Шымшаһардағы жайлы мектептер

30 қазан, 14:49

Биыл Республика күні қарсаңында еліміздің бірнеше өңірінде жаңа білім нысандары пайдалануға берілді. Олардың қатарында Шымкент қаласы да бар. Күздің шуақты күнінде Шымшаһарда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған екі мектеп есігін айқара ашты.

Қаладағы алғашқы екі жайлы мектептің техникалық ашылуына қатысқан шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков мектеп тапшылығы мәселесі ұзақ жылдар бойы өзекті болғанын атап өтті. Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінде апатты және үш ауысымды мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Шымкент қаласында ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр.

«Нұршуақ» шағын ауданындағы жаңа білім беру ғимараты 2000 орынға, ал Қарабастау тұрғын алабындағы мектеп 1200 орынға есептелген. Бұл мектептер орын тапшылығын азайтумен қоса, балалардың сапалы білім алып, жан-жақты жетілуіне жағдай жасайды.

Қос мектеп те жаңа модификация кабинеттерімен, STEM-зертханалармен, коворкинг, демалыс аймақтарымен, ойын және спорт алаңдарымен, асхана, кітапхана және хореографиялық залмен жабдықталған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін жеке блоктары бар заманауи мектептерде балалардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдайлар жасалған. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта қарастырылған, заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника сыныптарымен жабдықталған.

Оған қоса, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағына ерекше көңіл бөлінген. Мектеп ғимараттары террористік және басқа да қауіп-қатердің алдын алу үшін бейнебақылау және дыбыстық ескерту жүйелерімен, сондай-ақ есік пен блокты құлыптау функциясымен жабдықталған. Оқушылардың спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін бастауыш және жоғары сынып оқушыларына спорт залдары мен түрлі ойын алаңдары салынды. Әр мектепте өз кітапханасы, оқу залы, электронды кітапхана және әр қабатта коворкинг алаңдары бар. Оған қоса, хореографиялық және төрт спорт залы, демалыс аймақтары, воркаут және нетворкинг бар. Айта кетейік, бұл мектептерде оқушылар оқу жылының екінші тоқсанынан оқи бастайды.

Жайлы мектептердің ашылу салтанатында Ғабит Сыздықбеков мемлекеттік жобаларға қамқорлықпен қараудың маңызды екенін атап көрсетті. «Бұл мектептер біздің балаларымызға арнап мектеп қаржысына салынды, яғни осы игі іске бәріміздің үлес қостық. Өздерінің жарқын болашағына арналған мұндай жобаларға балалардың құрметпен қарау керектігін түсінгені маңызды», — деді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы бүкіл елді қамтиды. Оқу орындарының құрылысы мен жарақтандыру жағын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ға жүктелген.

Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева: «Біз сапалы білім алу мен шығармашылық даму үшін барлық жағдайды жасадық. Заманауи білім кеңістіктіктері өскелең ұрпаққа жаңа мүмкіндіктер сыйлайды», — дейді.

Жайлы мектептердің қаншалықты қолайлы екеніне ата-аналар мен оқушылар алдағы уақытта көз жеткізе жатар. Дегенмен заманауи құрал-жабдықтар мен қауіпсіздіктің ең биік стандартына қазірдің өзінде жоғары баға берілгені сөзсіз.

Шымкент қаласында жайлы мектептердің ашылуы жарқын болашаққа жетелейтін маңызды оқиғаға айналғаны анық. Әсіресе, Республика күніне орайластырылған бұл қадам өскелең ұрпаққа деген қамқорлық пен олардың жан-жақты дамуына жағдай жсау – күн тәртібіндегі маңызды мәселе екенін тағы бір паш еткендей.

Тағы да еске сала кетейік, Шымшаһарда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салу жоспарланған. Оның 12-сі биыл, қалған 6 мектеп 2025 жылы пайдалануға беріледі.

JQ-Aqparat
Суреттер: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс
30 қыркүйек, 19:47
Мал шаруашылығы – өрісті сала
30 қыркүйек, 16:35
Қазақстан - АҚШ: Инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттары