
Тұрғындар саны жылдан-жылға артып келе жатқан еліміздің үшінші мегаполисін азық-түлікпен қамтамасыз ету бірінші кезекте тұрған мәселе. Қала тұрғындары көбіне іргелес аудандардан әкелінетін ағарғанды, көрші елмен шекаралас өңірлердің көкөнісі мен жеміс-жидегін, батысындағы аймақтың қымыранын, таудың қымызын тұтынады. Дегенмен қала аумағында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі де жыл сайын арта түсуде.
Шымкентте тұрғындарды сапалы табиғи өнімдермен қамтамасыз ететін шаруа қожалықтарының бірі — «Зертас» шаруа қожалығының тауарлы сүт фермасы бар. Аталмыш шаруашылық жұмысын 2019 жылы ең алдымен Австриядан 128 бас сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды (Симменталь) сиырларды әкеліп, бастаған.
Бүгінгі таңда шаруашылықта жалпы ірі қара мал басының саны 317-ге жетті. Оның ішінде сүтті бағыттағы сиырлардың саны 161 бас.
Қазір жалпы аумағы 2,2 гектарды құрайтын шаруа қожалылығында заманауи «Параллель» сауу қондырғысы, сүтті жинауға арналған салқындатқыш танкер секілді инновациялық теxнологиялармен бірге сиырларды тұрақты ұстау, асыл тұқымды бұзауларды өсіру аймақтары бар. Олар мал азығын дайындауға арналған арнайы құрылғылармен, ауыл шаруашылық техникаларымен қамтылған. Мұнда әр бастан тәулігіне орташа есеппен 22 литр сүт алынып, жылына өндірілетін сүттің көлемі 1000 тоннадан асып отыр.
Айта кетерлігі бұл жерде өндірілетін сиыр сүтіне және сатып алған жемдік азықтың құнына «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігі мен өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасымен былтыр 15,4 млн теңге субсидия бөлініп, мемлекеттік қолдау көрсетілген.
Ал, биыл шаруа қожалығы асыл тұқымды мал басын арттырмақшы, сөйтіп, 350 миллион теңге көлемінде инвестиция тартуды көздеп отыр.
Сондай-ақ Шымкентте ет өнімдеріне деген сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін қалыптастыру мақсатында 7 мал бордақылау алаңы ашылған. Мұнда жалпы 3 400 ірі қара бордақыланады. Бұл жобаларға 2,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 30 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл жеті айда 9,8 мың тонна ет өндірілсе, жыл соңына дейін 14,6 мың тоннаға жеткізу көзделуде. Жалпы Шымкент қаласында 7 айда ауыл шаруашылығының өнім көлемі 3 пайызға артып, 21,6 млрд теңге болып отыр.
Мерей Әлімбек