Пандемиядан пайда тапқан

03 желтоқсан 2021, 12:32

Түркістан облысында мектептерге ноутбук сатып алу үшін бөлінген мемлекеттің миллиардтаған ақшасын жымқырғандар тергеліп жатыр. Қаржылық қадағалау агенттігінің мәліметінше, «МТ-Сервис» ЖШС басшысы мен облыстық әкімдіктегі адами әлеуетті дамыту басқармасының мамандары «қазына қаржысына қол салды» деген күдікке іліккен. Олар пандемия кезінде оқушылардың қашықтан оқуы үшін қажетті ноутбук сатып алуға бөлінген ақшаны жымқырған. Шенеуніктер техникалық сипаты сай келмейтін құрылғыларды қабылдап алыпты. Десе де, қазір осы іс бойынша тек тендер ұтып алған кәсіпкер ғана қамауға алынды.

Басына бұлт үйірілген «МТ-Сервис» серіктестігінің бас директоры – Серік Мұстафин. Ол 2020 жылдың тамыз айында оқушыларға арналған ноутбук сатып алу туралы тендерді ұтып алған. Карантин кезінде онлайн оқу форматына көшкен оқушыларға деп 21 763 дана ноутбук сатып алу үшін бюджеттен 3,5 миллиард теңге бөлініпті. Алайда Түркістан облысының әкімдігі ешқандай тендер өткізбеген. Жеңімпазды «бір көзден» сатып алу арқылы анықтапты.

Алайда мемлекеттік кіріс комитетінің порталындағы мәліметтерге сүйенсек, «МТ-Сервис» серіктестігі 2019-2020 жылдары көк тиын салық төлемеген. Ал оған дейінгі жылдарда қазынаға әртүрлі сомада ақша құйып отырыпты. Осыдан-ақ бұл компанияның тұрақты жұмыс істемегенін аңғаруға болады.

Сондай-ақ аталған серіктестік компьютерлік техника тасымалдаумен ешқашан айналыспаған. Тіпті мемлекеттік сатып алуға да мүлде қатыспапты. Десе де, әкімдік әр ноутбукті 157 мың теңгеден сатып алған. Нарық бағасына сай келетін бұл техникалардың экраны кем дегенде 11 дюйм, жедел жадысы 64 ГБ-тан кем болмауы тиіс. Техникалық сипаттамасы сай келетін мұндай ноутбуктерді 157 мың теңгеге кез келген техника дүкендерінен сатып алуға болады. Бірақ 21 мың данасы бірден табыла кетуі неғайбыл. Сондықтан 3,5 миллиард теңгенің «майлы жілігі» бұрын-соңды тендерге қатысып көрмеген Серік Мұстафиннің компаниясына бұйырған. Қомақты қаржыға ол Hasee брендімен шығатын қытайлық ноутбуктерді жеткізіп беріпті. Сапасы сын көтермейтін бұл техникалар негізінен тек ғаламтор арқылы сатылады. Ал еліміздегі ірі техникалық дүкендерден бұл маркадағы ноутбуктерді табу мүмкін емес. Сондықтан қазір тергеушілер 21 мың дана ноутбукті Серік Мұстафин елге қалай кіргізді деген сұраққа жауап іздеуде.

Бір қызығы, бұл қылмыстық істе «Эффект СК» деген серіктестіктің де аты аталады. Ол компания алдымен әр данасы 150 мың теңгеден 16 848 ноутбук жеткізіп беруге келісімшарт жасасыпты. Кейін 2924 ноутбукті 135 мың теңгеден әкеліп беруге уағдаласқан. Бірақ бұл серіктестікті де нарықтағы компьютерлік техника сататын ірі компания деп айта алмаймыз. Өйткені мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметінше, шымкенттік компания соңғы бес жылда бюджетке небәрі 18 мың теңге салық төлепті.

Сондай-ақ Серік Мұстафин қытайлық компаниямен 2 миллион долларға келісімшартқа отырған. Онда 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін қажетті тауарды жеткізіп беру керектігі айтылған. Егер бұл келісімшарт заңды болса, «МТ-Сервис» серіктестігі 21 мың дана ноутбукті 2 миллион долларға сатып алды деген сөз. Теңгеге шақсақ, шамамен 800-850 миллион теңге болады. Сапасыз, техникалық талаптарға сай келмейтін ноутбуктерден аталмыш компания 2,5 миллиард теңге табыс тапқан. Қазір тергеушілер осы ақшаның қайда кеткенін іздестіріп жатыр.
Бұл қитұрқылықтан түркістандық оқушылар жапа шекті. Олардың оқуына деп миллиардтап қаржы бөлінгенімен, соңында сапасыз техника таратылған. Дәл осындай қылмыстық істер еліміздің бірқатар өңірінде тергеліп жатыр. Пандемия көптеген азаматтарды жұмысынан, табысынан айырды. Ал кейбіреулер көл-көсір пайда тапты.

Диас Нұрақын

24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді