Пәлен жерде бақыр бар…

23 сәуiр 2021, 11:26

Бізде халықтың әлеуметтік статусына зерттеу жүргізіліп, статистикалық мәліметтер жарияланып тұрады. Елдің орташа өмір сүру деңгейі, халықтың тұрмысы таразыға тартылады. Бірақ сол статистикалық зерттеулердің қорытындысы шынайы өмір дерегімен қабыспай жатады.

Күні кеше Қызылорда қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында адамдар бірін-бірі таптап кете жаздады. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада адамдар мемлекеттік мекеменің есігіне сыймай, кептеліп қалған соң терезеден кіріп жатыр. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң, бақыр да жоқ» боп жүрмесін» деген халық «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнес бастау» жобасының грантын алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрды. Кешеден бастап Қызылорда облысының эпидемиялық ахуалы ушығып, «қызыл аймаққа» өтті. «Қызыл аймақтағы» қызылордалықтарды анталатып алаңдатқан – «Бизнес бастау» жобасының 583 мың теңгелік грантын оқуға берілетін қағаз. Көпшілік «қайтарымсыз грантты алу үшін берілетін қағазды тек бір күннің ішінде таратады» деген жалған мәліметтен кейін дүрліккен. Анығында «Атамекен» ҰКП қайтарымсыз грантты оқуға өтінішті тек бір күнде ғана қабылдаумен шектелмейді. Керісінше, кезең-кезеңімен қамтып, бірнеше лекті оқытып, кәсіпкерлікке баулымақ.

Ал қызылордалықтардың есікке ентелеп, терезеден кіруінің өз себебі бар. Өйткені алғашқы лек бойынша грант саны шектеулі. Мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржыны игеру мақсатында таратылатын грантты кез келген адам ала алмайды. Арнайы санатқа жататындар ғана қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізеді.

Биыл «Бизнес бастау» жобасымен еліміз бойынша 30 мың адамды оқытуға грант бөлініпті. Оған тапсырыс берушілердің саны күн санап артып келеді. Сондықтан «Атамекен» ҰКП еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тағы 10 мың квота бөлдіру жөнінде ұсыныс жолдамақ екен.

Қайтарымсыз қаражатқа қызығып, алуға ұмтылған халық Таразда да топтанып кезекке тұрды. Жұмыспен қамту орталығы жолдаманы онлайн беруге қауқарсыз. «Тараздағы халыққа қызмет көрсету орталығындағылар да жолдаманы электронды форматта жібере алмай, тек қағазға басып таратып жатыр», – дейді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов.

Осындай арнаулы көмек, мемлекеттік грант алуға ұмтылғандардың әрекеті еліміздегі әлеуметтік жағдайдың қандай екенін айқындай түскендей. Көпбалалы аналар «атаулы әлеуметтік көмек аламыз» деп ала таңнан кезекте тұрады, бір құжаты дұрыс болса, екіншісі сай келмей, қайта сенделтеді. Мұндай көрініске көзіміз де үйреніп, етіміз де өліп кетті.

Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда тегін таратса, тарта жеп қалуды көздейтіндер аз емес. Мысалы, былтырғы жылы көктемгі карантин кезінде берілген 42 500 теңгелік көмекті алуға өтініш берушілердің арасында тұрақты жұмысы тоқтамаған жылпостар да жүрді, шетелге көшіп кетсе де тізімге енгендер табылды. Тіпті зәулім сарайда тұратындардың арасында да әлеуметтік аз қамтылдық деп атаулы көмек алушылар қатарына еніп кеткендері болды.

Мемлекеттік грант болсын, қаржылық қолдау жобалары дейміз бе, алушыны масылдыққа баулымауы тиіс. Керісінше, кері кеткен кәсібінің бетін бері қаратуға, шатқаяқтаған шаруасын түзеп алуына серпін беруі тиіс жоба емес пе? Тағы бір астын сызып айтар мәселе, «бармақ басты, көз қысты», жең ұшынан жалғасатын жемқорлық жегіқұрты мұндай жобалардың ту сыртынан айналып өтпейтіні анық. Оған атаулы әлеуметтік көмек алу үшін сарсаңға түскен көпбалалы аналардың ашына жазған пікірлері дәлел. «Откатын» бермесең, аттап бастырмайтындар кәсіпкерлікті дөңгелетем дегендердің де үмітін жанбай жатып сөндіреді.

Обалы не керек, халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға назары да мемлекеттің алабөтен, бөлінетін қаржы да мол. Тек қыбын тауып, шаруаны шашау шығармай, өзегіне жемқорлықтың жегіқұртын түсірмей, жұмысты жүйелі жүргізетін атқарушы мекемелердің діңі мығым болмай тұр. Жоғарыдан жап-жақсы басталған осындай әлеуметтік бағдарламалардың ғұмыры орта жолда тайғақ кешіп, қарапайым халықтың уысына жеткенше жырымдалып кетеді. Жұрттың кімге сенерін білмей, бір-бірін басып-жаншып жатқаны да содан.

Қуаныш Рахмет

Бүгін, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
Бүгін, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде
12 сәуiр, 12:10
Түркістан: Жетісай полицейлері «Заң және тәртіп» жобасын іске асыруда
11 сәуiр, 16:06
«Нөлдік төзімділік»: Түркістан полициясы 700-ден астам құқық бұзушыны анықтады
11 сәуiр, 15:50
Түркістан: Алаяқтар қашып құтылмайды
11 сәуiр, 15:25
Түркістан полициясы жастар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді
11 сәуiр, 15:02
Түркістан: Полиция ұрлық жасағандарды жылдам табады