
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Шымкенттің даму перспективасын ескере отырып, жаңа бас жоспар бекітілмек. Шаһарда жылдың соңына дейін қала төңірегіндегі аудандардың тұрғындары ауызсумен және электр қуатымен толық қамтамасыз етіледі. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 25 мектеп салу жоспарланған. Сонымен қоса, Шымкент қаласында теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары қазір қарқынды жүргізіліп жатыр.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге нысанды аралап, құрылыстың барысын бағымдады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Шымкент қаласында халық санының жылдан-жылға артуы мен қалаға келетін туристердің көбеюі жұмыс жүктемесін арттырып қана қоймай, сервистік қызметті жақсартуды талап етуде. Тасымал қызыметінің күретамыры болған вокзалды қайта жаңғырту жобасына сәйкес, нысанның аумағы 2249,33 шаршы метрге ұлғайып, ғимараттың жолаушы өткізу қабілеті қазір сағатына 2 мың адамды құрайды.
Құрылысқа жауаптылар қайта құрудан кейін вокзал қызметі сағат сайын 6 мың адамға дейін қамти алатынын алға тартуда. Сондай-ақ жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай екі күту залы қарастырылған.
Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалады. Бұл құрылыс жұмыстары 5 кезең бойынша жүргізіледі екен. Қазір сәтте бірінші кезеңі, яғни ғимараттың екінші қабаттың демонтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Вокзал ғимараты республикалық маңызы бар қалаға сай қайта құрылып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Шымкент қаласының туристік және инвесторлық әлеутін арттыруға арналған құрылыс мұнымен шектелмеген. Шаһарда жеке инвесторлар жаңа жолаушылар терминалының құрылысын да жүргізуде. Терминалды құру жұмысына қазір 100-150-ге жуық құрылысшы тартылған. Бүгінгі таңда терминалдың шатыры толық жабылып, қасбеттік жүйелерін монтаждалып, желдеткіш жүйелері орнатылуда. Қазір богаждық жүйенің құрылғылары мен лифтілер, эскалаторлар орнатылып, инженерлік желілер құрылуда.
Жалпы жобаның орындалуы қазір 85% ға жетті. Әкімдік тарапынан инвесторды қолдау мақсатында әуежай алдындағы алаңдағы автотұрақты абаттандыру, жаңа терминалға апаратын кірме жол салу және жолаушылар терминалына инженерлік желілерді салу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда аэропортта жолаушы өткізу қабілеті сағатына 200 адам болса, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін сағатына 2 мың адамға артады. Жаңа терминалдың жалпы ауданы 35 мың шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, жобада озық талаптарға сәйкес 4 галерея қарастырылған. Өндірістік кестеге сәйкес жаңа терминал биыл қолданысқа беріледі.
Мерей Әлімбек