
Шымкент қаласында халық санының демографиялық және көші-қонның есебінен өсуі әлеуметтік нысандардың қажеттілігіне әкеліп жатыр. Мәселен, 2018 жылы қала республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болған кезде ауыл шаруашылығы жерлері 64 мың гектар болған екен. Бүгінге келіп шаһар аумағында құрылыс жұмыстарының қарқыны осы жерлерді 26 гектарға азайтқан. Десе де, қала маңында дәнді-дақыл, майлы дақыл, мал азықтық дақылдар, көкөніс, жеміс-жидек және бақша өнімдерін өсіру бағыты кенжелеп қалған жоқ. Шымкенттің топырағы саздауыт болғанымен, күннің жылылығы саладағы тірлікті жандандыруға күш береді.
Соңғы жылдары күнгей шаһарда жылыжай шаруашылығына қызығушылық артып келеді. Қазіргі таңда, қала аумағында 209 гектар жылыжай кешені бар, оның 71 гектары өнеркәсіптік жылыжайларға тиесілі. Аталған жылыжай кешендерінен жылына шамамен 17 мың тоннадан астам қызанақ, қияр және тағы басқа да көкөніс түрлері өндіріліп, ішкі және сыртқы нарыққа саудаланып жатыр.
Кәсіпкерлердің бұл салаға қызығуына тағы бір себеп – мемлекеттің қолдауы. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде өнеркәсіптік жылыжай шығынының 25%-ы мемлекет тарапынан төленеді. Одан бөлек, төмен пайызды несиелеу бағдарламасы да кәсіпкерлерге қолдау болып отыр. Сондай-ақ, өсімдік шаруашылығын субсидиялау бағдарламасы шеңберінде сатып алынған тұқымдар мен тыңайтқыштарға жұмсалған шығынның 50-%-ына дейін мемлекет мемлекет тарапынан өтеу қарастырылған.
Шымкент қаласының ауылшаруашылық және ветеринариялық басқармасының дерегіне сүйенсек, 2023 жылы құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын 2 жылыжай («Отан агро» ЖШС, ЖК «Татьяна») кешендерінің жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Аталған жылыжай кешендерінен жылына 800 тонна құлпынай мен көкөністер өндіріліп, 30-дан астам адам жұмыспен қамтылатын болады.
Қазіргі уақытта құлпынай өнімдерінің 70-90% жеке қосалқы шаруашылықтарда егіледі. Алайда, олар заманауи технологияларды қолданбауынан өнімділік төмен және тек маусым аралық мерзімде ғана өсіреді. Негізінен Қазақстан бойынша құлпынай бизнесі дамымағандықтан нарықта көбінесе сауда сөрелерінен импорттық құлпынайлар жаулап тұр.
Мамандар бүгінде жидек дақылдарының, оның ішінде бақша құлпынайының ассортиментін кеңейту және өнімділігін арттыру проблемасы өте өткір екенін айтады. Сондықтан осы жобаны жүзеге асыру арқылы қала халқын отандық өніммен қамту мүмкіндігі артатынын жеткізді.
Мерей Әлімбек