Шымшаһарды әлемге танытқан «Қазына»

18 сәуiр, 13:21

Шырайлы қала Шымкентті әлемге танытып жүрген өнер биігіндегі «Қазына» би ансамблі биыл 35 жылдығын тойлайды. Бұл туралы Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының баспасө қызметі мәлімдеді.

Шымкенттегі «Қазына» би ансамблі 1986 жылы Әл-Фараби атындағы мәдениет институтының негізінде құрылған. Би тобының алғашқы жетекшісі – Сәуле Балбарақова, ал көркемдік жетекшісі – Қазақстан мәдениет қайраткері, марқұм Мұса Жарқынбеков болған.

Қазір ансамбльдің көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері — Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты Зәуре Бекембайқызы. Үздік би ансамблі республикалық қана емес, шетелдік талай додаларда жарқырап, әлемге еліміздің атын паш етіп жүр. Бас балетмейстер Зәуре Әжібекованың айтуынша бүгінгі іс-шара жыл бойы атап өтілетін мерейтойдың бастауы болмақ.

«Мерейтойды республика көлемінде және шетелдерде де өткізу жоспарымызда бар. «Қазына» би ансамблін қалыптастырудағы мамандардың үздік іс-тәжірибесімен бөлісу, жергілікті қолөнер мен ұлттық киім тігу шеберлерінің еңбегін көпшілік назарына ұсыну — біздің мақсатымыз. Шымкент қаласында би өнеріне қызыққан жас өрендерімізге арналған арнайы би мектебіміз бар», — дейді Зәуре Бекембайқызы.

«Қазына» би ансамблі 2019 жылдан бастап «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» мекемесінің құрамына кіріп, талай додаларға қатысып жүр.

Сондай-ақ өнерпаздар республикалық арналардың «Алтыбақан» сияқты түрлі телевизиялық бағдарламаларына қатысып, шығармашылық қолдау көрсетіп келеді. Ансамбль Түркияның «Bursa – 2023» халықаралық мәдени шарасында, Ташкентте өткен Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының гала-концертінде және алты елдің президенттері қатысқан Түркиядағы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да өнер көрсетіп, қазақтың би өнерін әлемге паш етті.

Шымкенттің атын шетелдік сахналарында танытып жүрген шығармашылық ұйымның бағындырар белесі әлі де көп екеніне сенім мол.

Биыл «Қазына» би ансамблінің құрылғанына 35 жыл толуын атап өту аясында ұжымның шығармашылық даму жолын айшықтау, би қойылымдарында тақырыпты ашу, сахналық бейнені қалыптастыруда кәсіби біліктіліктерін арттыру, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін би өнері арқылы қайта түлетуді көздейтін ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Мақпал Махамет

Суреттер: «Қазына» би ансамблінің жеке қорынан

30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды