ҚазАқпарат — 2016 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Павлодар облысында жаңа пәтерлердің құны 14 пайызға арзандаған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz «Ranking.kz» сайтына сілтеме жасай отырып.
Сараптамамен айналысатын сайттың мәліметінше, Павлодар облысы республика бойынша бірінші тоқсан ішінде жылжымайтын мүлік бағасы арзандаған аймақтардың алғашқы үштігіне кірді.
Қаңтар-наурыз айларында тұрғын үйдің бір шаршы метрі 37,3 мың теңгеге дейін құлдырады.
Осыған қарамастан, бүнігі күні павлодарлықтардың көбінің әлі де баспана алуға мүмкіндігі жоқ.
2015 жылдың қорытындысына сәйкес, халықтың кірісі 0,8 пайызға қысқарған. Осылайша, кіріс қаражат азайып, тұрғын үйлердің қымбат болуы салдарынан орташа жалақы алатын павлодарлықтар жаңа үйден бір бөлмелі пәтер сатып алу үшін 23,7 жыл ақша жинауы керек.
Айта кетерлігі, банктер тұрғын үй алуға несие беруге құлшыныс танытпай отыр. 2016 жылдың наурызында облыс тұрғындарына ипотекалық несие беру 11 пайызға немесе 32 миллиард теңгеге төмендеген.