jasqazaq.kz

Серкан Хастүрк: «Сайттар газеттің орнын баса алмайды»

16 қантар 2017, 23:53

Назарларыңызға  Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN»  қоғамдық-саяси газетінің  Бас директоры Серкан Хастүркпен болған сұхбатты ұсынып отырмыз.

– Серкан сіз, талай  жылғы өміріңізді ұстаздық жолына арнап, Тараз қаласындағы қазақ-түрік ұлдар лицейін басқардыңыз. Бертін келе халықаралық   «Қазақстан ZAMAN» газетінің тізгінін қолыңызға алып, журналистика саласына бет бұрдыңыз. Айтыңызшы, тіл маманы, газет басшысы ретінде  бүгінгі журналистикаға қандай баға берер едіңіз? Оның ішінде халықаралық журналистиканың еліміздегі деңгейі  қандай деп ойлайсыз?

Бұрын журналист тек мәтін жазумен ғана шектелетін. Газет журналисті болсын, телеарна журналисті  болсын. Яғни, тілші материалын дайындап береді де, редакторға табыстайтын. Басқа жұмыспен  фототілшісі, камера, монтаж жасайтын арнайы мамандар  айналысатын. Тіпті, мақаланың ғаламторға  шығар-шықпайтыны оны қызықтырмайтын. Әйтеуір, газетке, телеарнаға шықса болды деп жүре беретін. Осы  қазақ журналистикасының  қалыптасқан  мектебі  еді. Ол мектептен қаншама тұлғалар шықты. Былайша айтқанда, журналистке міндеттелер  жұмыс  аз болса да, газеттің   деңгейі жоғары болды.  Ал, қазіргі кезде оқырман тек мәтін оқып қоймайды. Оған аудиожазба, бейнематериал, фоторепортаждар қажет. Оны жасайтын тек бір ғана журналист. Оның жанында, жоғарыда айтқандай, фототілшісі, камерасы, монтаж жасайтын мамандары  бола бермейді. Осылайша бүгінгі   журналист контент өндіруші негізгі күшке айналды. Жалғыз өзі  жедел түрде бірнеше адамның қызметін  атқарады.

Жалпы, интернет журналистикасы бүгінгі баспа өміріне   қосылғалы журналистика түп тамырымен өзгерді. Бұрынғы даму барысы бәсеңдеді.  Жаңа медиа пайда болды. Ал, жаңа медианың талаптарын орындай алатын мамандар  қазір жоқтың қасы.  Әлі күнге дейін мықты медиа менеджерлерге сұраныстың жоғары екені сезіледі. Сондықтан, заманға сай журналистерді дайындап шығаруға жоғары оқу орындары  көңіл аудару керек деп ойлаймын. Бізге қазір мультимедиалық журналистика, интернет журналистиканы, инфографиканың қыр-сырын меңгерген мамандар жетіспейді. Осындай кезде,  дәстүрлі журналистиканы сағынасың.  Бұрынғы журналистер  қазіргідей «Оқырманға сол қызық» деп бір әншінің ішіп-жегенінен контент жасаумен шектелген жоқ. Менің кейбір әріптестерім былай дейді: «Ақпарат сайттарының деңгейін тексеріп көргің келсе, бір аптаға әлеуметтік желілерді жауып таста» – деп. Осының өзі біраз мәселенің шетін шығарып тұр.

Ал, халықаралық журналистикаға келер болсақ, бізде халықаралық мәселелерде  тек ақпарат беру басым: «болды, кетті, өтті». Бүгінгі интернет журналистикадан да соны көруге болады. Сараптамалық материалдар аз. Көп жағдайда журналистерге «Өзге елдің ішкі мәселесіне неге араласасыңдар?» – деп  шектеу қойылып  жатады. Немесе «өзіміздің ішкі мәселеміз толып жатыр, соны жазыңдар»  – деп «ақыл» айтып, жол көрсететіндер де аз емес. Меніңше бұл дұрыс емес. Өйткені, бүгінгі журналистикаға еркіндік қажет. Және  халықаралық журналистиканы дамыту үшін   шет тілдерін білетін, шетелдік сарапшылармен жұмыс істей алатын тілшілер қатарын көбейту керек деп ойлаймын.

Өзіңіз айтып отырған интернет журналистикасы, яғни сайттар келешекте газеттердің орнын толықтай басады деген әңгіме қазір жиі айтылып жүр.  Осы мүмкін бе?  Жалпы, газет пен интернеттегі ақпараттың айырмашылығы неде деп  ойлайсыз?

– Бүгінгі күні кез келген газеттің интернет нұсқасы бар. Газетке шықпайтын материалдарды интернеттегі газет нұсқасына салып отыр. Газетке шыққаннан соң, оны да интернетке жариялайды.  Минут сайын болмаса да, күнделікті ақпараттармен жаңартып отыр. Десе де, қазіргі уақытта оқырман сайттарда емес, әлеуметтік желіде көп отырады. Соны пайдаланған  блогерлер кең көлемде посттар жазып, оқырманның қызу талқысына салады. «Сол блогерлер  неге жеке парақшасын ашып, жұмыс жасамай, тек әлеуметтік желіде отырады» деген орынды сұрақ туун мүмкін.  Бірақ, қазір  аудитория әлеуметтік желіде.  Оған қоса, әлеуметтік желіде жазылған дүниелерді көп сайттар, тіпті газеттер көшіріп басып жатады.  Мысалы, белгілі бір сайт бір журналисттің «фейсбуктегі» жазған жазбасын  көшіріп басса, ол жылдам таралып, сан пікірлер туғызады.  Сайт үшін қазір әлеуметтік желіде отыратын жастар  үлкен  аудитория. Әрі тегін аудитория.  Ал газет пен  ақпараттық сайттар әлеуметтік желіде өз өнімін оқырманға қаншалықты   «сата білсе»,  соншалықты рейтингісі жоғары болады, оқырманы көбейеді. Міне, бүгінгі таңда газеттер мен сайттардың бәсекелестігі осында жатыр. Менің ойымша бұл екі ақпарат көзі бір-бірінің орнын баса алмайды, тек бәсекелестік орта туғызып, қатар өмір кеше береді. Және сайттар келешекте газеттің орнын басады дегенге өз басым сенбеймін.

Десе де, газет ақпаратының интернет ақпараттарынан айырмашылығы жоғары. Мәселен  бүгін болған жаңалықты сайттар сол күйі, сол күні беріп жатса, газеттер  екі-үш күннен кейін шығарады.  Яғни, газет журналисті ақпараттың анық-қанығын анықтап, сараптап, тек  дәйекті  етіп беруге  тырысады. Міне,  газетке шыққан материалдар сонымен де құнды.

 

– Елбасының АҚШ-та өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте  жариялаған манифесі жайлы қазір күллі әлем айтуда. Президентіміздің тыныштықты ту еткен осы манифесті туралы не ой айтасыз?

– Әлемде бейбітшілікті сөзбен ғана емес, нақты істерімен қолдаған кім дейтін болсаңыз,  Елбасы дер  едім. 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу арқылы Президент бейбіт дамудың және қарусызданудың қазақстандық ұстанымының үлгісін көрсетті. Адам­затты қырып-жою мақсатын­да жасалатын  ядролық қару­­дан бас тартудан басталған Қазақ елінің ұстанымын  күллі әлем қолдады.  Әлемде ядролық қаруы бар алпауыт елдер бар. Әлбетте, олар «Бейбітшілікті қолдаймыз, соғысқа қарсымыз» деп айтуы мүмкін, десе де, ядролық қарудан бас тарта алмай отыр.  Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте әдеттегідей Қазақстанның бейбіт әлем тұтастығы туралы ұстанған берік ұс­танымын тағы бір мәр­те нақтылады. Сонымен қатар, Елбасы АҚШ-та сөй­леген сөзінде әлемде бейбіт­шілікті сақтау, адам­зат болашағына алаңдап қана қой­май, осы бағытта жұ­мыстар атқару қа­жеттігін айтып,  нақты жа­салуы тиіс шараларды ұсынды. Алдымен «XXI ғасыр: соғыссыз әлем» атты  кең кө­лем­ді бағдарламасын дайындап, жүзеге асыру керектігін күллі әлемге жеткізді.  Бұл Елбасымыздың көрегенділігі,  батырлығы деп бағалау қажет.

Қазір Қазақстанда күйіп тұрған мәселенің бірі – діни ахуал. Оның ішінде соңғы кездері орын алған террорлық әрекеттер қалың қазақтың үрейін алды. Осы дін мен терроризм төңірегіндегі ойыңызды білсек…

– Дін – ауқымды ұғым. Бүкіл болмыстың түпкі себебін, жаратылу мақсатын, оның сыр-сипатын танып-білуге, адамның рухани жетілуіне мүмкіндік жасайтын амалдар жиынтығы. Адамзат қоғамындағы аса күрделі де маңызды әлеуметтік-мәдени сана деп жатады. Діннің басты мақсаты – адамның рухани жетілуі және оның Жаратушыға сенімін қалыптастыру. Діннен қоғамды, адамды ажыратып тастау мүмкін емес. Адам қайткен күнде де сенімге мұқтаж. Сол үшін де тоқтатып қоя алмайсың. Осы тұрғыда мемлекет өз азаматтарының,  ата-ана өз баласының дінді дұрыс үйренуіне жағдай жасауы тиіс. Егер дінді ағып жатқан су деп есептесек, демек, судың арнасынан аспай, дұрыс ағуы үшін арық жасап беруіңіз керек. Осы кезде ғана жастардың терроризмнен аулақ жүрері анық.  Қазіргі уақытта дінді, оның ішінде Исламды терроризммен қатар қоюға атсалысып жатқан елдер бар. Бірақ,  терроризмнің діні, ұлты болмайды. Бұл – бір стратегия, саяси құрал. Шынайы сенімнің өлшемі жалаң ұрандар немесе адамның сыртқы келбетінде емес, діннің негізгі өзегі адам өмірін қорғау және әрбір адамды құрмет тұту ұстанымында. Сондықтан  Ислам мен терроризмді қатар қойып, шатастыруға мүлде болмайды. Түркі тілдес халықтарының ұстанып отырған діні ең таза дін. Ол тек бейбітшілік пен бірлікке шақырады. Оның тағы бір анық дәлелі, жоғарыда айтқан Елбасымыздың манифесі. Осының өзі көп елдерге көп нәрсені үйретуі керек деп ойлаймын. Және Қазақстан тек тыныштықты ту еткен ел екенін аңғартуы қажет.

– Биыл елімізде  «ЭКСПО – 2017» көрмесі өткелі отыр. Осы халықаралық көрме Қазақстанға не береді деп ойлайсыз?

– Қазақстан  «ЭКСПО – 2017» көрмесін үлкен абыроймен өткізеді деген сенімдемін. Оған ешқандай күмән жоқ.

Жалпы, осы таңға дейін «ЭКСПО» халықаралық көрмесін өткізген елдер тарихқа қаларлық дүние жасай білді. Бір ғана Франция елінің  Эйфель мұнарасы ұрпақтан-ұрпаққа  қаларлық құнды жәдігер болды. Ал Қазақстан «ЭКСПО-2017» көрмесіне «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынды. Бұл тегін емес. Себебі, қазір баламалы энергия көздері арқылы, өз елдерінің экономикасын тұрақтандыру жолында көптеген мемлекеттер күш салуда. Міне, Қазақстан да Жер Ананың табиғи байлықтарын пайдалана отырып, «Жасыл экономиканың» көкжиегін кеңейтуге болатынын әлемге көрсеткелі отыр. Бұл мақсатта еліміздің әр өңірінде бірер жылдан бері жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Осыны енді біз  халықаралық көрмеде тек  жоғары деңгейде таныта білуіміз керек.

Бұдан бөлек,   төрткүл әлем  көз тіккен бұл көрмеде Қазақстан өзінің ұлттық ғылыми жетістігін паш етуі қажет деп есептеймін. Яғни, шетелден келген қонақтарға, сарапшы мамандарға,  журналистерге  «Қазақ ғылымы» деген түсінікті  қалыптастыру керек. «ЭКСПО – 2017» көрмесінде   қазақ жұртының ұтар  бір тұсы осы болады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Саятхан Сатылғанов

elana.kz

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде