
Шымкенттің қақ ортасындағы «112-ші орам» ықшам ауданы кәріз қалдығының астында қалуы мүмкін. Арықтардағы сасық суға қатысты шағым айтқан тұрғындар осылай деп дабыл қағып отыр. Айтуларынша, ирригациялық жүйелердің жарамсыздығынан жағымсыз иіс көше-көшені алып кететін көрінеді.
Шымкенттің 112-ші орам шағым ауданындағы ирригациялық жүйелер сонау кеңес дәуірінде салынған. Темір-бетоннан қойылған арық-атыздар содан бері халық игілігіне жарап келген. Қазірде тозығы шыққан ескі жүйеде су ешқандай бағытқа ақпайды. Өйткені, ылди жоқ. Нәтижесінде оларға кәріз суы мен қоқыс-қалдықтар толып кететін көрінеді. Тұрғындар жағы себелеп жауған жауынның өзінде су үйді-үйге кіріп кететінін айтады.
ЗӘКИРА ТАНАБАЕВА, Тұрғын:
— Иісті су сасып кетеді. Жақсы тазаланбаған. Қанша тегістеп, әдемілеп цементтеп қойсақ та, бәрібір ана жиылып қалған сулар сыртқа шығып кетеді. Балалар демалып тұра алмай қалады.
ТҰРСЫНБАЙ БИЗАҚОВ, Тұрғын:
— Су мына арыққа, үйіміздің жанына жиналып қалады, өйткені арық-атыздарда су ағар ылди жоқ, тегіс деңгейде. Әсіресе, жазғы 40 градустық ыстықта кәріз қалдықтары қосылған мына судан шығатын жағымсыз иіске шыдай алмайсыз. Қиын.
Мәселеден билік те хабардар. Жауаптылар түйткілді ирригациялық жүйе бір бұл ғана емес — дейді. Сондықтан барлық жерде қалпына келтіру жұмыстары басталғанын айтады.
ЕРЛАН ЕСІРКЕПОВ, Шымкент қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
— Әрине, мына қазіргі көшелер бойынша тапсырыс бізге түскен жоқ еді. Қазір ауданмен бірлесіп, қосымша жұмыс атқарып, смета жасайтын мамандармен зерделеп, келесі жылға сметаға қосатын боламыз.
Билік ирригациялық жүйелерді орнату-жөндеу жұмыстарына биыл бюджеттен 180 миллион теңге бөлген. Салаға жауаптылар мәселе келер жылы толықтай шешіледі деп отыр. Арықтарды кәріз қалдықтарымен толтыратындар жағы тоқтамаған. Сондықтан коммуналдық шаруашылық мамандары «тұрғындар тарапынан да тазалық сақталмайынша, арық-атыздарды бюджет қаржысымен реттей саламын деу қисынсыз», — дейді.