jasqazaq.kz

Шымкент қаласында инклюзивті білім беру қалай дамып жатыр?

30 шiлде 2025, 12:21

Инклюзивтік білім беру барлық баланы, соның ішінде мүмкіндігі  шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу дегенді білдіреді. Біздің елімізде соңғы жылдары инклюзивті білім беруге айрықша мән беріле бастағаны белгілі.  Шымшаһарда бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Jas Qazaq сауалдарына Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнара Дарыбаева жауап берді.

— Шымкенттегі жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті білім беру қалай жүзеге асып жатыр?

— Бүгінде жалпы білім беретін мектептерде де инклюзивті білім беру кеңінен енгізіліп жатыр. №12, 19, 24, 37, 58 және 132 мектептерінде инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері ашылып, толық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл кабинеттерде логопедтер, дефектологтар, педагог-психологтар және ассистент-педагогтер жұмыс істейді.
Ерекше балалардың мектеп ішінде еркін қозғалуын қамтамасыз ету үшін санитарлық тораптар, пандустар, тактильді жолақтар, кең есік ойықтары орнатылып, ғимараттар бейімделуде.

– Инклюзивті сыныптарда сабақ беретін мұғалімдер арнайы даярлықтан өте ме?
– Иә, педагогтердің біліктілігін арттыру – біз үшін маңызды. Соңғы үш жылда (2023–2025 жж.) 845 мұғалім арнайы және инклюзивті білім беру бойынша курстардан өтті. 2025 жылдың өзінде 300 педагог қайта даярлықтан өтті. Олардың басым бөлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы мен Ұлттық ғылыми-практикалық орталық арқылы оқытылды. Курстарда ерекше балалармен тиімді жұмыс жасау әдістері, жеке оқу бағдарламасын әзірлеу, инклюзивті орта қалыптастыру тақырыптары қамтылды.

– Қалада арнайы педагогикалық мамандар жеткілікті ме?
– Бұл салада кадр тапшылығы бар. Қазіргі таңда Шымкент қаласында инклюзивті білім беру бойынша 747 арнайы маман жұмыс істейді:
* Дефектолог – 203
* Логопед – 306
* Сурдопедагог – 26
* Тифлопедагог – 11
* Олигофренопедагог – 4
* Педагог-ассистент – 197

Алайда бұл жеткіліксіз. Әсіресе, олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог сынды арнайы салаларда білікті мамандар тапшы. Бүгінде бұл мәселені шешу үшін педагогикалық ЖОО-лармен және колледждермен ынтымақтастық орнатылып жатыр.

– Үйде оқыту немесе жеке оқу бағдарламасы қалай ұйымдастырылады?
– ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы №ҚР ДСМ-34 бұйрығына сәйкес, медициналық қорытынды негізінде мектепке бара алмайтын балалар үйде білім алады. Оқу процесі баланың психофизикалық жағдайына сай бейімделген бағдарламалар бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар, стационарлық ем қабылдап жүрген балаларға да білім беру жалғасады. Бұл оқушылар үшін жеке оқу кестесі әзірленеді.

Олжас Әбдіхалық

Сурет: gov.kz

 

 

 

16 шiлде, 15:27
Ержан Жаров: Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – жаңа заңның басты мақсаты
15 шiлде, 14:24
Қазақстан Қарулы Күштерінде цифрлық технологияны енгізу басым бағытқа айналды
14 шiлде, 17:15
Ғиззат Байтұрсынов: «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы цифрлық мемлекет құруға бағытталған
14 шiлде, 13:36
Иран Шархан: Мақсат –шикізатпен шектелмей, дайын өнім шығаратын өндірістік модельге көшу
13 шiлде, 15:45
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту – өңір дамуының маңызды бағыты
12 шiлде, 13:59
Негізгі мақсат – өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын күшейту
12 шiлде, 13:05
Нақты сектор: Карбамид өзімізде өндіріледі
11 шiлде, 14:51
NATO 3.0: Әскери өнеркәсіпке басымдық
11 шiлде, 14:15
Тұрсынғали Жәкенов: LRT арқылы 1 миллионнан астам жолаушы тасымалданды