Шымкент қаласындағы медицина саласының жоғары деңгейі өзімізде ғана емес, шетелге де танымал екенін бұрын да жазғанбыз. Еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ алыс-жақын шетелден сырқатына ем іздеп үшінші мегаполиске келетіндер көп. Себебі мұнда сөздің шын мағынасында өлгенді тірілтіп алатын дәрігерлер баршылық. Жуырда болған мына бір оқиға осыны растай түскендей. Осыдан бір ай бұрын шамасында Шымшаһардың ақ халатты абзал жандары тағы бір жанның өмірін сақтап қалды.
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 тамызда қаланың 60 жастағы ер кісі таңғы сағат төртте № 1 қалалық клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне жедел жәрдем бригадасымен ауыр жағдайда түскен. Науқас жағдайының ауырлығына байланысты дәрігерлер оны реанимациялық залға кіргізіп, шұғыл көмек көрсеткен. Пациентте тамыр соғысы анықталмай, есінен танып жатқанына қоса, тіпті жүрек соғысы болмаған.
Медицина қызметкерлері жедел түрде реанимациялық шараларды бастап, қатарласа анализ алынып, УДЗ түсірілген.
Жүрек соғысы қалпына келтірілген науқасқа хирургтар мен анестезиологтар шешіміммен жедел түрде ота жасалған. Ота кезінде іш қуысына 4000 миллилитрге дейін қан болған. Ота жасап жатқан кезде оның жүрегі тағы бір рет тоқтап қалады. Дәрігерлер оны қайтадан қалпына қайта келтіру мен қан құю процесін қатар жүргізеді. Оған қоса, операция жасап жатқанда науқастың бауыры мен асқазаны арасындағы байлам жыртылғаны анықталады. Ол хирургиялық жолмен байланады.
Осылайша, дәрігерлердің арқасында ота сәтті өткен. Екі күн өткеннен кейін науқасты жан сақтау бөлімінен хирургия бөлімшесіне ауыстырған.
Осындай ауыр отадан кейін науқас жылдам айыққан көрінеді.
Бұдан кейіен бір ай бойы ауруханада дәрігерлері ер адамның денсаулығын күндіз-түні қадағалап, ұдайы тексеруден өткізеді. Жағдайына қарай емдеу шараларын да өзгертіп отырған. Дәрігерлер науқас сырқатынан әбден айығып, аяғынан тік тұрған соң ғана үйіне жіберді.
Ауруханаға өлмелі халде жеткізілген науқас бір айдан соң құлан-таза жазылып, емдек мекемесінің есігінен өз аяғымен шықты. Қазір ол қалыпты тірлік кешіп жатқан көрінеді.
Бұл оқиға Шымкент қаласындағы медицина саласының шетелден кем түспейтінін тағы бір дәлелдеп берді. №1 аурухана қызметкерлерінің жұмылып, кәсіби әрекет етуінің арқасында жүрегі тоқтап қалған азамат жарық дүниеге оралды.
JQ-Aqparat
Сурет: Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы