
Желіде қызу талқыланған «үш бидің төбесіне шығу» оқиғасы Қазақстанда емес, Қытайдың Ақсай автономиялы ауданында болған. Бұл туралы әлеуметтік желіге сілтеме жасап хабарлайды.
Жақын күндері әлеуметтік желіде қазақтың үш биіне қойылған ескерткішінің үстіне шығып, суретке түскен азаматтың суреті жарияланғаны белгілі. Бұл оқиға желіде қызу талқыланып, көпшілік наразылығын білдірген болатын. Осы әрекетті халықтың тарихи-мәдени құндылығын қорлау деп бағалаған жұртшылық, әлгі азаматты тауып, заң жүзінде жауапкершілікке тарту мәселесін көтерген еді.
Алайда, оқиғаның Қазақстанда емес, Қытай елінде болғаны хабарлануда. Бұл туралы Фейсбукте Жарқынбек Жұмәділ атты қолданушы мәлімдеді.
«Кей істерді нақты біліп алмай топ ортаға таратып орынсыз шулатудың қажеті шамалы. Ол Қазақстанда болған оқиға емес. Қытайдың Ақсай қазақ автономиялы ауданында болған», — деп жазды ол.
baq.kz хабарлағандай, қолданушының айтуынша, кейін ол азамат осы қылығы үшін халықтан кешірім сұраған көрінеді.