Ресейде төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері тайгада адасып кеткен үш жасар баланы құтқарып қалды.
31 арнасы хабарлағандай, Тува республикасы Хут ауылында тұратын Церин есімді балақай үш күнін тайгада өткізген. Итпен ойнап жүрген ол әжесінен қашып адасып кеткен. Ну орман ішін тінтіп шығуға құтқарушылар мен полицейлердің барлық күші жұмылдырылған.
Бала іздеу операциясына қатысқан өз ағасының дауысын танып қалған. Оны тікұшақпен жедел түрде медициналық мекемеге жеткізеді. Мамандар бала қорықпағандықтан, аман қалды дейді. Орман ішіне кіріп кеткен ол қалтасындағы шоколадты талғажау етіп, талдың түбінде ұйықтаған.
“Баланы табу үшін 100 адам, 12 техника бірлігі, бір тікұшақ жұмылдырылды. Бақытқа орай балақай аман-есен табылды. Ол өзі тұратын елді мекеннен 3 шақырымға дейін ұзап кетіпті”, – дейді Тува Республикасы ТЖМ басшысының орынбасары Владимир Соднам.