
Ақтөбе облыстық соты таратқан мәліметтерге сүйенсек, радикалды дін жолын ұстанған жігіттер «Уақыт келді ахи», «Ассалам уалейкум ахи біздің уақыт келді Ин ша Аллах», «Қашанға жүре береміз ахи» деген сарындағы хабарламалар таратқан. Ол аз болса, әлеуметтік желілерде видеохабарламалар жолдап отырған.
Бүгінде үш азамат, заң тілімен айтсақ, «телекоммуникациялық желілерін пайдалана отырып, терроризмді насихаттағаны» үшін істі болып отыр. «Теракт жасауға жария түрде шақырған» олар «әлеуметтік және діни алауыздықты қоздырғандары» үшін де жауап береді.
Сот барысында анықталғандай, Мәжитов есімді азамат «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде «Абухолид Абдумаджид» деген атпен тіркеліп, парақша ашады. Әлеуметтік желідегі достарының арасынан қайсысының қаржылай көмек көрсете алатынын сұрайды.
«Қаржылай көмектесе алатын немесе жай ғана зекет бере алатын таныстарың бар ма?» деп сұрайды. «На вопрос о терроризме и Исламе один немецкий мусульманин сказал», «Абу Хурайра казахи», «20 достойнств шахида», «Это письмо муджахеда к своей жене» деген сарындағы жазбалар пайда болады.
Мәжитов бірнеше бойынша жалпы алғанда сегіз жылды арқалап кете барды, ол жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады. Ал оның үзеңгілестері 6,5 және 8 жылға кесіледі. Сот олардан сот психологиялық-филологиялық және дінтанушылық сараптамаларына кеткен 54 мың теңге шығынды өндіру керек деп шешті. Үкім заңды күшіне енбеді.
Асқар Ақтілеу, Ақтөбе