
Павлодар облысының полицейлері жүк көлігі мен балалар отырған автобустың соқтығысуына жол бермеді.
Baq.kz хабарлағандай, жолдағы оқыс жағдай бүгін түс ауа Павлодар-Астана тас жолында Спутник және Пограничник ауылдарының арасында орын алды.
«Ірі жол апаты болды. Шыны керек, шошып кеттім. Оқиға орнында полицейлер жұмыс істеп жатыр», — дейді куәгер Берік Құдайбергенов.
Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметінің бас маманы Алма Мұсабекованың хабарлауынша, қазіргі таңда оқиға орнында сала мамандары жұмыс істеп жатыр.
«Автобус Баянауыл ауданынан Павлодарда өтетін жарыстарға бет алған болатын. Көліктің ішінде балалар болғандықтан, олармен бірге тәртіп сақшылары ілесіп жүрді. Кенеттен, жолдың қарсы бетінде келе жатқан КамАЗ басқаруын жоғалтып, автобусқа қарама-қарсы шығып кетті. Осы кезде апатты жағдайды дер кезінде аңғарған полицейлер соққыны өздеріне алып, балалардың өмірін құтқарып қалды. Балалар дін аман. Өмірін қатерге тіккен полицейлер түрлі деңгейде жарақат алып, дереу ауруханаға жеткізілді», — дейді Алма Мұсабекова.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, апат салдарынан 1977 және 1978 жылғы азаматтар Павлодар қалалық №1 ауруханаға жатқызылды. Олар Баянауыл аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері – полиция старшинасы Мұрат Нұрсейітов пен полицияның аға сержанты Баянбек Жүнісов.
https://www.instagram.com/p/BQm2FW9AYKS/?taken-by=tipavlo
https://www.instagram.com/p/BQmu5hlg4mG/?taken-by=tipavlo