
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бүгін Шымкенттегі «Қасірет» мемориалында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шара өтті. Қаралы жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов, қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен депутаттар, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ескерткішке гүл шоқтарын қойған соң еске алуға арналған бір минут үнсіздік жарияланды. Марқұмдардың рухына арналып, Құран аяттары бағышталды. Одан кейін көпшілік арнайы қойылған инсталляцияны тамашалады.
– Бұл – қазақ тарихындағы қаралы күннің бірі. Солақай саясаттың кесірінен ұлтымыздың қаймағы мен қарапайым азаматтар жазықсыз жапа шекті. Енді олардың атын еске алып, жадымызда сақтау, құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың, біздің парызымыз, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Бабалар кешкен қайғылы сәттер театрландырылған көріністер арқылы көрсетіліп, сахналандырылған қойылым қойылды. Жиналғандар бабалар рухына құран бағыштап, өткен күнге салауат айтты.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бір жылдан бері саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарды ақтау жөніндегі комиссия жұмыс істеуде.
Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.

Тәуелсіздік жылдары аралығында 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды.
Тоқтар Жақаш