Сайысқа барып сабақ алып қайттық…

06 қараша, 12:37

Бұл жазбамда достықтың, ұстаздың, сенімділік пен білімділіктің маңызы жайлы сөз қозғаймын…

8 қазан
Қорқыныш, қобалжу, уайымдау. Өйткені бүгін республикалық «Ақберен», «Ділмар», «Іші — алтын, сырты — күміс сөз жақсысы…» шешендік өнер байқауларына іріктеу өтетін күн. Түстен кейін, бүрмелі көйлегімді, күміс әшекеймен көмкерілген тақиям мен қамзолымды киіп шешендік сайысқа келдім. Бұл сайыстың ерекшелігі, күні кеше мектеп бітірген үйірмеміздің үздіктері, біздің мақтанышымыз Ақерке мен Аяулым әпкеміз қазылық етті. Жеребе арқылы бірінші болып Айсымбат екеуміз сайыстық, бірінші сан біз үшін киелі сан секілді, неге екенін соңына дейін оқысаңыз түсінесіз. Сонымен тартысты, тағылымды сайыс болды. Нәтижесінде, Сәкен Сейфуллин жырлаған кербез Көкшетауда өтетін шешендік байқауға жолдама ұтып алдық. Міне сәйкестік, Айсымбат екеуміз бірге сайыстық, бірге жолға аттанатын болдық. Сайыстан соң, жарық өшіп, күн жауып тұрған кезде жанталасып отырып, пойызға билет алдық. Содан бастап сайысқа дайындалдық. Жұптық сайыс болғандықтан, бірге дайындалуымыз, көбірек шыңдалуымыз керек еді. Сенбі күні 5 сабақ бойы шешендік сайыс өткізіп, әбден сыналдық. Осылайша, дайындығымызды арттырдық. Аузымыз құрғап, соңында шаршап та қалдық. Бірақ, бұл еңбектің ақталарына сенімді едік.

26 қазан
Арқаланып Алматы-2 вокзалына бардық. Ата-анамызбен, аяулы Алматымызбен қоштасып, Астанаға жолға шықтық. Мінекей, қызығы мен шыжығы аралас сапарымыз басталды! Абай мектебінің оқушысы болғандықтан, Абайды тану — ең басты міндетім ғой. Пойызда Абайдың қарасөздерін оқып, әр сөзінен түйген ойымды жазып, Абайдың тағылымды тұжырымдарын жаттап алдым. Мұның маған тигізген пайдасы зор. Айсымбат екеуміз осыған дейін сайысқан тақырыптарта ой қозғап, идея алмастық. Ал, ертесі «Нұрлы жол» вокзалынан «Ұлы дала» көшесі мен Төле би көшесінің қиылысқан жерінде орналасқан «Дәстүр» тұрғын үй кешеніне, диктор, журналист, дәстүрлі әнші Жасұлан Наурызбайұлы ағамыздың құтты қонысына келдік. Қазақтың қонақжайлылығында шек жоқ қой, шіркін! Қолдан қазы айналдырып, соғымның етін асып, ақ дастарқан жайыпты. Берекелі дастарқан басында ағамыздың жүргізген «Абай ғибраты» хабары, радио саласы жайлы әңгіме қозғалды. Абайды терең танып білген кісілердің бірі Жасұлан аға екен. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, ағамыз дәстүрлі әнді де нақышына келтіріп орындады. Сүйікті әнім «Құстар қайтып барадыны» да айтып берді, тамаша даусына тамсанумен-ақ уақыт өтті. Бізден қонақ кәде сұрағанда, шешендік оқиға айтып, білгенімізбен бөлістік. Мен Жасұлан ағадан сұқбат та алдым. Осылай уақытымызды берекелі өткізіп, қайтадан вокзалға аттандық. Намаздың уақыты кіріп қалған екен, жолай Орта Азиядағы ең үлкен мешітке кірдік. Ұстаздар намаз оқып жатқанда, біз де дұға жасап, қол жайдық. Құдай аузына сөз салғандай мешіттегі имам да «Балаларымыз шешен сөйлейтін білімді болсын!» деп дұға қылды. Бұл тілекті естіп тіпті риза болып қалдық, дәл біз үшін дұға қылғандай. Сонымен Көкшетауға жүретін пойызға міндік. Жолда сөз тауып айтуды, сайыстың ерекшеліктері жайлы сөз қозғадық. Біз пойыздан түскенде ауа-райы бұзылып, қар аралас жаңбыр жауып кетті. Бізді Көкшетаудағы Абай мектебінің мұғалімдері күтіп алды. Бір кезде қолымдағы телефонның жоқ екенін байқадым. Қизат ағайға айтып едім, бірден жүргелі тұрған пойызға телефонымды алуға жүгірді. Жаңбыр жауып, пойызымыз алыстап кеткендей болды. Аяғым тартылып, жүгіре алмай қалғанда өзімді ең дәрменсіз адам сезіндім. Сонда бірден тәубеме келіп, жүре алатыныма шүкірлік қылдым. Кейде біз барымызды бағаламаймыз, сол сәтте қандай күйде болғанымды білсеңіз ғой… Не жүгіре алмаймын, ал уақыт тығыз, пойыз әне-міне жүргелі тұр, қолымнан ештеңе келмейді. Ағайыма ризамын, 15 вагонға дейін жүгіріп отырып, жауып қойған есікті ашқызып телефонымды алып шықты. Осы сәт есімнен кетер емес, әрі қызық, әрі шытырман оқиға болды… Содан бізді күтіп алуға келген кісілердің көлігіне мініп мектепке келдік. Көкшенің тұрғындарына алғысымыз шексіз!  Түн ортасында келсек те зор құрмет көрсетіп, қонақжайлық танытты. Төсек-орнымызды дайындап, ақ дастарқан жайған жанашыр жандарға ризамыз! Ертесі, киіз үй тігіп, Көкшенің күміс көмей, жез таңдай әншілері ән шырқап, бүркіт пен тазы әкеліп, бауырсақ, балқаймақ, қымыздан ауыз тигізді. Мектептің ішімен таныстық, жаңа кабинеттерді қызықтап жүрдік. Содан кейін мұғалімдерімізде семинар болды, ал біз мектептің «Жалын» тобы ұйымдастырған квест ойынып ойнадық. Нағыз қызық осы кезде басталды. Мектептің ана бұрышынан мына бұрышына барып, тапсырма орындадық. Осылайша қызықты ойынымызды аяқтап, кино көріп, қатысушылармен ән шырқадық. Бізге Көкшетаудың «Гормолзавод» фабрикасынан шыққан төл өнімі балмұздақ таратты. Көкшетаудың сүт өнімдері дәмді әрі құнарлы екен. Одан кейін, Бурабайға жолға шықтық. «Үш қыз» тауын, Аңыз бойынша Абылай ханның отырған тағын, мультимедиялық кешенді көріп, қызықтап қайттық. Қазақстанда туризм саласы өте жақсы дамып жатқанына риза болдық. Табиғаты тамаша, ауасы таза, көрсе көз тоярлықтай көркем екен. Көңіл көтеріп, жақсы демалған күннің ертесі нағыз тартысты сайыс. Бәрінің уайымы сол. Ал бұл күні біз көп дүние бітірдік. Алдымен, «Көкше» телеарнасында сұхбат бердік. Бұл менің бала арманым орындалған күн болды. Теледидардан көрінгеніме мәз болып, керемет көңіл-күйде отырдым. Сосын сайыс өтетін «Болашақ» сарайына бардық. Мың бұралған бишілердің өнеріне тәнті болдық. Көкшетаудың жастары сегіз қырлы бір сырлы екен. Ән шырқайды, би де билейді, өлең де оқиды, сайсқа да қатысады. Істей алмайтын дүниесі бар ма екен өзі?! Осылай қызықтап отырғанда сайыс та басталды.

Жоба авторы Жарқын ағай сөз сөйлеп, қатысушыларды ортаға шақырды. Қобалжу, толқу, уайымдау, үрейлену, қорқу — бір сәтте түрлі сезімдерді бастан өткердік. Сонымен, жеребе тартқанда біз алғашқы болып шықтық қой, міне қызық… «Жол бастау қиын емес, сөз бастау қиын» деген, шынында абдырап қалдық. Бірақ бойымызды артық сезімнен аулақ ұстап, сенімділікті арттырып, сайысуға дайын болдық. Бізге «Атаққұмарлықтан, мақтаншақтықтан, екіжүзділіктен сақтана аламыз ба?» деген тақырып түсті. Басында не айтамыз деп ойланып қалдық. Ойымызға түрлі сөз келіп, мақал-мәтел, нақыл сөздермен ойымызды нығайттық. Пойызда дайындалғандарымды, яғни, Абайдың қарасөздерінен түйген ойларымды тақырыпқа қатыстырып айттым. Сонымен «сақтана аламыз» деп қорытынды жасадық. Сұрақ-жауап кезеңінен де өтіп, сайысымызды аяқтадық. Қазылар алқасы да, Жарқын ұстазымыз да ризашылықтарын білдіріп, артық-кем тұстарымызды айтып, жөн көрсетті. Бағана, бірінші сан біз үшін киелі деп едім ғой, шынында, солай болып шықты. Қанша қобалжып қорықсақ та, алғашқы болып шығып, көрерменнің көзайымына айналдық. Бірінші айтып алғандықтан арқамыздан ауыр жүк ерте түсіп, қалған қатысушылардың сайысын емін-еркін тамашаладық. 6 жұптың сайысы аяқталып, түскі үзіліске шықтық. Уақытымызды құр кетірмей, қатысушылардан сұхбат алып та үлгердік. Сосын, сайыстың 2-кезеңі басталды. Бұл кезең нағыз білгірлікті, білімімізді сынайтын кезең болды. Шешендік оқиғаларда кездескен көбі түсінбейтін сөздердің мағынасын аштық. Қиын болғаны рас. Көп сөздің мән-мағынасын білмейді екенбіз және ең үлкен кемшілігіміз түсінбесек те жаттай береді екенбіз. Енді осы олқылықты түзеу керек.

Сайыс аяқталып, қазылар алқасы ақылдасуға кетті. Қайтадан қобалжу, толқу, уайымдау, қорқу, абдырау, абыржу басталды. Сенімділік керек. Бос уайымнан арылу керек. Бойды түзу ұстап, уайым-қайғыға салынбай, қорытындыны күту керек.
Сонымен марапаттау рәсімі басталды. 3, 2, 1 орынды жариялады. Енді бас жүлде қалды. «Кімге бұйырар екен? Кімнің қанжығасы майланар екен?» деп тұрғанда жүргізуші «Республикалық Абай мектебінің оқушылары Айсымбат пен Әмина бас жүлде иегерлері атанды» дегенде қуаныштан жүрегіміз жарылғандай болды. Міне, еңбектің ақталғаны! Міне, республикалық мектептің жетістігі! Міне, ұстаздардың ұлы үлесі! Міне, асқақ арманның орындалуы! Міне, шешендік сайыстың авторы Жарқын Сәленұлы, «Үздік Ұстаз» Қизат Тілеубдері және «Бас жүлде» иегерлері Айсымбат Тақылбекқызы мен Әмина Смағұлқызы естелік суретке түсті! Тарих қойнауына тағы бір сәулелі сәттер енді…
Телефонымыз 1-2 минуттың ішінде құттықтауларға толып қалды. Қолдап, қолпаштап отырған жақындардың үміті ақталды! Сүйінші сұрау, көрімдік беру басталды!

Сайысымызды аман-есен аяқтап, мақсатымызға жетіп Астанаға жолға шықтық. Бізді Астанадан күтіп алып, ақ дастарқан жайып, қонақ еткен Жарқын ағайдың досы Мұқият аға болды. Ол кісі білгенімен бөлісіп, бізге риза болып, қуанып, мерейімізді арттырды. «Адам — досымен мықты» деп бекер айтпаған ғой. Мұқият аға келесі күні бізді Алматыға шығарып салды. «Асқақ Алматым, қайдасың? Қызғалдақтай құлпырған қыздарыңды күт!» деп жолға шықтық. Әңгіме, әзіл-қалжыңмен Алматыға да жеттік…

Сапарымыз сәтті аяқталды, шүкір. Бір кездерде «Мен сайыса алмаймын, қайдағы шешендік? Қайдағы көшбасшылық?» деген Әмина, енді сайыса алатынына, шешен бола алатынына көзі жетті. Әрине, шешен болып кеткенім жоқ, оған әлі еңбектену керек. Ең бастысы, алғашқы қадам жасалды! Бұл сапардан түйгенім, өмірде достың көмегі, қамқорлығы өте маңызды екен. Бұрын тек сәлемдесетін Айсымбатпен жақын араласып, нағыз достарға айналдық. Берідегі Жарқын ағай мен Мұқият аға секілді, арыдағы Мұхтар мен Төлеген, Мұқағали мен Фариза, Махамбет пен Исатай секілді дос боламыз деген ниеттемін. Бойымызға білім нәрін сіңірген ұстаздарымызға алғысым шексіз! Бас жүлдеміз сол кісілердің еңбегі! «Білімі көп адам — құралы сай ұста сықылды. Не істесе де келістіріп істейді» деген рас екен. Құралы сай ұста болу бұйырсын!
Қазақтың білімді, бұрымды қызы Әминаның жазған жолжазбасы — естен кетпен сәттерді еске алатын естелігі болып қалсын!

Әмина Смағұлқызы,
Абай атындағы РММИ-дің 9-сынып оқушысы, «Ділмар» үйірмесінің мүшесі

06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?
06 желтоқсан, 11:27
ОПЕК+ елдері 2026 жылға дейін мұнай өндіру көлемін қысқартуға келісті
04 желтоқсан, 15:39
Қазақша сөйлесең, кибералаяқ қашып кетеді
03 желтоқсан, 14:17
Мектепте ақша жинау мәселесіне Ғани Бейсембаев нүкте қойды
26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус