Өскеменде бас дәрігердің сотына келген тілшілер залдан қуылды. Көктемде парамен ұсталған Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Вадим Овсянниковке қатысты процесс о баста ашық өтуі тиіс болған.
Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласын 4 жыл басқарған шенеунікке 20-дан астам аурухананың бас дәрігерлерінен ақша жинаған деген айып тағылып отыр. Пара көлемі 35 мыңнан басталып 600 мыңға дейін жеткен. Сондай-ақ Овсянников дәрі-дәрмекпен қамту бөлімінің жетекшісі Валерия Спиринамен бірігіп, нақты бір компаниялардың мүддесін де қорғапты. Соның кесірінен өңірде кейбір преператтар тапшылығы сезілген. Лауазымды қызметкерлердің ұсталуы ашық жарияланғанымен, соттың жабық жағдайда өтуі құқық қорғаушылар мен журналистердің түсініспеушілігін тудыруда.