
Шаһарда микроклиматты жақсарту бойынша төрт кезеңнен тұратын ауқымды жұмыс жоспары жасалған. 5 маусым – қоршаған ортаны қорғау күні аясында аталмыш жоба бастау алып, қаладағы үш көшенің бойында орналасқан арықтарда су жүре бастады. Бұған қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы ұйымдастырған баспасөз турында көз жеткіздік. Басқарма басшысы Ержан Жақсылықұлы микроклимат, көгалдандыру, қала тазалығы мәселесіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
— Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні аясында микроклиматты жақсартуда үлкен бастаманы қолға алдық. Ішкі көшелердегі арықтарға су салу арқылы қала ішіндегі ауаның салқындауына қол жеткіземіз. Сондай-ақ, қураған шөптердің көгеріп жатқанын да байқауға болады. Бұл арқылы микроклимат жақсарып қана қоймай, ирригациялық арықтардағы мәселелер де шешіледі. Мамандардың бақылауымен жыл соңына дейін 13 көшенің бойымен су жүргізу жоспарланып отыр. Ал, БМК каналының құрылысы толық аяқталған уақытта қаладағы барлық көше бойындағы арықтармен су жүреді. Мұның жұмысы төрт кезеңге бөлініп жүзеге асады,–деді Е.Жақсылықұлы.
Қала аумағында жалпы ұзындығы 313,1 шақырымды құрайтын 34 канал бар. 2021-2022 жылдары 5 суармалы каналға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, осы жылы пайдалануға берілген болатын. Бұл каналдардың қайта жаңартылған бөлігі 41,8 шақырымды құрап, 2206 гектар жер мен оған жақын орналасқан 4170 учаскені сумен қамтамасыз етіп отыр. Ал, БМК және Сасық-1 каналдарын күрделі жөндеу жұмыстарының 1-кезеңі биыл басталды. Алғашқы кезеңнен соң, каналдардың жалпы ұзындығы 40,6 шақырым бөлігі пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ұзындығы 131 шақырымды құрайтын 17 ауыл шаруашылығы каналына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ қалада тұңғыш рет 300 мың тоннаға дейін тұрмыстық қалдық өңдеу зауыты салынбақ. Бұл жобаны іске асыру үшін шетелдік инвесторлар тартылған. Қазіргі таңда қала әкімдігі ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен келіссөздер жүргізуде. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және қала тазалығын жақсарту мақсатында мобильді қосымша дайындалады. Тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағдарламасын жасайтын «Ренесанс» ЖШС мамандары.
Дендросаябақ және Хан қорғаны маңындағы көгалдандыру жұмыстары да қарқынды түрде атқарылып келеді. Бір кездері қурап жататын «Хан қорғаны» төбесі бүгінде мавритандық көгалдармен жайқалып тұр. Айта кетейік, 2023 жылы 750 мың біржылдық гүл отырзылса, күзде 1миллион қызғалдақ егу жоспарлануда.
Мерей Әлімбек