
Атырауда №2 қалалық соты алаяқтық әрекет пен парақорлыққа жол берді деп айыпталып отырған Жер кадастры департаментінің директоры Қамбар Теміровке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үкімет азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясы» ұйымы филиалының Жер кадастры және техникалық тексеру департаментінің жетекшісі өз қызметкерлерінен лауазымды қызметтерге тағайындау пара алды деп айыпталған болатын. Тергеу мәліметтері бойынша, Исатай аудандық бөлімшесінің бастығы лауазымын ол 100 мың теңгеге, осы аудандағы бас маман қызметін 50 мың теңгеге бағалаған. Теміров сонымен қатар Атырауда жеке тұрғын үй салу үшін берілетін жер телімін кезектен тыс алып бермек болған. Бұл «еңбегі» үшін бағасы 670 мың теңге болатын материалдық құндылықтар түрінде сыйлық алған. Осыған қарай №2 қалалық соты Қамбар Теміровке алаяқтық жасады және 150 мың теңге көлемінде пара алды деген айып тағып, 5 млн 250 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Ол сонымен қатар өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтын болды»,-деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің өкілдері.