
Шымкентте алдағы уақытта қағаз өнімдерін шығаратын зауыт салынатын болады. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Түркия инвесторларымен кездесті. «Işıklar Paper Sack Co. Ltd.» компаниясының өкілдері қалада қағаз шығаратын зауыт ашуды жоспарлауда.
Кездесу барысында тараптар жобаны жан-жақты талқылап, ұсыныстарын жеткізді.
Шетелдік холдинг бағыты қағаз ыдыстарын өндірумен қатар бірнеше желіні қамтиды. Машина паркінің жалпы қуаты жылына 380 миллионнан астам қағаз қаптар шығаруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда холдинг өнімдерінің 42%-ы 50-ден астам елге экспортталады.
Мұрат Дүйсенбекұлы инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жобаны іске асыруға «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан жер бөлу жоспарлануда.
Айта кетсек, былтыр «Оңтүстік» индустриалды аймағында 89,6 млрд. теңге инвестиция тартыла отырып 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орны бар 94 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 75 жоба іске қосылып, онда 4,5 мыңға жуық жұмыс орындары ашылған.
Көлік логистикалық аймағында 530 жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 7 жоба жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа 32,5 млрд. теңге инвестиция тартылады. Бүгінде соның ішінде 15,9 млрд. теңгелік 3 жоба іске қосылып, әзірге 225 жұмыс орны құрылыпты.
Басқарманың мәліметтері бойынша, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық портфелінде жалпы құны 126,4 млрд. теңге болатын 53 жоба бар екен. Олар толық іске асқан кезде аймақта еңбек ететін адамдардың саны 4 мыңнан асады. Ал, әзірге бұл арнайы экономикалық аймақта жалпы инвестиция көлемі 54,9 млрд. теңге болатын 30 жоба іске асырылған. Нәтижесінде 2400 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.Айта кетейік, жоғарыда аталған жобаларға тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізу, проблемалық мәселелерін шешу бойынша, қаланың жалпы инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы инвестициялар тарту мәселелері жөніндегі штаб жұмыс істеп тұр.
Штабтың негізгі қызметі – инвесторларды мемлекеттік қолдау арқылы ынталандыру, қала аумағында жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын кеңейту мен жаңарту, жаңа өндіріс алаңдарын құру, инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы проблемалық мәселелерді шешуді жеделдету. Тұрақты түрде әр апта сайын өткізілетін штаб отырысында инвестициялық жоба бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынып отырады.
Қорыта айтқанда, инвестиция – игіліктің бастауы десек, Шымкент қаласында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін атқарылып жатқан жұмыстың ауқымы, міне, осындай. Инвестицияның көбеюі қала экономикасының дамуына, ал, бұл өз кезегінде, халықтың әл-ауқатының жақсаруына жол ашады.
Мерей Әлімбек