jasqazaq.kz

Президент: Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыс стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді

17 маусым 2025, 19:35

Бүгін Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды jasqazaq.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерімен жан-жақты ынтымақтастыққа ниет танытқаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты. Сондай-ақ Саммит жұмысына белсене атсалысып, өңірлік ынтымақтастыққа ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан бауырлас мемлекеттердің басшыларына ризашылығын жеткізді.
«Жиынға қатысып отырған Орталық Азия мемлекеттерінің өзара сенімі мен ортақ күш-жігерінің нәтижесінде тату көршілік қарым-қатынасқа, достық пен қолдауға арқа сүйеген ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған үлгісі қалыптасты. Осы ретте аса көрнекті мемлекет қайраткері, Төраға Си Цзиньпин басқаратын Қытай елінің белсенді әрі тиімді рөлін атап өткеніміз дұрыс. Көршілес Қытай Қазақстанның мәңгі әрі стратегиялық серіктесіне, нағыз досына айналды. Сексен миллиондай халқы бар ауқымды нарыққа ие және табиғи ресурстарға бай біздің өңір халықаралық қатынастардың, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды субъектісі ретінде өз позициясын бірте-бірте нығайтып келеді. Осынау оң үдерісте Қытай Халық Республикасымен сан қырлы ықпалдастық негізгі рөл атқарады. Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыстар мәңгілік, кез келген жағдайға бейім әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне баса назар аударғым келеді», – деді Президент.
Қазіргі кезде қолда бар мүмкіндікті біріктіру Қытаймен қарқынды әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін беретіні сөзсіз.
Осы орайда Мемлекет басшысы: «Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімінің көлемі жарты триллион доллар межесіне таяп қалды. Соңғы бес жылда өңірдегі сауда айналымы айтарлықтай ұлғайып, 10 миллиард доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуықтап, 95 миллиард долларды құрады. Бұл – рекордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің Қытаймен тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Қытай инвестициясы Қазақстанның экономикалық өсіміне маңызды үлес қосып келеді. Бүгінге дейін көршілес ел бізге 26 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Қазақстанда Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді», – деді.
Мемлекет басшысы еліміздің Қытайдан кең көлемде инвестиция тартуға бағытталған саясатынан айнымайтынын атап көрсетті: «Қазақстанда экономикалық өсімге серпін беретін тың мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Әсіресе, Қытаймен бірлескен жобаларды іске қосуға, тауар номенклатурасын көбейтіп, көршілес ел нарығында сұранысқа ие өнімдер экспортын ұлғайтуға ерекше мән беріледі. Өңделу деңгейі төртінші сатыға сай, қосылған құны жоғары өнім шығаратын технологиялық кәсіпорындар ашуға ниеттіміз. Ауыл шаруашылығы, соның ішінде озық агротехнологиялар мен тиімді су үнемдеу әзірлемелерін қолданысқа енгізу бағытындағы ынтымақтастық өте маңызды. Бұл ретте Қытай компаниялары агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс орындарын локализациялау ісіне атсалысады деп үміттенеміз. Елдеріміз арасындағы экономикалық ықпалдастыққа «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы тың серпін береді».

JQ-Aqparat
Сурет: aqorda_resmi

Бүгін, 12:55
Нурпеис Акбаев: Развитие языка - общая ценность, объединяющая все этносы нашей страны
Бүгін, 12:51
Серикбай Пиримбеков: Расширение сферы применения государственного языка — системный и непрерывный процесс
24 маусым, 13:56
Бахытжан Бокебаев: Уважение к языку — показатель развития общества
24 маусым, 13:55
В Туркестанской области построят завод по глубокой переработке цветных металлов и производству кабельной продукции
23 маусым, 13:03
Туркестан: в государственную собственность возвращено почти 50 тысяч гектаров земель
23 маусым, 13:01
Туркестан: Новые проекты в сфере животноводства и переработки сельхозпродукции
22 маусым, 13:53
Нурлыбек Налибаев в ходе рабочей поездки в Туркестанскую область обсудил вопросы развития экотуризма
22 маусым, 13:51
Туркестанская область: восемь лет масштабного развития социальной инфраструктуры
22 маусым, 13:49
Туркестан: инвестиции, индустриализация и новые точки роста