jasqazaq.kz

Шашына ақ түспеген 100 жастағы әже (фото)

23 наурыз 2017, 14:01

100-ші көктемін қарсы алып отырған оңтүстікқазақстандық әжей өмірден үйреніп, түйгені мен ұзақ жасаудың сырларымен бөлісті.

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында тұратын Қалдыгүл Асанова 1917 жылдың 22 наурызында Өзбекстанның Ташкент облысында дүниеге келген. Небәрі 4 кластық білім алған Қалдыгүл Асанова 15 жасынан бастап еңбекке араласты. Қарапайым ғана колхоз жұмысшы болып, тәулігіне 30-40 гектар мақта жерін суғарып, кейде 150 келіге дейін мақта терген сәттері болыпты.

«Кезінде канал қазып, жертөледе жатқан кездеріміз болды. Қазылған жердің топырағын иығымызға салып, тасыдық. Соғыс уақыты ғой, сондай қиын сәттер өтті бастан. Тек ауыр жұмыстар жасадым. Сырт көзге әлсіз болып көрінсем керек, қап-қап мақта терген мені көргендер «Бақытты бол» деп жататын. Бір күні нағашым үйге келіп, анама мені «соғысқа кетіп қалмай тұрғанда ұзатып жібер» деді. Анамның мені қимағанына қарамастан атқа салып, осы үйге алып келді. Ол кезде 20 жаста едім», — деді әжей.

«Осы шаңырақта балаларды дүниеге келді. Ұлдарым өмірге соғыс біткен соң келді ғой, бейбіт күнді аңсағандықтан үлкен ұлыма ырымдап «Бейбіт» деген есім бердік. Кейінгілері «Сұңқар», «Сұлтан»… Қазір жас келгендіктен кейбірінің тіпті есімдерін де ұмытып қаламын ғой, шырағым» дейді әжей.

Кейуана жолдасы Мошқал Асанов екеуі 9 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ғасыр жасаған әжей 48 немере, 130 шөбере мен 41 шөпшектің қызығын көріп отыр. Өкініштісі, бұл қуанышты өмірлік қосағасы көре алмай кетті. 1968 жылы өмірден озған қарияның жоқтығын білдірмей, ұл-қызды тәрбиелеу кейуананың мойнына жүктелді. Қатарынан қалдырмай бағып-қаққан перзенттері бүгінде үйлі болып, немере мен шөбере сүйіп отырған жандар. Шаңырақтың тұңғышы 72 жаста, ал келіндердің үлкені 70-те. Бір қызығы, кейуананың немере мен шөбере сүйіп, «асыл әже» атанып отырған келіндері әлі күнге дейін енелеріне иіліп сәлем салады. Келіндері туралы әжей тек мақтау сөздерін айтты.

«Бес келінім бар. Менің келіндерім алтынмен тең. Мендегі келіндей ешкімде жоқ. Оларды дүниеге әкеліп, тәлімді тәрбие берген құда-құдағиларымның екі дүниеде де жатқан жерлері жәннат болсын деймін», — деді ғасыр куәсі.

Қазіргі таңда кейуана қара шаңырақта төртінші келінімен бірге тұрады. Әжейдің күтімі немере келінінің мойнында. 30 жастағы немере келіні Айгүл Асанова қарт әжей әлі күнге дейін немере-шөберелерінің, шөпшектерінің тәрбиесіне бақылауда ұстап отыратынын алға тартты. Әсіресе білім алуын жіті қадағалап отырады екен.

«Бұл кісі менің енемнің енесі ғой. Апа әлі күнге дейін әріпті біледі. Шөбере-шөпшектеріне әріп үйретіп отырады. Сабағын бақылап отырады. Кейде бесік тербетіп, маған қолғабыс та жасайды. Тағы бір айта кететіні, туыс-жекжатпен араласып тұрыңдар деп үнемі айтады. Қазір жиындарға өзі көп бара бермесе де, бізді қалдырмайды. Ол кезде үйде өзі балаларға қарап отырады», — деді немере келіні.

Әжейдің үлкен келіні Анар Мошқалова 70 жаста. Енесінің ұзақ жасаудағы құпиясын дұрыс тамақтанумен байланыстырды. Айтуынша, қарт әжей тауық еті мен жұмыртқаны мүлдем жемейді. Картоп, орамжапырақты ұнатпайды. Майлы тамақтан бас тартқан. Бір қызығы, ғасыр жасаған кейуананың шашы табиғи қара, яғни, әлі күнге дейін түгелдей ағара қоймаған. Әжейдің өзі кейде мұнысынан қысылады да екен. Үлкен келіні Анар Мошқалова шаштың табиғи түсін сақтап қалуына әжейдің сусабынды мүлдем қолданбауынан дейді. Әжей шашын әлі күнге дейін айранмен жуады. Тағы бір атап өтерлігі, ғасыр куәсі әлі де ширақ. Құрақ тігіп, үйдің шаруасына өзі араласады.

Сұхбат соңында ғасыр жасаған тұрғын ең кіші шөпшегінің қолынан май жалап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа өзі секілді 100 жастың куәсі болуын тілеп, ақ батасын жаудырды.

 

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде