
Бүгін Шымкентте қала күніне орай, С.Королева атындағы №45 мектеп-гимназияның қосымша корпусының ашылу салтанаты өтті. Үш жүз оқушыға арналған үш қабатты қосымша ғимараттың құрылысы былтыр басталған. Спорт залы, жаттықтырушы бөлмесі, психолог пен логопед кабинетімен қамтылған нысан заманауи құралдармен жабдықталған. Қала күнімен тұспа-тұс келген ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.
Жазғы демалыс кезінде мұндағы мектеп жанынан балалар лагері ұйымдастырылған. Мектептен тыс уақытын тиімді пайдалану үшін лагерьге келген оқушылар бұл күні өз өнерлерін көрсетіп, қылқалам туындыларын ұсынды. Сондай-ақ, ән мен күйден әсерлі, әдемі көңіл-күй сыйлады. Жаңа корпуста күзет бөлмесі, асханадан бөлек, информатика және АКТ, қазақ тілі мен әдебиеті, математика, тарих, география, ағылшын тілі, химия, физика, биология пәндеріне арналған кабинеттер мен STEM кабинет және дебат қозғалысына арналған кабинет бар. Мұнан бөлек физика, химия және биология зертханалары да қарастырылған. Ал мектеп-гимназияның ауласында балалар алаңы мен шағын футбол алаңы салынған. Осылайша қаламызда үш ауысымды мектептер мәселесі бірте-бірте биыл шешімін табатын болады.

Соңғы екі жылда мегаполисте жеке инвесторлар тарапынан жан басына қаржыландыру есебінен 50 мектеп салынды. Яғни, білім ордалары 21 300 орынмен толықты (2021ж-21, 2022ж-29 мектеп). Алдағы уақытта тағы да 25 мектеп салуға ұсыныс берілген. Нәтижесінде, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал, сынып толымдылығы жоғары мектептер мәселесі 2025 жылы шешіледі деп жоспарланып отыр. Айта кетейік,
Мемлекет басшысының тапсырмасымен алдағы үш жыл ішінде «Жайлы мектеп» жобасы аясында елімізде 504 мектеп салу жоспарланған. Олардың құрылысына 2,6 млрд теңге бөлінуі мүмкін. «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет» жобасында жазылған еді. Мектеп құрылысына бағытталатын қаржының 500 млн теңгесі келесі жылы бөленеді. Ал қалған 2 млрд теңгеден астам қаражат 2025 жылға дейін берілмек.
Айта кетейік, Шымкентте соңғы бес жылда 48 810 орындық 105 мектеп пайдалануға берілген. Оның ішінде, 80 пайызы жеке инвестор есебінен салынған.
Мерей Әлімбек