
Шекара маңындағы ауылдардың қаңырап қалуынан мектептер жаппай жабылып жатыр. Білім және ғылым министрлігінің өзі таратқан мәліметке сәйкес, жыл сайын елдегі 100 мектептің есігіне құлып салынады екен. Кешегі мәжілістегі пленарлық отырыста депутаттар шет аймақтағы осындай мектептердің ахуалына алаңдайтындықтарын білдірді. Сондай-ақ министр Ерлан Сағадиевке сауалды үйген депутаттар «үш тілді оқыту жүйесін» қадағалаушы комиссияның құрамын дұрыстап бекітуді тапсырды. Бұл туралы 31 телеарна хабарлады
Ал қазір ауылдың жаппай қалаға көшуі салдарынан орта мектептердің жабылуы жиілеген. Министрліктің өзі жыл сайын 100 оқу ордасы қаңырап қалатынын айтты. Ал шекара маңындағы мектептер тіпті рекордтық көрсеткішпен жабылып жатқан көрінеді.
БЕРІК ДҮЙСЕНБИНОВ, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
— Егер жыл сайын шекара аумағында 5-6 мектептен жабыла берсе, 10-20 жылдан кейін ауылда не қалатынын есептей беріңіздер. Шаңырағы сөнгені. Шенеуніктерге мектептің жабылуы цифр болса, бізге бұл ауылдың тағдыры.
Сәйкесінше шекара маңындағы ауылдар бос қалуда. Өткен жылдың өзінде шығыс шектен 85 мың адам көшіп кеткен. 80-нен астам ауыл картадан жойылды.