Көшіп кетуге тілек білдірушілердің саны бойынша қазақстандықтар украиндықтардан кейінгі екінші орынды иемденген. Бұл туралы РФ Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ведомствоның дерегіне жүгінсек, 2016 жылы 37 837 қазақстандық Ресей азаматтығын алған. ТМД мемлекеттері арасында Ресей төлқұжатын алушылар арасында украиндықтар екінші жыл қатарынан бірінші орында тұр.
2016 жылы 100 696 украиндық Ресей төлқұжатын алған. Бұл көрсеткіш оның алдыңғы жылға қарағанда 49 пайызға артық.
Қазақстан болса бұл мәселе бойынша екінші орында. 2015 жылы Ресей азаматтығын алғысы келетіндердің саны 32 мың 70 адам болса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 37 837 адамға жеткен.
Үшінші орынды Өзбекстан мен Армения бөліскен. Бірінші мемлекеттен кеткісі келетіндердің саны 23 216 болса, екіншісінен 22 264 адам Ресейге біржола қоныс аударғысы келетін ниетін білдірген. 2015 жылға қарағанда көшіп кетушілердің саны ұлғая түсіпті. Жалпы, 2016 жылы Ресей азаматтығын 265 мың 319 адам алыпты. Ал 2015 жылы азаматтық алғандардың саны 209 мың 799 адамды құраған.