Рио Олимпиадасының сегізінші жарыс күні аяқталды. Қазақстан құрамасы бұл күні спорттың 6 түрінен бақ сынады. Боксшы Жәнібек Әлімханұлы (75) байрақты бәсекенің ширек финалына өтсе, ауыр атлет Денис Уланов жүлделі орыннан көрінуіне сәл ғана сәттілік жетпеді. Ал әйелдер арасында академиялық ескек есуден сынға түскен Светлана Германович 8:38,25 уақытпен өз тобында екінші болды. Ал қалған спортшыларымыз сайыс жолынан шығып қалды. Осылайша, бұл күні қазақ елінің қоржынына жүлде түскен жоқ. Нәтижесінде, Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 12-орыннан 14-орынға сырғыды, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Сонымен ХХХІ Олимпиада ойындарының академиялық ескек есу жеке сайысының Е финалында Светлана Германович 8:38,25 уақытпен өз тобында екінші болып келді. Ол мәре сызығына қытайлық тайбэй ескек есушісі Хуан Итиннен төрт секундқа кешігіп жетті. Жерлесіміздің ақтық сайысқа шыққан-шықпағандығы бүгін анықталмақ. Себебі, осы күні A, B, C, D финалы өтеді. Қай спортшы жақсы нәтиже көрсетсе, сол финалға жолдама алады.
Ал осы сайыс түрінен ерлер арасында сынға түскен ескес есуші Владислав Яковлев F финалында 7:21,61 нәтижемен 31-орынға тұрақтап, жарыстан шығып қалды.

Сонымен қатар байрақты бәсекеде 50 метрден винтовкамен жатып ату сайысында Юрий Юрков финалға шыға алмады. Бұл сайыста жерлесіміз 621, 4 ұпаймен 25-орынға тұрақтады. Осылайша, Юрий Юрков жарысты жалғастыруға мүмкіндік беретін үздік сегіздікке кірген жоқ.
Ал осы жарыста ресейлік Сергей Каменский 629,0 ұпай жинап, іріктеу кезеңінің рекордын жаңартты. Енді ресейлік мерген келесі кезеңде жүлделі орын үшін бақ сынайды.
Төржылдықтың басты додасында диск лақтырудан А тобында сынға түскен қазақстандық Евгений Лабутов сайысты ерте аяқтады.
Ал жерлесіміз берілген мүмкіндіктерінің ішінде дискіні 55,54 метрге лақтырып, өз тобында 15-орынға ие болды. Алайда, ақтық сайысқа өту үшін қазақстандық спортшы дискіні 65 метр 50 см-ден асыруы қажет болған. Өкінішке қарай, Евгений бұл межені бағындыра алмады. Осылайша, жеңіл атлетіміз жарыс жолынан шығып қалды.

Осы күні сынға түскен тәжірибелі жеңіл атлетіміз Георгий Шейко да жүлделі орыннан көріне алмады. Ол 20 шақырым қашықтықта спорттық жүрістен өткен сайыста 1:23:31 уақытпен 34-орынды иеленді. Ал жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен келген 74 жеңіл атлет қатысты.
Бұл сайыста алтын жүлде қытайлық Ван Чжэньге бұйырса, күміс жүлдені оның жерлесі Цай Цзылинь алды. Қола жүлде австралиялық Дэйн Бёрд-Смиттің еншісінде.
Рио Олимпиадасының сегізінші күні де боксшыларымыз үшін сәтті болды.
Шаршы алаңға шыққан 75 келіге дейінгі салмақтағы Жәнібек Әлімханұлы Алжир боксшысы Ильяс Аббадиді айқын басымдықпен ұтты.
Жерлесіміз бірінші раудтан-ақ жарыс тізгінін өз қолына алды. Екінші раундта Жәнібек қарсыласын жойқын соққылардың астына алып, сауатты қорғана білді. Ал үшінші раундта да қазақ спортшысы ширақ қимылдап, басымдықты қолдан берген жоқ. Төрешілер де үш раунд бойы қазақ боксшысының қарсыласынан үстем болғанын мойындап, 3:0 (30:27, 30:27, 30:27) есебін тіркеді.

Енді қазақ боксшысы Ақтөбеде туған әзірбайжандық Камран Шахсурвалымен қолғап түйістіреді.
Қос қарсылас 15 тамыз күні сағат 22:00-де шаршы алаңда кездеседі.
Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан 85 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Денис Улановқа сәттілік жетіспеді.
Жұлқа көтеру жаттығуын Денис 175 келіні бағындырып, кезеңді төртінші орынмен аяқтады.
Ал серпе көтеруде бірінші және екінші мүмкіндігінде 215 келілік зілтемірді көтере алмады. Соңғы мүмкіндігінде ғана жерлесіміз сол салмақты бағындырды. Денистің Рио Олимпиадасында жүлделі орыннан көрінуге мүмкіндігі болды. Сайыс қорытындысы бойынша үшінші орында тұрған алған жерлесіміз жалпы есепте 390 келіні бағындырған. Мұндай салмақты Румыния елінен келген зілтемірші Габриэль Синкраян да көтерді. Алайда, Улановтың жеке салмағы Габриэль Синкраянның салмағынан ауырлау болғандықтан, қола жүлде оған берілді. Қазақ спортшысына сәл ғана сәттілік жетіспеді.+
Қос жаттығудың қорытындысы бойынша алтын жүлдені сайыста әлем рекордын жаңартқан ирандық Киануш Ростами (396 келі) алса, күміс жүлде Олимпиада рекордын орнатқан қытайлық Тянь Таоға (395 келі) бұйырды
Ал Астана уақытымен таңғы 7:40-та басталған 100 метрге жүгіру сайысында 3 қазақстандық спортшы бақ сынады. Алайда, біздің жеңіл атлеттер сайыстың жартылай финалына шыға алмады.
Төртжылдықтың басты додасына 28 спорт түрінен 206 мемлекет пен босқындар командаларынан 10 мыңнан астам спортшы қатысып жатыр.
Байрақты бәсекеде 306 медаль жиынтығы сарапқа салынып жатыр.
XХXI жазғы Олимпиада ойындары 21 тамызға дейін жалғасады.