jasqazaq.kz

Профессор Джон Т.Грин: Ғалымдар ашқан жаңалығының керемет екенін дәлелдеуі керек

10 желтоқсан 2021, 11:01

Ғылым мен ғылыми жарияланымдар санға емес, сапаға арқа сүйеуі тиіс. Серіктестер арасында шынайы сенім орнаған кезде оң нәтижеге қол жеткізуге болады. Кембридж университетінің профессоры, Coherent Digital компаниясының төрағасы Джон Т. Грин (John T. Green) мырза газетіміздің оқырмандарына ғылыми әдебиет пен бизнес жүргізудегі ең озық әдіс-тәсілдері туралы баяндады.

– Грин мырза, Сіз зерттеуші және ғылыми мекемелердің жетекшісі ретінде көптеген саясаткерлерге кеңес бердіңіз. Зерттеу саласындағы даму процестерін бақыладыңыз. Ғалымдарды зерттеу жүргізуге не нәрсе ынталандырады?

– Біріншіден, нағыз ғалым білім өрісін барынша ұлғайтып, адамзатқа пайдасын тигізетін құнды жаңалықтарды ашуға ұмтылады. Көкжиекті бұлайша кеңейтудің дүниеге тигізетін әсерін бақылау ғалымға рахат сыйлайды. Бұл денсаулық саласы, экономика, әлеуметтік не басқа ғылым арқылы жүзеге аса ма, ол жағы маңызды емес. Мойындау, міне, осы қозғаушы күштің маңызды элементі деп ойлаймын.

Екіншіден, университеттер мен үкіметтер ғалымдарды құлшындыру үшін қаржы бөліп, қолдау жасап отырғаны абзал. Бұл зерттеу жүргізуге қажетті ресурс, уақыт және құрылымдарды бөлу керек дегенді білдіреді. Көп елде, тек Таяу және Орта Шығыс, не болмаса Азия-Тынық мұхит аумағында ғана емес, әлбетте, Батыста да біз ғалымдардан тым көп нәрсені талап етеміз. Олардың ұстаздық еткенін қалаймыз. Шаруаның әкімшілік қырымен айналысады деп күтеміз. Зерттеу жүргізу үшін ақшалай грант алуға талпынсын дейміз. Университет пен үкімет атаулы ғалымдарды осындай қосымша жүктемеден босатса, олар тек ғылыми жұмыспен айналысу мүмкіндігіне ие болар еді. Мен көп елді араладым, ондағы ғалымдармен пікірлестім. Олар шын мәнінде зерттеу жұмыстарына аз уақыт жұмсауға мәжбүр екендіктеріне қынжылады. Менің ойымша, үкіметтер мен университеттер міндеті – адамның өз қарым-қабілетін барынша пайдалануына қолайлы жағдай туғызу. Мұны іске асырудың тәсілі жеткілікті. Жай ғана мысал келтірейін. Кей ғалымнан жақсы зерттеуші шықпайды. Жарайды, онда одан зерттеуге қатысуды талап етпеңіз. Оның орнына сабақ берсін. Керісінше, зерттеу жүргізуге қабілетті мамандар жоғары курс студенттерін емес, докторанттар мен аспиранттарды «сүйреуге» қарсы бола қоймас. Меніңше, осы процесті жолға қоюдың әдістері көп.

– Зерттеуші ғалымдардың жетістігіне қандай критерий қойылады?

– Зерттеу нәтижесі рәсімделіп, күнделікті тұрмыста кәдеге асқанға дейін біраз уақыт өтеді. Кезінде небір ұлы жаңалықтың, күндердің күнінде мойындалғанға дейін, іске аспай жатып қалғанына мысал келтіре аламыз. Демек ғылыми зерттеуді мойындау мен оның нәтижесі өнеркәсіпте қолданған кезде түскен қаржы көлеміне негізделмеуі тиіс. Өйткені оған біраз уақыт кетеді. Мұндай көзқарас сіздің бүгінгі ғылыми қызметіңіздің нағыз өлшемі бола алмайды. Әйтсе де, зерттеу сапасын бағалаудың басқа тәсілі бар, peer-review арқылы. Бұл – басқа ғалым әріптестердің (қатарластардың) бағасы. Сырт көз – сыншы. Еңбектері басқа мамандардың бағалауынан өткен, өзінің зерттеу нәтижесін беделді ғылыми басылымдарда жариялайтын ғалымдар ашқан жаңалығының шынында да керемет екенін дәлелдеуі керек.

Nature, Science, Lancet сияқты журналдарда немесе өзге де осындай басылымдарда мақала жариялату өте қиын екені әмбеге аян. Беделді басылымда жарияланым саны көп болғаны, әрине, жақсы. Сонымен бірге зерттеу процесінің түзілуіне, оның орындалуына үлес қосатын өзге де элементтер маңызды.

Бүгінгі күні ғылыми қызмет үлкен операция іспетті. Бүгін сіз осыдан көп жыл бұрынғыдай өз зертханаңызда жалғыз өзіңіз, аяқ астынан пенициллин аша алмайсыз. Мұндай жағдай ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында «хайп» болатын. Ал қазір олай бола қоймайды. Себебі біз орасан зор ғылым әлемінде өмір сүріп жатырмыз. Физикада ірі тәжірибе жасау құрал-жабдықтан басқа да көп нәрсені керек етеді. Оған қыруар қаржы қажет. Фармация мен медицина-биологиялық салада да осылай. Сондықтан бірлескен іс-қимыл (коллаборация) – жетістікке жетудің бірден-бір жолы. Сізден талап етілетіні – үлкен ғылыми журналдардағы тамаша мақалаларды оқу. Кейде мұндай мақала авторларының саны 10, 50, тіпті 100 адамға жетеді. Хиггс Бозоны туралы жаңалық ашылғанда жарық көрген атақты мақаланы оқып көріңіз. Үкіметтер мен университеттер осындай коллаборацияны ілгерілетуі тиіс.

– Сіз Imperial College of London-ды QS/THE рейтингінде 26-шы орыннан 5-ші орынға көтердіңіз. Мұндай трансформацияның құпиясы неде? Осы мекемеге жетекшілік еткенде, ғылыми әкімші ретінде, оның жемісті түрде жоғары өрлеуіне ғалымдарды қалай ынталандырдыңыз?

– Бүкіл әлемде, бұл Ұлыбритания, сондай-ақ АҚШ-қа да қатысты, университеттер өте баяу өзгереді. Олар өзгерісті жек көреді. Өзгерісті олар қиын және тым күрделі деп санайды. Университеттерде болып жатқанның бәрі органикалық, яғни заңды құбылыс. Мен мұны осылай деп атаймын. Мұндай «органиканың» нәтижесінде, кез келген университетке қарасақ, физика, органикалық немесе органикалық емес химия кафедрасы бар, яғни 10-20-40 жыл бұрынғы сол баяғы штат құрылымы сақталған. Осы уақыт ішінде әлеуметтік ғылым, жалпы бүкіл ғылым тұтастай өзгерді. Бүгінгі күні сен мәліметтерді түсінбесең, әлеуметтанушы ғалым бола алмайсың. Статистиканы ұқпасаң, эпидемиологтармен бірлесіп жұмыс істемесең, дәрі-дәрмек жасай алмайсың. Бұл салада жаңалық аша алмайсың.

Ғылым бүгінде салааралық (интер-салалық) сипатта. Университеттердің ескірген ұйымдастыру-штаттық құрылымдары бүгінгі күні өзекті емес. Өйткені онда өзінің цехтық тар шеңберінде қатып қалған ғалымдар отыр. Олар тұмсығының астындағыны ғана көреді, коллаборацияға қадам басқысы келмейді. Сыртқы күштермен бірлесу керек. Өзінің зерттеу саласында да, сондай-ақ басқа салалармен тізбектесіп те. Осыны бір университет аясында қалай іске асыруға болады? Университет атаулы өте баяу өзгеретіндіктен, «Былай жасап көрсек қайтеді?» деген кез келген тың ұсынысқа олар «Жоқ, біз олай жасай алмаймыз, себебі…» деп өре түрегеледі. Оған сан қилы сылтау да табыла кетеді. Өз дегеніңе жетудің бір ғана тәсілі – жанды жерге пышақ ұру, мен мұны осылай деп атаймын. Сіз оларды қайта құрылуға мәжбүрлеуіңіз керек. Imperial College of London-ға біз осындай тәсіл қолданғанда драма орын алды десек те болады. Қысқасы, біз қолданыстағы құрылымды алып тастап, оның платформасында жаңасын тұрғыздық.

Мынадай мысал келтірейін. Біздің бастамалардың бірі биология-медицина мамандарын физик ғалымдармен жұмыс істеуге мәжбүрлеу болды. Бастапқыда олар бұған қарсылық танытты. Бір хирург менен: «Хирургиялық инжиниринг институтының мәні неде?» – деп сұрады. Кейін әлгі хирург инженер-механикпен әңгімелескеннен кейін, тізенің жасанды буынын жетілдіре алатынына көз жеткізді. Дәрігер-неонатологтар, яғни жаңа туған сәбиді күту бойынша мамандар компьютерші ғалымдармен бірлесіп жұмыс істегенде ультрадыбыс диагностикасы аппаратындағы бейнелерді жақсартуға қол жеткізді. Жақсырақ көресің – мүмкіндігің молырақ – тереңірек түсінесің. Осылайша, кенеттен акушер-гинекологтар компьютершілермен бірігіп жұмыс істей бастады.

– Біз Қазақстанда қайсыбір ғалымдардың қарсылығын көріп отырмыз. Олардың кейбірі ғылымда көзбояушылыққа барады немесе өз мақаласын жариялау үшін дүмше-ғылыми, «ұрлықшы» журналдарға жүгінеді. Мұндай әрекет өздерінің де, елдің де атына нұқсан келтіреді. Осы тұрғыдан алғанда, саясаткерлер қандай мәселеге мән беріп, қандай жәйттерді ескеруі тиіс?

– Ғалымдарға «… Сен (мақала) жариялауың керек…» деп қайта-қайта айта берсең, олар (мақаласын) шығарады! Тек жариялау үшін біз «комикс» деп атайтын ұрлықшы журналдарға барады. Өйткені олар өзінің еңбегін осы жарияланымдар арқылы ғана бағалайды деп ойлайды. Көптеген елдер, соның ішінде, бәлкім, Қазақстан да елдің ғылыми жетістігін жарияланған дүниенің сапасы емес, санымен өлшейтін кезеңді бастан кешірді.


Сондықтан үкіметтер ғалымдарды сапалы зерттеуге бағыттап, марапаттауы тиіс. Сабақ беру дегенді алып тастаңдар. Біз колледжімізде көптеген оқытушылар мен ғалымдарымызды орнынан қозғалттық. Кейбіреулеріне былай деп айттық: «Бауырым, сен тамаша оқытушысың немесе зерттеушісің. Бірақ бұл басқалардан артықсың немесе кемсің деген сөз емес. Тек дәл қазір мына шаруамен айналысқаның жөн…». Үкіметтер осындай оңтайлы жолмен өз университеттеріне көмек бере алады деп ойлаймын.

– Ескіден осы жаңа үлгіге (модель) трансформациялық өтуде индустриалдық серіктестердің, атап айтқанда, Elsevier компаниясының рөлі қандай?

– Біріншіден, индустриямен ынтымақтастық – аса маңызды фактор. Бұған мысал ретінде өндіруші елге қарамастан, соңғы вакциналардың қалай жасалғанын айтуға болады. Рас, университеттер өз үлесін қосты. Бірақ вакцинаны инемен шынтақтың жоғары тұсына салуды қамтамасыз еткен сол индустрия ғой! Сондықтан бұл өте күрделі мәселе. Егер бір күні сіз өзіңізге «Маған шұғыл түрде индустрия қажет… десеңіз, ол ешқандай қисынға келмес еді. Бұлай күйеуге шықпайды. Солай емес пе? Сіз бір кісімен араласа бастайсыз. Бұдан ештеңе шықпауы мүмкін немесе сіз тұрмыс құрасыз. Қалай болғанда да, өмірлік серігіңізді таңдауға жіті мән бересіз, өзара шынайы сенім орнатасыз. Ал бұған қалай қол жеткізуге болады? Бір тәсіл тек біздің колледжде ғана емес, өзге мекемелерде (бұл дәлелденген) де барынша тиімді екенін көрсетті. Бизнес-мектеп университеттердің индустриямен байланыс орнатуына көмектеседі. Ол (бизнес-мектеп) студенттердің университеттер мен индустрияның арасын бөліп тұрған шекараны ашуға мүмкіндік беретін мәдениетті қалыптастыруға септігін тигізеді. Көптеген жоғары курс студенттері түрлі индустриялармен бірге ортақ жобалар бойынша жұмыс істеді. Олар қаржы компанияларымен, есепшілермен немесе тағы біреулермен бірлескен жобаларды іске асырды. Сөйтіп осынау аса маңызды қарым-қатынас, симбиоз бойынша тәжірибе жинады. Менің ойымша, мұның бәрі қажет.
Elsevier шын мәнінде орасан зор компания. Ақылды құрал-жабдықтарға ие. Дерек қоры да бай. Олар менімен, яғни университетпен жұмыс істегісі келеді. Мен одан неге бас тартуым керек? Маған олардың кейбір жабдығы қажет. Сондықтан олармен ашық түрде байланыс орнатамын. Маған олардың, оларға менің ақшам қажет болғандықтан емес. Айталық, екеуміз бір жерде кешкі ас ішуді ұйғардық. Егер мен «Кім төлейді, сіз бе, өзім бе? Әлде бөліп төлейміз бе, өтемақы үшін есеп кімге жіберіледі?» деп уайымдайтын болсам, онда мұндай қарым-қатынастан түк шықпайды. Нағыз қарым-қатынас дегеніміз – серіктестердің шынайы байланыс орнатып, бір-біріне нық сене бастауы, ойын алаңында бір-бірінің мықты мүмкіндіктерін пайдалана білуі.

Мен Imperial College of London-да Elsevier-мен байланыс орнаттым. Өйткені мен олардан өз университетім туралы көп нәрсе (өзім білмегенді) естідім. Мотивация біздің екі тарапқа да қатысты болды деп есептеймін. Бір-бірімізден үйреніп, бір-біріміздің бизнесімізге көмектесуге ниеттендік. Олардан қандай сомаға сатып алғанымды да, олардың мен арқылы қанша доллар тапқанын да нақты айта алмаймын. Бірақ біздің арамызда жақын қарым-қатынас, түсіністік орнады. Бір-біріміздің бизнесіміздің қыр-сырын игердік. Бұл Elsevier емес, басқа бір кез келген баспа үйі болуы да мүмкін еді. Әйтсе де, кәсібі өзіме жақын мекемемен неге байланыс орнатпасқа? Өз басым «Өй, кейбір компаниялармен сөйлесе алмаймыз, олар біздің климатты құртып жатқан жаман адамдар» деп өзеурейтін кейбір ғалымдардың ұстанымын солқылдақ деп санаймын. Үлкен компания болғанымен, оларда климаттың өзгеру түйткілін шешуге септесетін технологиясы жоқ деген сөз емес қой. Сайып келгенде, дәл солардың өзі климат мәселесін шеше алатын білім мен машықтың бірден-бір қайнар көзі емес пе? Осындай түсіністік Elsevier-ге де қатысты. Оларда менің бизнесім туралы орасан мәлімет жинақталған. Бәлкім, олар осы білгенін біз үшін қолайлы болатын түрде пайдаланбайтын да шығар. Бірақ олардың білімі біздің, университеттердің, ғылыми нәтижеге жетудегі жұмысымызды жақсартуға көмектесуі мүмкін. Сондықтан менің ұстанымым – ашық түрде жұмыс істеу, пікір алмасып, қарым-қатынастың қалай дамитынын бақылау. Басқалардан үйренетін нәрсе табылады!

Талап Тілеген

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде