
Жексенбіде 18.25-те ұшудың орнына дүйсенбі күні таңғы алтыда ұшқан Атырау-Ақтөбе рейсінің экипажына мас болуы мүмкін деген айып тағылды.
ҚазАқпарат хабарлағандай, «Кеше біздің әуе компаниямыздың IQ-396 Атырау-Ақтөбе рейсі операциялық себептерге байланысты бүгінге, Астана уақытымен таңғы 7-ге ауыстырылды. Нақтырақ айтсақ, себеп — экипаждың ауысуы. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүріп жатыр, әзірге экипаж мүшелерінің жағдайы туралы ақпаратты не растай алмаймыз, не теріске шығара алмаймыз», — деп хабарлады «Qazaq Air» баспасөз қызметі. Сонымен бірге, компания ұшқыштың наркологтың тексерісінен өтіп жатқанын айтты. Еске сала кетсек, жексенбі күні кешке ұшқыштардың мас болуы мүмкін деген ақпаратты жолаушылар хабарлады. Олардың арасында ұшқыштардың «Ренессанс» қонақ үйінде алкогольді ішімдік ішкенін көрген куәгерлер де бар.