Парасат формуласы

24 маусым 2022, 11:18

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар әмірі Тәмим бин Хамад Әл Тәнидің жеке шақыруымен Қатар екінші экономикалық форумының ашылу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы баспасөз қызметінің Телеграм каналы (Борт №1) апта басында осындай ақпарат таратты. Таяу Шығыстағы араб мемлекетінің атауы «Қ» әрпімен қазақша дұрыс жазылғанын көріп ішіміз жылып қалды. Араб тілінде де сондай – Дәуләт – и Қатар (قطر دولة). Әйтпесе, сауатты дейтін сайт пен басылымның өзі әмірді «амир», тіпті «эмир», Сүлейменді «Сулейман», Әл Жазираны «Аль Джазира» деп орыс мақамына салып жүр емес пе?!. Ақорданың қазақ тілінің көсегесін сөзбен емес, өзі үлгі көрсетіп, нақты іспен көгертуге кіріскені құптарлық та қуанарлық. Тек бастайтын да тастайтын кертартпа әдетіміз енді аяқтан шалмасын деп тілейік.

1. Петербордағы пайымды пікір

Әңгімені сауаттылықтан бастауымыз бекер емес. Президент бірер жыл бұрын «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын заман» деп еді. Сол арқылы қазіргі құбылмалы ғаламда білімді, зерделі һәм еңбекқор ұлт қана бәсекеге төтеп беретінін меңзеген. Жаһанданудың жолын кесіп, тауар қозғалысын шектеген бүгінгі санкция мен сауда соғысы кезінде парасат пен пайымның, ілім мен білімнің қадірі артып тұр.

«Бұл зияткердің (интеллектуал) мықты президент бола алатынына айқын дәлел. Кемел келешекке қарай нық адым». Терістік көршіміздегі бір сарапшы Қ.Тоқаевтың Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында сөйлеген сөзін осылай бағалады. Жиынға қатысушыларға Қазақ елі басшысының білгір қытайтанушы ретінде айтқан пікірі ерекше әсер етсе керек. Мемлекет басшысы қытай тілінде «дағдарыс» сөзінің қос иероглифтен тұратынын, оның бірі «қауіп», екіншісі «мүмкіндік» деген мағына білдіретінін тілге тиек етті. Көзден балбұл ұшқан оңай импорттың орнын толтырамын десең, отандық өнімге, оны жасайтын ғылым мен технологияға, тынымсыз еңбекке арқа сүйеуің қажет. Әуелі өзін азық-түлік, керек-жарақпен толық қамтамасыз етіп, содан кейін үздіксіз ізденіспен жоғары технологиялық бұйым шығаруға көшкен Қытайдың ерен жетістігі мен толағай табысын қаперге салды. Жылдар бойы көмірсутегі сатудан түсетін ағыл-тегіл ақшаға сеніп, киім-кешектен бастап, күрделі құрал-жабдыққа дейін сырттан таситын ресейліктер мұны ой мен түйсік тезіне сала отырып, жылы қабылдады. Тіпті Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін аяқтағанда президент Владимир Путиннің ерекше ілтипат білдіруі де тегін емес.

Петербор төріне жиналғандарға Қазақ елінің Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) қатысты айқын да ашық ұстанымы жеткізілді. Өзара іскерлік байланыс пен сауда-саттық жандансын десек, қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналған инвестиция құйылып, жаңа өндіріс орындары ашылсын десек, бірлескен жобалар іске асып, әлеуметтік түйткілдер азайсын десек, әрине, экономикалық одақ ауадай қажет. Бірақ көрпені өзіне тартып, күштінің мүддесін көбірек көксейтін интеграция емес. Үлкеннің де, кішінің де есебі түгел, тату көршілікті ту еткен бірлестік керек. Президенттің осы мәлімдемесі терістік көршідегі ЕАЭО-ны саяси одаққа айналдырып, орыс ақшасын ортақ валюта жасағысы келетіндерге, Қазақ жеріне көз алартқан депутаттар мен кесірлі кеосаяндарға қаратып айтылғаны мәлім. Сондай-ақ Мәскеумен барыс-келістің, шаруашылық байланыстың үзілгенін күтіп жүрген өз ішіміздегі мысықтілеу белсенділер мен беталды бөспелердің (популист) құлағына алтын сырға. Қазақстан ешкімнің қолтығына кірмей, көршімен де, басқамен де өзара тиімді, тең дәрежелі қарым-қатынастан ешқашан бас тартпайды. Бұл жолдан тайдыруға тырысу – босқа арамтер болу.

Солтүстікпен араға сызат түскенін қалайтындар еліміздің Донбаста өзін «тәуелсіз ел» деп жариялаған екі республиканы тануға қатысты ұстанымын естігенде қуанып-ақ қалып еді. Содан болар, Каспий құбыр желісіндегі екі жылжымалы қондырғының жұмысы жөндеуге байланысты тоқтатылғанда алақайлап жар салғандар табыла кетті. Іле-шала еліміз «ресейлік вагондарды өткізбей қойды» дейтін жалған ақпаратты жалаулатып әкетті. Бір жақсысы, құзырлы орындар дереу түсініктеме беріп, өтіріктің құйрығы бір тұтам екенін дәлелдеп берді.

Қазақстанның сол «ДНР» мен «ЛНР» жөніндегі көзқарасы асқан шеберлікпен жеткізілгенін атап өткен жөн. Бұл Қазақ дипломатиясының 90-жылдардың ортасында тар жерде жол тауып кеткен тапқыр шешімін еске түсіреді. Ол уақытта Ресей сыртқы істер министрлігін Андрей Козырев басқаратын. Сол шенеуніктің атымен қос азаматтықты көздейтін «Козырев доктринасы» атты құжат дайындалды. Мақсаты – кешегі кеңестік республикаларға Ресей азаматтығын қабылдаттыру. Қысымға шыдамаған түрікмен елінің осы талапты орындағаны бергі тарихтан белгілі. Сол кезде Қ.Тоқаев басқаратын Қазақстан сыртқы істер министрлігі бір елден екінші жерге қоныс аударған жағдайда жеңілдетілген тәртіппен азаматтық беруді ұсынды. Сөйтіп, сұрқия саясатты іске асырмай тастады. Өйткені оған жол берілгенде еліміздегі тұрғындардың біраз бөлігі көрші елдің де азаматы болып шыға келер еді.

Мемлекет басшысы халықаралық құқықтың басты құжаты – БҰҰ Жарғысында бір-біріне қайшы қос бапқа назар аударды. Мемлекеттің аумақтық тұтастығы және әр ұлттың өзін-өзі билеу құқығы. Мұның екіншісі іске аса берсе, жер бетінде 500 мемлекет пайда болып, бейберекетсіздіктің көкесі сол кезде басталады. Айта кету керек, бұл жерде әңгіменің тек әлгі республикалар ғана емес, Абхазия, Оңтүстік және Тайвань төңірегінде өрбігенін айтқан абзал. Сол арқылы аралды айтып, Қытайдың қытығына тигісі келетін АҚШ-қа да осы мәселе бойынша біздің ұстанымды білдіре кетті.

Президент алып Еуразия атырабында әркімге де тиімді серіктестікті өркендетуді ұсынды. Оның мәнісі мынада. Санкция саясаты тиімсіз екенін көрсетіп отыр. Ғаламдық сауда-саттықтағы қазіргі тығырықтан шығудың оңтайлы амалы – Оңтүстік Шығыс Азия мен Қытай нарығына шығу. Бұл ретте Қазақстан ЕАЭО мен Азия кеңістігі арасындағы сенімді дәнекер. Бір полюсті әлемнен көп өрісті дүниеге көшіп жатқан қазіргі ғалам қауіпсіздікке, тоқ тіршілікке, тұрақты дамуға алаң. Алпауыт күштер арасындағы текетірес ымырасыз сипат алып, Батыстың басқадан оқшаулануға бет алуы саясатпен қатар экономикаға тікелей ықпал етті. Ғаламшардың миллиондаған тұрғынын күнкөріс тауқыметі қинай бастады. Шұғыл шара алмаса, азық-түлік дағдарысы, оның соңы ашаршылыққа әкеп соғуы әбден мүмкін. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы бұрын-соңды болмаған дәрменсіз күйде. Мұндай жағдайда, BRICS (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы) пен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) сияқты экономикалық қуаты мығым, әскери әлеуеті күшті құрылымдарға ауыр жүк артылғалы тұр. Мемлекет басшысы бұл жетіде Қытай төрағасының шақырумен BRICS+ диалогы саммитіне қатысып, сөз сөйледі. Мұны Қазақ елі көшбасшысының әлемде қордаланған түйіндерді бейбіт жолмен шешудегі күш-жігеріне берілген жоғары баға екені талассыз ақиқат.

2. Теһранмен бәтуалы байлам

Мемлекет басшысы Петербордан кейін Парсы Шығанағына сапармен барды. Ресей секілді Иран да Батыспен дүрдараз. Дейтұрғанмен, бұл елді шөміштен қағу (санкция) тарихы сонау өткен ғасырдың 80-ші жылдарында бастау алғанын айтқан жөн. Соған қарамастан, ресми Теһранның әлемдік қоғамдастықпен қарым-қатынасы үзілген емес. Біздің елімізбен де бірқатар сала бойынша, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы шеңберінде ынтымақтастық нығайып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иран президенті Ибраһим Раиси және Иранның Жоғары діни жетекшісі, аятолла Әли Хаменеимен жүздесулерде екі жақты қарым-қатынасты, әсіресе, көлік пен логистика, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы бойынша сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру жайы сөз болды. Сонымен қатар, Түрікменстан, Түркия және Пәкістанмен түйісетін Иранның теміржол және теңіз тасымалы арқылы отандық өнімді Парсы Шығанағы мен Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне жеткізу мүмкіндігі пысықталды.

Екі ел үкіметтері арасында бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Бұған сәйкес, Иран тарапы Қазақ бидайы мен өзге ауыл шаруашылығы тауарларын өз аумағы арқылы баж салығы мен алым төлемей өтуіне келісті. Қарағанды өңіріндегі Бөрлі кенішінде катод жезін, Иранда ферросиликоалюминий өндіруді көздейтін бірлескен жобалар да осы сапардың жемісі.
Сапар барысында қос елдің президенті елімізден Иран арқылы Түркияға баратын алғашқы контейнерлік пойызды жөнелту рәсіміне онлайн форматта қатысты. Жалпы транзиттік тасымал жөніндегі уағдаластықтың маңызы зор. Өйткені, бұдан бұрын жазғанымыздай, Қазақстан теңіз жолдарынан шалғай жатқан (Landlocked Countries) елдер қатарына жатады. Содан болар, шикізат пен тауарды әлемдік базарға апару үшін батысты барлап, солтүстік пен шығысты шарлап жүруге тура келеді. Әлгінде айтылған құбыр желісіндегі кідіріс бір сүрлеуге телміруге болмайтынын мықтап ескерткендей.

Рас, соңғы кезде американдықтар мен еуропалықтар бізге орыс жерін айналып өтетін Орта дәліздің тиімді екенін қайта-қайта айтып жүр. Күні кеше Брюссельде осы тақырыпқа арналған жиын да өтті. Баламалы бағыт қажет-ақ. Дегенмен пойызбен жеткізілген жүкті Каспийдегі портта кемеге тиеп, теңізді кешіп өткен соң қайта отарбаға өңгеру біраз уақыт алады. Шығыны да аз болмайды. Ал Қазақ мұнайын қияндағы тұтынушыға жеткізетін ең төте әрі арзан бағыт Парсы Шығанағы жағалауындағы айлақтар екені мәлім. Өйткені Атыраудан тартылған құбыр Каспий жағалап, түрікмен жері арқылы Иранға жетеді. Бірақ бұған Батыстың қарары қолбайлау. Нақтырақ айтқанда, 1996 жылы АҚШ-та қабылданған Д`Амато заңы үшінші елдердің осы мемлекеттің мұнай секторына инвестиция құюына тыйым салады. Кейбір сарапшылар белең алып келе жатқан жаһандық өзгерістер Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы осындай күрделі жобалардың жүзеге асуына ықпал етеді деген пікірде. Бұл енді уақыт еншісінде.

Қазақ үкіметі қайбір жылы ирандықтармен мұнай алмасу (SWAP) келісімі бойынша «қара алтын» экспортын жүзеге асырған. Алайда көлемі 2 млн тоннадан аспайтын жобаның ғұмыры ұзаққа созылмады. Мемлекет басшысының осы сапары екі елдің мұнай саласындағы қарым-қатынасына тың серпін беріп, жаңа белеске көтереді деген сенімді күшейте түсті.

3. «In Conversation with President Tokayev»

Әңгіменің әлқиссасына арқау болған Қатар мемлекетіндегі алқалы жиын да аптаның айтулы оқиғасы. Табиғи газға бай бұл ел әлемдік геосаясатта қордаланған кесек-кесек түйіндерді шешуге ықпал ететін диалог алаңына айналып отыр.

Бұл жолы саясаткерлер мен алпауыт компаниялардың өкілдері геоэкономиканы талқылады. Қазақстан Президентінің құрметті қонақ ретінде шақырылуы форумның абырой-беделінің өскенін көрсетсе керек. Ғаламдық бизнес қауымына қазіргі дүрбелеңге толы дүниеде Мағриб (Батыс) пен Машриһ (Шығыс) арасындағы байланыстың баянды болуына өлшеусіз үлес қосып жатқан Қазақстанның көзқарасы мен ұстанымы айрықша маңызды.

Содан болар, ұйымдастырушылар «In Conversation with President Tokayev» (Президент Тоқаевпен тілдесу) атты арнайы панельдік сессия өткізді. Модераторы Bloomberg Television арнасының жүргізушісі Манус Кренни болған ашық әңгімеде Президент саясат пен экономикадағы сан-қилы сауалдарға жауап қайтарып, бірқатар құбылыс пен оқиғаларға баға берді. Көпқырлы саясатқа сенетінін мәлімдеді. Жүргізуші «АҚШ президенті Жозеф Байденнің ОПЕК шеңберінде мұнай өндірісін арттыруға бағытталған әрекетінен нәтиже бере ме?» деп бір саусағын ішіне бүккен сауалын көлденең тартты. Бұған Қ.Тоқаев Дала даналығы дәстүрімен «Мен Қазақстанның Президентімін және (Америка) Құрама Штаттарымен достық әрі болашағы айқын қарым-қатынас болғанын қалаймын» деді.

Бір жеті көлемінде әлемнің ар қиырында жатқан үш елге сапар Жаңа Қазақстанның жаңа әлемдегі беделі мен жетістігін паш етті. Тек осы қарқыннан танбауды жазсын!

Срайыл Смайыл,
экономикалық шолушы

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?