
Шымкент қаласында тұрғындарды жидек өнімдерімен қамтамасыз ету алқаптарда алғаш рет 0,5 га жерге жаңа әдіспен құлпынай өсіріле бастады. Онда ғылым мен техникалық жетістіктерді қолдану арқылы «Альба» және «Клири» сұрыптары егілген.
Инновациялық жоба шаруаларға қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мен кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен семинарда практикалық негізде көрсетілген еді. Бүгінге келіп шаруалар құлпынайдың жаңа түрін өсіруді жылдам меңгеріп, егіс алқаптарында өсіріп жатыр.
Құлпынай өндірісіндегі жаңа жобалар – үй іргелік жерлерді игеріп, қала халқының табысын арттыру және тұрғындарды құлпынай өнімімен қамту мақсатында қолға алынған.
Мамандар құлпынайды жылыжайда пластик пакеттерге отырғызу арқылы көп өнім алуға болатынын айтады. Құны бойынша да бұл технология әлдеқайда арзан екен. Құлпынайды өсіру үшін тамшылатып суару әдісі қолданылады.
Қазіргі уақытта құлпынай өнімдерінің 70-90% жеке қосалқы шаруашылықтарда егіледі. Алайда, олар заманауи технологияларды қолданбауынан өнімділік төмен және тек маусым аралық мерзімде ғана өсіреді. Негізінен Қазақстан бойынша құлпынай бизнесі дамымаған, нарықта көбінесе импорттық құлпынайлар сауда сөрелерінен табылады.
Мамандар бүгінде жидек дақылдарының, оның ішінде бақша құлпынайының ассортиментін кеңейту және өнімділігін арттыру проблемасы өте өткір екенін айтады. Сондықтан осы жобаны жүзеге асыру арқылы қала халқын отандық өніммен қамту мүмкіндігі артатынын жеткізді.
Жоба сәтті жүзеге асатын болса, осы технология қаланың басқа да фермерлік шаруашылықтарында енгізілетін болады.
Бүгінде Мұрат Әйтеновтың қаламызда ауыл шаруашылығы саласындағы (кластерлі) жобаларды дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Басқарма басшысы Абунасыр Жанбатыров Еңбекші ауданына барып, құлпынай және көкөніс өсіретін шаруалармен жиі кездесу өткізіп, ұсақ шаруалардың бір коопертив астына бірігудің тиімді жолдарын түсіндіруде.
Шаруалармен кездесу барысында басқарма басшысы қала аумағына қарасты Ленгер тас жолы жол жиегінде жыл сайын тікелей егістіктен алынған құлпынай және бау бақша өнімдерін сату мәселесін талқылады. Онымен қоса шаруаларды мемлекеттік қолдау құралдарына қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріге жұмыс жасау қажеттілігін түсіндіріп, өздерін қызықтырған салаға қатысты сұрақтарына жауап берді.
Мерей Әлімбек