jasqazaq.kz

Шымкент: Қытай инвесторы жоғары технологиялық зауыт салуға дайын

16 мамыр 2024, 15:05

Еліміздің үшінші мегаполисі — инвестиция салуға ең қолайлы қала деп бұрыннан айтылады. Бұл жай айтыла салған сөз емес. Шымкентте экономиканың басым секторларына инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалған. Әсіресе, соңғы жылдары бизнесті жүргізу шығынын азайту, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру, салық және тарифтік саясаттың сапасын арттыру бағытында кешенді шаралар қолға алынып, іске асырылды. Бүгінгі күні Шымшаһарда жалпы ауданы 886 гектар болатын бес өндірістік алаң жұмыс істейді. Осы алаңдарда Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Еуропа, Орта Азия, Өзбекстан сияқты елдерден қазақстандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен 250 жоба жүзеге асып жатыр.

Дегенмен қала басшылығы «осындай жетістікке жеттік» деп отыра бергенді жөн көрмейді. Әлі де талай жобалар қолға алынатын түрі бар.

Өткенде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен Мурад Юстел бастаған «Aksa Energy» компаниясының өкілдерімен кездесіп, қуаты 500 МВт-қа дейін аралас циклды газ зауытын салу жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойған болатын. Бұл қондырғының құрылысы биыл басталады.

Қала әкімі жаңа жобаны енгізу қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізіп, қала бюджетіне қосымша кіріс әкелетінін атап өтті. Құны 700 миллион долларға жуықтайтын инвестициялық жобаны жүзеге асыру тұрғындарды сапалы электр және жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етуге бағытталады. Оның үстіне құрылыс кезінде 1000-нан астам жұмыс орны ашылады, ал іске қосылғаннан кейін 200-ден астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады.

Ғабит Сыздықбеков түрік компаниясына Шымкентке қызығушылық танытып, энергетикалық кешеннің дамуына тікелей инвестиция салғаны үшін алғысын білдірген. Сондай-ақ маңызды саладағы бірлескен жобаны тез арада жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Ал бүгін Шымкент әкімі Қытайдың «Beijing Hongfu Group» өнеркәсіптік холдингінің өкілдерімен кездесті. Кездесуде Аспан асты елінен келген инвесторлар шаһарда қайталама мұнай өнімдерін терең өңдеу арқылы каталитикалық крекинг қондырғысы бар ине кокс өндіретін жоғары технологиялық зауыт салуға ниет білдірді. Ұсынылып отырған тікелей инвестицияның жалпы көлемі — шамамен 200 миллион доллар.

Бұл инвестициялық жобаны жүзеге асыру 200 жаңа жұмыс орнын ашуға және қала түлектерін тиісті саласы бойынша жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жоба өңірдегі мұнай-химия өнімдерін терең өңдеудің өнеркәсіптік құрылымын жақсартуға бағытталып отыр.

Кездесуде Ғабит Сыздықбеков Қытай елінің компаниясына ықылас танытқаны үшін алғыс білдірді. Бірлескен жобаны жүзеге асыру барысында әкімшілік тараптан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

JQ-Aqparat

Суреттер: Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар алаңы

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде