың «сервистік моделіне» толық көшу бағытында біраз шара іске асырылып жатыр.

Ол үшін қызметтің негізгі салалары нығайтылуда. Мәселен, аумақтық полиция бөліністерінде «Азаматтарға арналған қабылдау бөлмелері», келушілерге қызмет көрсету үшін фронт-офистер жұмыс істейді. Алты стационарлық модульдік полиция бекеті бар. 2021 жылдан бері тұрғын үйлермен біріктірілген 8 учаскелік полиция пункті ашылды. Петропавлда адам аяғы көп 11 жерде «SOS батырмалары» орнатылған.

Бұл азаматтардың полицияға тікелей хабарласуына мүмкіндік береді. Қызыл түсті темірден жасалған құрылғының бетінде міндетті түрде «POLISIA» және «SOS» деген жазылған. Батырма қараңғыда алыстан көзге түсуі үшін жарықтандырылады. Олардың барлығы бейнекамерамен, микрофонмен, динамикпен жабдықталған. Қиын жағдайда бұл кезекші бөлімнің қызметкеріне жағдайды өз бетінше бағалауға мүмкіндік береді.

Бұған қоса, қондырғы күні-түні айналаны бақылайды. Сондай-ақ оның көмегімен полицияға жүгінуге немесе құқық бұзушылық туралы хабарлауға болады. Оны басқан кезде тәуліктің кез-келген уақытында кезекші бөліммен тікелей аудио және бейне байланыс орнатылады. Ұялы телефон өшіп қалған кезде немесе басқа да себептермен полицияға қоңырау шалуға мүмкіндік болмаса, уақыт тығыз болған кезде осы түймелер таптырмас құрал. Түймелер жерден небары бір метр биіктікте орналасқандықтан, оларды қолдану кішкентай балаларға да еш қиындық тудырмайды. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 24/7 режимінде түсетін ақпарат әр түрлі: ұрлық-қарлық, адам тонау, бұзақылық және т.б. Адамдардың, әсіресе, балалардың жоғалғаны туралы да мәлімет келіп түседі. Мәселен, жуырда осы жаңашылдықтың арқасында дүкен тонаған адамды бірден ұстаудың сәті түсті.

Қаскөй тапа-тал түсте «Северный» супермаркетіндегі сауда орындарының бірінен үш алтын алқаны қолды қылмақшы болған. Оны байқап қалған сатушы соңынан қуа жөнелгенімен, жете алмай, жақын маңайдағы «SOS» батырмасының көмегіне жүгініпті. Бейнебақылау инспекторлары қылмыскерді бірден тауып, тәртіп сақшылары оны бір сағатқа жетер-жетпес уақытта құрықтады. Ол бұған дейін де ұрлық үшін сотталған 50 жастағы ер азамат болып шықты. Осылайша, Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері заманауи техникалық құралдар мен бейнебақылау жүйесі жұмыс жеделдігін арттыра түскеніне сенімді.

Сөйтіп бүгінгі таңда халық үшін полициямен әр түрлі байланыс арналары құрылған: дәстүрлі 102 нөміріне қоңырау шалудан бастап, «102» мобильді қосымшасында хабарлама жіберуге дейін. Бұл инновацияны енгізудегі мақсат та сол – кез-келген құқық бұзушылық пен оқиғаға жедел әрекет ету. Полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов мұндай құрылғылар қылмыстың ізін суытпай ашу және тәртіп бұзушыларды кідіріссіз ұстау мүмкіндігін арттырғанын атап өтті. Өйткені олардың бағытын құрылғыда орнатылған және жақын жерде орналасқан бейнекамералардың көмегімен бақылау оп-оңай. Айта кету керек, төтенше қоңырау түймелері, ең алдымен, заңсыз әрекет жасау қаупі жоғары және адамдар көп жиналатын жерлерде орналасқан. Петропавлда «SOS» түймелері орнатылған орындар:

— «Алтын арман» және «Евразия» базарларының жанындағы Евней Букетов скверінде;
— Ухабов пен Досмұхамбетов көшелерінің қиылысында («Береке» шағын ауданындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің маңында);
— Ж.Жабаев және Б.Петров көшелерінің қиылысында («Жас Өркен» шағын ауданындағы «Волна» дүкенінің жанында);
— Н.Назарбаев пен Строительная көшелерінің қиылысы («Северный» дүкенінің жанында);
— Қазақстан Конституциясы көшесі, 18 («Dostyq Mall» сауда-ойын-сауық орталығының маңында);
— Н.Назарбаев пен Абай көшелерінің қиылысы;
— Жұмысшы кентіндегі «Шелковый путь» базары.

Сондай-ақ полицияның дабыл тетіктері № 44, 17, 8, 4 орта мектептерде орнатылған. Әйтсе де, тәртіп сақшылары бұл түймелер еріккеннің ермегі емес екендігін ескертеді. Қалжыңдағысы келгендіктен «SOS» түймесін басқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мәселен, былтыр осы батырма арқылы полициямен хабарласып, қаланы жарып жіберем деп қорқытқан жалған лаңкес сазайын тартты. Бұрын бірнеше рет сотталған 44 жастағы ер адам Өскемен қаласының тұрғыны болып шықты. Өзінің бұл әрекетін ол мас болғандығымен және жеке өміріндегі қиындықтармен түсіндірмек болды. Полиция жалған терроризм актілері қаланың қалыпты тіршілігін бұзып, құқық қорғау органдары күштеріне зиян келтіретінін еске салады.

Роза Шәкенова,
Солтүстік Қазақстан облысы

Бүгін, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды
04 шiлде, 16:10
Түркістан: Мақсат – қылмыстың алдын алу
04 шiлде, 16:02
Түркістан: Сауран ауданында рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өтуде