
Ен далада қалып қойған «Тұлпар Тальго» пойызының жолаушылары вагон мейрамханасынан қуырылған жұмыртқаны 1700 теңгеге сатып алған.
NUR.KZ хабарлағандай, 25 ақпан күні Шідерті маңында көмір толы вагондар рельстен шығып, жол жабық болғанына қарамастан, Астанадан Павлодарға бағыт алған пойыз жолға шыққан.
№068 «Тұлпар Тальго» жолаушылар пойызына отырған тұрғын Гүлнар Қибатова пойыздың Астанадан бір сағат он минутқа кеш шыққанын айтуда.
«Ұшақпен жетуіме мүмкіндік болған. Алайда анықтама қызметі бәрі жақсы болады деп сендірді. Ал пойызға отыра бергенімізде, жолсерік жолда кідіріс болуы мүмкін екенін ескертті». — дейді ол.
Пойызда су толы кулер, биоәжетхана, ыңғайлы орындықтар болғанының арқасында жолаушылар ыңғайсыздық сезінбеген. Алайда төрт жасар немересімен таңғы уақытта мейрамхана вагонына барған Гүлнар ондағы бағаның ұшып тұрғанын айтады.
Онда қарапайым қуырылған жұмыртқаны 1700 теңгеге, ал ботқаны 500 теңгеге сатып жатыпты. Ашынған жолаушылар шу шығарғаннан кейін сорпа мен макаронды балаларға және зейнеткерлерге арзанырақ бағаға ұсынған. Мейрамхана мұндай күтпеген жағдайда жолаушыларды толыққанды тамақтандыра алуға әзір болмаған көрінеді.
Ақыры пойыз 12 сағат 40 минутқа кешігіп жеткен.
Қибатова жолсеріктің де, бригадирдің де жолаушылар алдында бұл ыңғайсыздықтар үшін кешірім сұрамағанын айтуда. Тіпті темір жол вокзалының кезекшісі кешігу уақытын тек 12 сағат етіп белгілеген.
Әр кешіктірілген сағат үшін билет құнының 0,3%-ы қайтарылады. Нәтижесінде алты мың теңгелік билеттен жолаушылар 12 сағаттан астам уақытын жоғалтқаны үшін 2 161 теңгесін ғана қайтарады.