
Үшінші мегаполисте тозығы жеткен 107 көпқабатты тұрғын үй түбегейлі жаңарады. Реновациялық бағдарлама инвесторлар арқылы азаматтық заңнамаға сәйкес тұрғындардың келісімімен жүзеге асырылады. Шаһарда жуырда реновациялауға жататын объектілер бойынша тұрғын үй иелеріне өтеудің тәртібі мен шарттары, сондай-ақ қаржыландыру мәселелері бойынша аудан әкімдіктерінің, тұрғын үй басқармасының, «Shymkent ӘКК» АҚ және инвесторлардың қатысуымен алғашқы қоғамдық тыңдау өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде 2029 жылға дейін 1500 тұрғын үйді бұзып, орнына жаңадан көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын жүргізу арқылы, үй иелерін жаңадан баспаналы ету жоспарланған.
Шымкент қаласында 2 311 көппәтерлі тұрғын үй болса, оның 70 пайыздан астамы кеңес заманында пайдалануға берілген. Тіпті, іргетасы 1950 жылы қаланған көпқабатты үйлер мен өндіріс орындарының жатақханаларын әлі күнге дейін тұрғындар паналап отыр. Тозығы жеткен үйлерге қаншама рет ағымдағы немесе күрделі жөндеу жүргізгенімен іргетасы отырып, қабырғасы сөгіліп, арасында құлауға шақ тұрғандары жетерлік. Бүгінде қалада осындай 107 көпқабатты үй бар екен. Биылдан бастап Шымкент қаласындағы «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мұндай үйлерге реновация жүргізу үшін инвесторларға жоба ұсынып отыр.
Жуырда Шымкент қаласының тұрғын үй қорын реновациялау және қайта жаңғырту (модернизация) бағдарламасы бойынша арнайы баспасөз-туры ұйымдастырылды. Жаңа бағдарлама тозығы жеткен ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынып отыр.
Қазіргі уақытта бұл мақсатта арнайы штаб құрылды. Биыл реновация бағдарламасы бойынша тұрғын үй иелері келісім берген жағдайда 6 тұрғын үйді бұзуға ұсынылу жоспарлануда. Тұрғындарға бағдарлама шарттары түсіндіріліп, тұрақты жұмыстар атқарылуда. Авариялық және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі.
Бағдарламаға қатысу үшін жеке инвесторлар тұрғын-жай меншік иелерінің келісімін алып, «Shymkent» ӘКК» АҚ-мен келісімшарт жасасады. Аталған мекеменің өкілі Бақтияр Шабданов инвесторға және тұрғындарға бағдарламаның шарттарын түсіндіріп берді.
Атап айтқанда, Елшібек батыр көшесі, 91 үйдің тұрғындары бағдарламаға қатысуға келісімін беріп отыр. Инвестор тозығы жеткен үйдің орнына 9 қабатты зәулім үй салуды жоспарлаған. Осы ретте акционерлік қоғам инвестордың ұсыныстарын қарап, құжаттарын зерделеуден өткізуде. Тиісті келісімдер жасалғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады.
Мерей Әлімбек