
Биылғы жылы Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынан 123,4 миллиард теңгеге 156 нысан салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Сансызбайұлы ақпараттық – коммуникациялық орталығында өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, қазіргі таңда 74 жобаның құрылысы басталып, 5,8 млрд теңге игерілген. Жыл соңына дейін 94 нысанның құрылсын аяқтау жоспарланған. Басқарманың 1-тоқсанда атқарылған жұмыстарының қорытындысы бойынша 2 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылыпты. Қалған 13 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі болып отыр. Сондай-ақ, 2023 жылы қаладағы 3 төтенше жағдайлар нысанның құрылысы қарқынды жүргізіледі. Атап айтатын болсақ, ӘІО 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосы мен Түркістан көшесіндегі 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосы, Сайрам шағанауданындағы 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосына құрылыс жүргізіледі.
Шымсити шағын ауданында 2 саябақтың құрылысы басталса, Қазыбек би көшесі, 36 мекен-жайында орналасқан денсаулық сақтау нысанының құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Одан бөлек, биыл 7 білім нысанының құрылысы жүрігізілетін болады. Оның ішінде 6 нысан құрылысын жыл соңына аяқтау жоспарланған. Ал, Тұран шағын ауданындағы оқушылар сарайының құрылысы 2024 жылға өтпелі.
Басқарма басшысы биылғы жылы Конгресс-холл құрылысы мен 4 спорт нысанының құрылысын аяқтау жоспарланып жатқанын да тілге тиек етті. Оның ішінде «Метталург» стадионын реконструкциялау, №12 спорт мектебіне қосымша ғимарат салу, Бозарық шағын ауданындағы ауыр атлетика мектебінің құрылысы, Желтоқсан көшесіндегі медициналық колледждің спортзалын салу жұмыстары бар.
Айта кетейік, 2023 жылдың қорытындысымен 230,1 мың шаршы метр құрайтын 3072 пәтерлі 67 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Биылғы жылдың сәуір айында Тұран шағын ауданындағы 1 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып пайдалануға тапсырылды.
Мерей Әлімбек