
Мемлекет басшысы Қазақстан халықына Жолдауында республикалық маңызы бар қалаларда адам көп жүретін бағыттарды анықтап, автобустың жиі қатынауын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Алайда тұрғындар әлі де аялдамада жарты сағаттап тұруға мәжбүр, кейде жолаушылар автобусқа сыймай жатады. Мұндай мәселелер қоғамдық көліктердің жетіспеушілігі мен тозығы жеткен көліктердің жиі істен шығуы жағдайынан туындайды. Шымкент қаласында мұндай олқылықтың орнын толтыру үшін жыл сайын қоғамдық көліктер ескіден арылып, заманауи үлгідегі көліктермен жаңартылып отырады.
Шымкент қаласында қоғамдық көліктердің 90 пайызы жаңартылған. Бұл туралы Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Сәтіллаұлы брифинг барысында мәлімдеді. Бүгінде
Шымкент қаласында жалпы 10 автопарк қызмет көрсетеді. Онда 1000-ға жуық автобус тіркелген. Қазіргі таңда әлеуметтік мәні бар маршруттардың тізімімен 75 маршрут айқындалып, аталған бағыттағы автобустарға қала әкімдігі тарапынан субсидия төленеді. Қазіргі сәтте қаладан шалғай орналасқан барлық шағынаудандар мен тұрғын алабтарға қала орталығына қатынайтын қоғамдық көлікпен толық қамтылған. Қаланың тұрақты бағыттарында 600-ден астам көлік жанар-жағар май ретінде экологиялық таза газ-метанды пайдаланады. Шаһарда жолаушыларға қызмет көрсететін көліктерге газ отынын үздіксіз жеткізіп отыру үшін 2 газ станциясы қызмет көрсетіп жатыр. Ал үшінші станциясының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыру мен бақылау мақсатында «Диспетчерлік қызмет орталығы» КММ автоматтандырылған бағдарлама арқылы қалалық қоғамдық көліктердің қозғалысына үздіксіз мониторинг жүргізіп отырады. Егер де, жүргізушілер тарапынан бұзушылықтар немесе әдеттен тыс жағдай болу фактілері анықталса, жедел түрде тиісті шаралар қолданады.
Айта кетейік, осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді сызбасы бекітілген. Сызба негізінде қаралған бағыт желісіне сәйкес, 77 маршруттың жұмысы ұйымдастырылды. Күнделікті 10 көлік компаниясының 875 автобус бағытқа шығып, жолаушыларды тасымалдайды. Қаладағы қоғамдық көліктерді жаңарту мақсатында 2019 жылы 300 жаңа автобус, 2020 жылы 590 жаңа автобус сатып алынды. Қазіргі таңда пайдалану мерзімі 5 жылға дейінгі жаңа автобустар көрсеткші 90 пайызды құрайды.
Ал, биыл қала тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, тасымалдаушы мекемелерге ескірген автобустарды жаңалау бойынша талап қойылады. Осыған орай, 2023 жылы тасымалдаушы мекеме есебінен жаңа 20 автобус сатып алу жоспарда бар.
Мерей Әлімбек