Қостанай футбол клубының Сербия Республикасынан атша қалап алдырған белді ойыншылары Душан Савич пен Джордже Деспотовичке тіркеу заңын бұзғаны үшін 15 АЕК (34 035 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

«Футболшылар Қазақстан аумағында тұру үшін ішкі істер органдарына осы жылдың 20 наурызына дейін тіркелген болатын. Көрсетілген уақыт аралығында олар еліміздің шекарасынан көрсетілген мерізімде шығып кету керек болатын. Бірақ, олар 1 жылда 2 рет көші қон заңын бұзып отыр», – дейді Қостанай облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Алма Нұрсейітова.

Қостанай әкімшілік соты футболшыларды ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 6 бөлімінің 517 бабы бойынша айыпты деп тауып, жауапқа тартты. Онда айыппұл немесе еліміздің аумағынан тысқары жерге шығарып жіберу жазалары қарастырылған. BAQ.kz хабарлағандай, әкімшілік іске қатысқан прокурор футболшыларға айыппұл салуды сұраған болатын. Сот оның өтінішін қанағаттандырды. Бірақ, үкім заңды күшіне әлі ене қойған жоқ.
«Сербияның қос азаматы Душан Савич пен Джордже Деспотовичтің Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат беретін қолданыстағы визасы бар. Олар оқу-жаттығу жиынынан орала салысымен Қостанай қаласында уақытша тіркеуге тұруы керек еді. Клубтың басшылығы тарапынан шетелдік ойыншыларға қатысты еліміздің барлық заңдары бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Өкінішке қарай, қос футболшы дер кезінде тұрмаған. Қазіргі таңда, олар уақытша тіркеуге тұрып, заң талаптарын толық орындады», – дейді «Тобыл» ФК баспасөз хатшысы Константин Должанский.
Ескерту!
Baq.kz сайтында жарияланған авторлық материалдардың барлық құқықтары қорғалған және ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады. Көшіріп басу редакцияның рұқсатымен жүзеге асады. Материалды көшіріп басу кезінде Baq.kz сайтына төте сілтеме көрсету талап етіледі.