
Шри-Ланка полициясы қаңтар айының соңында ел президенті Майтрипала Сирисен қайтыс болады деп болжаған астрологты тұтқындады-деп хабарлайды reactor.inform.kz.
Шри-Ланка президентінің ажалын болжаған астролог тұтқындалды — Фото
Виджитха Рохана Виджемуни әлеуметтік желілерде Сирисеннің 27-қаңтарда жазатайым оқиғадан немесе дерттен көз жұматыны туралы видео жариялаған.
Алайда президент дін аман болғандықтан ол болжамын қазанға ауыстырған.
Астрологтың бұл қылығы шенеуніктердің шамына тисе керек, олар оның төңкеріс немесе президентке қастандық ұйымдастыруы мүмкін деген күдікпен полицияға жүгінген. Полиция астрологтың президентке тіл тигізгенін тұжырып, тұтқынға алған.
52 жастағы Виджемуни бұрын әскери теңіз флотында қызмет еткен. Қазір белгілі астролог. 1987 жылы Үндістанның премьер-министрі Раджив Гандиге қастандық жасамақ болғаны үшін үш жылға жуық абақтыға жабылған.
Бостандыққа шыққаннан кейін саясатқа араласып, Шри-Ланка парламентіне сайлауға түсіп, кейін астролог жұмысын қолға алған.
Шри-Ланканың көптеген тұрғындары оның астрологиялық болжамдарын бақылап, қашан үйлену, үй салу, маңызды құжатқа қол қою сынды шарушаларын сол болжамның негізінде шешеді.