
Ел экономикасының дамуының негізгі факторы – инвестициялық белсенділік. Шымкент қаласы соңғы 30 жылда инвестициялық тартымды қалаға айналды. Статистикаға сүйенсек, тәуелсіздік алған жылдардан бері шаһарға 2,5 трлн. теңге инвестиция тартылса, шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы 2,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 17 жоба жүзеге асқан.
Шымкент еліміздің үшінші мегаорталығы ретінде халық санының демографиялық өсуі жағынан, инвестициялық динамикалық көрсеткіштері жағынан да белсенді дамып келе жатқан қала. Шымкент қаласының аумағында отандық өнім өрісі кеңейіп, құрылыс, түсті металлургия, фармакология, кондитерлік салаларда кәсіпорындар саны артып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту қарқын алды.
Сөзімізге дәлел ретінде Шымкент қаласында соңғы 3 жылда іске қосылған ірі жобалар жайлы мәлімет бермекпіз.
2020 жылы қуаттылығы 500 мың тонна металды өңдейтін «Sin Yuan Steel» металлургиялық зауыты салынды. Жоба құны 18 млрд. теңгені құрап, 150 жұмыс орны құрылды.
«NURTAU distribution company» — кондитерлік фабрика да 2020 жылы өз жұмысын бастаған. Жалпы құны 1,4 млрд. Теңге болған жоба арқылы 60 жұмыс орны ашылған. Бүгінге келіп өндіріс орны жылына 6 мың тонна кондитерлік өнімдер шығарады.
Дәл үш жыл алдын «Авелар Солар Технолоджи» — 20 мВт күн электр станциясының құрылысы бой көтерді. Жоба құны 6 млрд. теңге.
«Рахат-Шымкент» кондитерлік қантты печенье өндірісі де 2020 жылы ашылыпты, Бүгінде кәсіпорын жылына 3 мың тонна тәтті өнім өндіруде. Келесі кәсіпорын – «Shymkent Smelting» ЖШС. Қара қорғасынды қайта өңдейтін өндіріс орнында 100 жұмыс орны құрылыпты.
2021 жылға келіп «Шымкент химиялық компаниясы» І кезеңде метил-трет бутил эфирі мен полипропилен өндірісін қолға алды. Жоба құны 13 млрд. теңге. Қуаттылығы жылына 54 мың тонна өнім шығарады. Одан кейін, жеміс және көкөністі қайта өңдейтін «Алан и компания» ЖШС – жобасы да 2021 жылы іске қосылған.
2022 жылы Шымкент экономикасы үшін жемісті жыл деп айтуға болады. Өйткені 5 бірдей ірі кәсіпорынмен толыққан. Олар – жылына 500 млн. дана алюмин банкілерін өндеретін «QazAlPack», үй құрылысы комбинатын салатын «Dala Construction», түсті металл концентратын алу үшін қалдықтарды қайта өңдейтін қондырғыны салатын «Standard Steel KZ», шыны конструкцияларын өндіретін «Завод Авангард» және гигиеналық және дәрілік бұйымдар өндіретін «Dentafill Kazakhstan» компаниялары.
Ал биыл жыл басынан екі ірі кәсіпорынды қосу жоспары бар. Бірі «Shymkent Temir» ЖШС-де болат-блюм өндірісін кеңейту, екіншісі – сутегі асқын тотығын өндіретін «Hydrogen energy» кәсіпорны құрылады.
Мерей Әлімбек