jasqazaq.kz

Президент: Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат – ұлт мүддесін қорғау

07 мамыр 2025, 12:33

Астанадағы Тәуелсіздік алаңында Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадта Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнаған сөзінде еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру маңызды міндет екенін тоқталды, деп хабарлайды jasqazaq.kz.

Президент: «Біз Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге баса назар аудардық, еліміз бойынша мыңдаған маңызды, ауқымы кең іс-шара өткізіліп жатыр. 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетін болды. Елімізде қазақстандық майдангерлерге арналған «Батырларға тағзым» атты шеру өтеді. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа қатысушылардың ұрпағы аталарының суреттерін көшелермен алып жүреді. Бүгінгідей жаһандық саясатқа агрессия мен қатыгездіктің жегі құрты дендеп енген кезеңде соғыстың қасіретін еліміздің барша азаматына түсіндіру аса маңызды. Ақиқатты танымай бейбітшіліктің қадірін білу мүмкін емес. Соғыстың тарихи ақиқатын, Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды. Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат – ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр. Қазақ халқы – бейбіт халық. «Жаным – арымның садағасы» деген өр намысты, айбарлы ел», — деді.

Мемлекет басшысы еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру міндетін орындау бағытында  Қарулы Күштерді жаңғыртып, армияны күшейтуде нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын атап көрсетті.

Президент: «Осы өте маңызды мәселе бойынша Парламент заң қабылдады. Мемлекет әскери қызметшілерге, арнаулы мекемелер мен азаматтық қорғаныс саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетеді. Армиямыздың күш-қуаты жауынгерлік рух пен темірдей тәртіпке тікелей байланысты. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – елдегі қауіпсіздік пен тыныштық кепілі. Біз озық ойлы ұлт ретінде заң мен тәртіпті бәрінен биік қоятын болдық. Әр азаматтың бойында Отанға деген адалдық пен әділдік болуға тиіс.

Ел қорғау – абыройлы міндет және зор жауапкершілік. Бұл – әр азаматтың перзенттік парызы. Сіздермен бірге барша азаматтарымыз Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстанды құрып жатыр. Осы тарихи жұмысымыз табысты болсын! Рухымыз мықты, мемлекеттілігіміз мәңгі болсын! Көк Туымыз биікте желбіресін! Қадірлі Отандастар! Ұлы Жеңістің 80 жылдығы құтты болсын!», — деді.

JQ-Aqparat

Сурет: aqorda_resmi

Бүгін, 12:38
Мемлекеттік кеңесші: Президент реформаларының ең үлкен жемісі – қоғамдық санадағы сілкініс
25 маусым, 12:55
Нурпеис Акбаев: Развитие языка - общая ценность, объединяющая все этносы нашей страны
25 маусым, 12:51
Серикбай Пиримбеков: Расширение сферы применения государственного языка — системный и непрерывный процесс
24 маусым, 13:56
Бахытжан Бокебаев: Уважение к языку — показатель развития общества
24 маусым, 13:55
В Туркестанской области построят завод по глубокой переработке цветных металлов и производству кабельной продукции
23 маусым, 13:03
Туркестан: в государственную собственность возвращено почти 50 тысяч гектаров земель
23 маусым, 13:01
Туркестан: Новые проекты в сфере животноводства и переработки сельхозпродукции
22 маусым, 13:53
Нурлыбек Налибаев в ходе рабочей поездки в Туркестанскую область обсудил вопросы развития экотуризма
22 маусым, 13:51
Туркестанская область: восемь лет масштабного развития социальной инфраструктуры