Пәлсапа немесе жолын оңғарсын!

06 мамыр 2022, 10:37
Фото: eadaily.com

Фото: eadaily.com

Еуропаға шаңғы жарысына барғанда үнемі мажар әріптестермен біргеміз. Сырғанақта да, тау етегіндегі дәмханада да. Білмейтіндер тіпті Чаба досымызды Қазақ елінің өкілі деп ойлап қалады. Өздері ізетті. Жасы үлкенін төрге отырғызып, қас-қабағына қарайды. Соның айтқанын екі етпейді. Бұл жағынан арғы тамыр-тегіне тартып тұрады-ау. Сірә, бізді сол шығыстан келген бауырлар деп жақын тұтса керек. Көп оқиды, көп еңбектенеді. Әсіресе, тарих пен пәлсапаға құмар.

Түркі әлемінің өткені мен бүгінін жетік білетін белгілі публицист Дмитрий Выдрин жуырда Венгрияда өткен парламент сайлауы туралы жазды. Халықаралық 500 бақылаушы кірпік қақпай қадағалаған саяси науқанда премьер-министр Виктор Орбан басқаратын ФИДЕС альянсы жеңіске жеткені мәлім. Осымен төртінші рет қатарынан. Қаптаған ұйымдар мен соросшылардың оппозицияны қаржылай да, басқалай да қолдағанына қарамастан. Талай сайлауға саяси технолог ретінде қатысқан Выдрин мырза үкімет басшысына қарапайым һәм қалың бұқараның көбірек сенім артқанына назар аударады. Ол жетістік кілті философияда жатыр деген пікірде. Өйткені уәдеге беріктік, құнттылық, ұқыптылық, еңбекқорлық, отансүйгіштік сықылды қасиеттердің бәрі сол пәлсапаның өзегінде. Оның үстіне Кәрі құрлықтың өзге жерінде тоғанмен тілдесіп, оның үнсіз тебіренісін жазып алған ақылгөйді таба алмайсың.

Еңбекке көзқарасқа бір мысал. Мажарстанда соңғы технологиямен салынған жол 10 жыл бойы жөндеу көрмейді. Біздің ТМД аумағында бір жылдан соң қопара бастайды. Оның түк те құпиясы жоқ. Мажар құрылысшы шағал, бетон және асфальттің астына жол дәкесін төсейді. Біздің ағайын асығыстықпен не ұмытып кетеді, не қаржы мен материалды «үнемдеп», жұмысты апыл-ғұпыл бітіре салады. Содан ауыр салмақты көтере алмаған жол ортасынан опырылып түседі.

Олар тарихқа да солай қарайды. Уильям Нейпир деген бүркеншік атпен жазған ағылшын жазушысы Кристофер Харт айтулы шығармасын ғұн билеушісі Еділ (Атилла) патшаға арнаған. Кітапта ғұн жауынгерінің атпен құйғытып келе жатқанда, өзін өкшелеп қуған жауын көздемей-ақ жайратып салатыны баяндалады. Бұл зерттеушілер үшін көпке дейін жұмбақ болып келді. Мажар ғалымдары ұзақ уақыт бойы талмай ізденіп жүріп оның жауабын тапты. Сөйтсе, тіршілігі жылқымен біте қайнасқан көшпелі жұрттың ұланы жебені қай кезде тартуды білген. Аттың төрт аяғы бірдей жерден көтерілген сәтте таптырмас тепе-теңдік сақталады. Садақшы да мүлт кетпейді.
Будапешт Кәрі құрлықтағы жаппай санкция дүрмегіне ермеді. Одақтастарын да тыңдамады. Бұл жерде пәлсапаны байқаймыз. Виктор Орбан өзінің ұстазы, Еуропаның аса ірі философы Иштван Бибоның «Демократия дегеніміз – қорықпау мен үрікпеу» дейтін қағидасын басшылыққа алған.

Сайлау науқаны кезінде оған мынадай сұрақ қойылды: Венгрия Ресейді қолдай ма, әлде Украинаны ма? Ол тек мажарға тән мақаммен жауап берді. «Венгрия Ресейдің де, Украинаның да қамын күйттемейді. Венгрия тек Венгрияны қолдайды». Үкімет басшысы экономикалық мүддені саясатқа араластырмау қажеттігін жете түсінеді. Өйткені Мажар елі Қазақстан сияқты теңіз жолдарынан жырақта. Мұнай мен газды елге үзбей жеткізетін әрі қалтаға салмақ түсірмейтін жүйеден бас тарту өзі отырған бұтақты кесумен тең.

Бауырлас халықпен қарым-қатынасымыз жылдан-жылға нығайып келеді. Мажарлар тегіне тартып, Түркі мемлекеттері ұйымына қосылды. Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Венгрияның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийяртоны қабылдап, екі ел арасындағы байланыстарды талқылады. Мемлекет басшысы тамыры терең қарым-қатынасқа тың серпін беру мақсатымен Мажар еліне ресми сапармен баратынын мәлімдеді.

Көне әдебиет Hungary (Хаңгри) атауы мен қазақтың «оңғар» сөзінің түбі бір дейді. Ендеше, халық даналығын пір тұтатын қазақ пен мажардың өркениет көшіндегі жолын оңғарсын деп тілейік.

Срайыл Смайыл

19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген
15 қазан, 14:20
Армения - уақыт сынынан өткен жақын серіктес
30 қыркүйек, 23:28
Жұлдыз Сүлейменова: Жайбасарлыққа жол беруге болмайды!
30 қыркүйек, 22:33
Заңсыз қаруды тапсыру – игі іс