
1. Жақсы дос жаман күнде білінеді
«Режеп Ердуан баспасөз мәслихатында Нұрсұлтан Назарбаевқа (Ресей мен Түркияны татуластырған ара ағайындығы үшін) терең ризашылығын жеткізіп жатқанда қатты тебірендім. Мәртебелі Назарбаев бізге жаман күнде жақсы дос екенін көрсетті. Біз оған шексіз ризамыз». Түрік журналисі Мұрат Йеткин орыс пен түрік арасындағы тоңның жібуіне Қазақстан басшысының сіңірген ерен еңбегін осылай бағалады. Ол осы аптада «Хүрриет» газетінде жариялаған мақаласында Ердуанның Путинге арналған хаты қалай жазылғаны, оның Кремль қожайынына қалай жеткізілгені тәптіштеп баяндады. Көп өтпей, Ресей сайттары мақаланы орысшаға аударып, оқырмандарына жеткізді. Жалпы, ел басына күн түскенде ең жақын бауыры көмек қол созатынын түріктер осы жолы анық байқады. Ердуанның «Әл Жазира» арнасына берген сұхбатында бүліктен кейін Анкараға келіп, қолдау –демеуін көрсеткен тұңғыш мемлекет басшысы Н.Назарбаев екенін айрықша атап өтуі де тегін емес. Бірі бауырлас мемлекет, екіншісі жақын көрші болып табылатын Түркия мен Ресей арасындағы татулық қай жағынан алып қарасақ та елімізге тиімді. Қазақстан екі ел арасындағы ахуал ушыққан кезде де өз ұстанымынан айнымай, сындарлы да сауатты көпқырлы саясаттан ауытқымайтынын паш етті.
2. Батысты әбіржіткен жүздесу
Риода Олимпиада ойындары қызған тұста ғаламдық саяси сахна бос қалған жоқ. Бұл жетіде хабар-ошар құралдары Ресей мен Түркия басшыларының кездесуін жарыса жазды. Әдеттегідей, әркім әртүрлі әспеттеді. Түріктер «тарихи жүздесу» десе, орыстар «маңызды кездесу» деп бағалады. Ал Батыс басылымдары, керісінше, суық қабақ танытты. Солардың біреріне тоқталайық. «АҚШ пен Еуропалық Одақ сапарды жіті назарда ұстады. Ердуан Путинге барып, Батысты үркітті» (ВВС). «Ресей Түркияны шығысқа тартуды армандайды. (Finansal Times). «Брюссельдің жүйкесі тозды» (Guardian). “Батыс оқшаулауға тырысқан Путин мен Ердуан бір-бірімен қол алысып, Батысқа күшті емеурін білдірді» (New York Times).

Батыста ақпарат құралдары өзін бейтарап деп есептейді. Бірақ олар белгілі бір елдің, аймақтық болсын, ғаламдық болсын, аса ықпалды күштердің сөзін сөйлейді. Сол ортада қалыптасқан қоғамдық пікірді білдіреді. Бұл әмбеге аян. Анадолыдағы аласапыраннан кейін мұхиттың арғы жағы да, бергі беті де қазіргі түрік билігін қызу қолдай қойған жоқ. Анкара мен Вашингтон арасында шешуі қиын Ф.Гүлен түйіні тұр. Американ Қарулы Күштері штаб бастықтары біріккен комитетінің төрағасы Жозеф Данфорд Түркияға келіп кетті. Ол көрген-білгенін Ақ үйге жеткізуге уәде берді. Іле-шала 24 тамызда мемлекеттік хатшы Джон Керридің Анкараға келетіні мәлім болды. Сарапшылар осы сапар барысында одақтас екі ел арасындағы қарым-қатынастың болашағы айқындалады деген пікірде.
Ал кәрі құрлықпен байланыс мәз емес. Қазір Австрия, Швеция секілді елдер қазіргі түрік билігін аяусыз сынап жатыр. Жақын ел саналатын Германия Ердуанның осы елде тұратын қандастарына бейнеүндеу арқылы үн қатуына рұқсат бермей қойды. Кельндегі алаңға келген мыңдаған түрік Анкарадағы билікті қолдау үшін жиналып еді. Түрік газеттері түгел дерлік Вена әуежайының қабырғасына ілінген құлақтандыруды суретімен жариялады. Онда «Түркияға демалуға барғаның, Ердуанды қолдағаның» – деп жазылған. Сірә, бұл түрік үкіметінің жанды жері – туризмге соққы беру мақсатымен жасалған сияқты. Өлім жазасы енгізілсе, Түркияға Еуропалық одақтың есігі жабылатынын Брюссель ашық айтты. Анкара да қарап қалмай, түрік азаматтарына виза жеңілдігін жасау жөніндегі келісім іске аспайтын болса, өзінің босқын қабылдауды көздейтін міндеттемеден бас тартатынын ескертті. Айта кету керек, Еуропалық одақ әлгіндей жеңілдікті 1 маусымнан бастап енгізуге уәде беріп еді. Ал одан бұрын Ұлыбритания үкіметінің бұрынғы басшысы Дэвид Кэмерон 3000-жылға дейін Түркияның осы одаққа мүше болуы мүмкін емес деген мазмұнда мәлімдеме жасады. Алайда Лондонның өзі Еуропалық одақтан шығып, ұйымның іргесін сөгіп кетті. Ал Анкара, Ердуанның сөзімен айтқанда, «53 жылдан бері есік алдында күтіп», уақытын текке өткізген сияқты. Өйткені, сыртқы істер министрі Мәуліт Чауышоғлы тұрғындар арасында Еуропалық одаққа деген сенімнің 50 пайыздан 20 пайызға дейін азайып кеткенін тілге тиек етті. Ол Еуропаның Түркияда мемлекеттік қызметкерлердің, судьялардың жұмыстан шығарылғанына наразылық білдіргенін айта келе, Батыс және Шығыс Германия бір-бірімен қосылғанда жүз мыңдаған немістің жұмыссыз қалғанын еске салды.
Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Тереза Мей өз елінің Ресеймен де, Түркиямен де қарым-қатынасын жақсартқысы келетінін білдірді. Осының өзі Батыста ортақ ұстанымнан гөрі әр елдің өз мүддесін көздейтін үрдіс басталғанын көрсетсе керек. НАТО да Мәскеу мен Анкараның жақындасуы әскери одаққа әсер етпейтінін мәлімдеді. Алайда Мәуліт Чауышоғлы жуырда өз елінің НАТО-дан қажетті деңгейде қолдау таппағанын айтты. Ол «Біз НАТО-ға мүшеміз, жауапкершілігімізді білеміз. ПКК (Күрд жұмысшы партиясы), ДАИШ бізге шабуыл жасап жатыр. Ал НАТО көрінбейді» деді.
Түркия билігі Батысты ойландыру үшін Ресеймен жақын байланысқа барып жатырмыз демейді. Мемлекеттің стратегиялық мүддесінен туындап отырғанын алға тартады.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, Анкара бір жаққа басымдық беріп, көрші мемлекеттермен байланысын суытып алды. Енді үзілген жіпті жалғаудың амалын қарастырып жатыр. Түріктердің АҚШ және Еуропамен терең тамырлы байланысы бар. Одан бір мезетте бас тарту, тіпті мүмкін емес. Түркия жан-жақты қатынасқа мұқтаж. Сайып келгенде, қазақтың көпқырлы сыртқы саясаты дәл қазір түрік бауырларға аса қажет болып тұр.

3. Татуластырушы экономика
Ресей газын Түркияға жеткізуді көздейтін «Түрік ағыны» жобасы қайта қолға алынады. Сейсенбі күні Санк-Петербургте Түркия президенті Р.Ердуанмен кездесуден кейін В. Путин осылай деп мәлімдеді. Ердуан өз елінің Ресей газын Түркияға, одан әрі Еуропаға тасымалдауды жүзеге асыратын осы жобаны қолдайтынын хабарлады. Путин екі ел арасындағы қарым-қатынасты әлсіреткен дағдарысқа қарамастан, түріктердің осы жоба бойынша жұмысты тоқтатпағанын ризашылықпен атап өтті. Ол газ құбыры желісінің кейбір бөліктері бойынша шешілмеген түйткілдер бар екеніне тоқталды. 2014 жылы қолға алынған осы жоба бойынша жылына 63 млрд текше метр табиғи газ Қара теңіз табаны арқылы Түркияға, одан әрі Грекия мен Италияның оңтүстігіне жеткізілуі тиіс. Құрылыс толық жүзеге асуы үшін Еуропалық одақтың келісімі қажет.
Ресей мен Түркияның уағдаластығына қатысты Еурокомиссия әзірге өз көзқарасын білдірген жоқ. Еуроодақ бұған дейін Мәскеудің тағы бір жобасы – «Оңтүстік ағынға» техникалық талапқа сай келмейді деген себеппен бата бермеген. Ресей осыдан кейін түріктер арқылы жол табуға тырысты.
Екі ел басшылары Сирия мәселесіне тоқталған жоқ. Әңгіме экономикалық байланысты жандандыру төңірегінде өрбіді. Ресей «көгілдір отынды» баламалы бағыттар арқылы Түркия мен Еуропаға сатуға мүдделі. «Газпром» өткен жылы «Көгілдір ағын» құбыр желісі бойынша Анадолыға 27 млрд текше метр газ жеткізді. Биыл Қатар мен Израиль өз газын түріктерге ұсынды. Еврей мемлекеті Жерорта теңізіндегі Левифан кенішіндегі газдың мол қорын қысқа бағытпен Түркия мен Еуропаға жеткізгісі келеді. Жоба іске асса, орысты қыруар қаржыдан қағып кетеді. Мұнай мен газға қараған Ресейге ақша ауадай қажет. Мәскеулік интернет басылымдар жазғандай, биылғы жылдың алғашқы жартысында бюджет тапшылығы 1,5 трлн рубльге жеткен. Резерв қорынан осы мерзімде 1,2 трлн рубль алыныпты. Ал бюджеттің кіріс бөлігі 5,9 трлн рубльді құрады. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға аз. Мамандар қордағы ақшаның алдағы жылы таусылатынын, ал экономиканың 2020 жылға дейін өспейтінін айтуда. Батыстың санкциясы тағы бар.
Түрік экономикасы да Ресей эмбаргосынан зардап шекті. Әсіресе, туризм. Тараптар чартер сапарын жалғастыру жөнінде уағдаласты. Былтыр осы сала елге 31 млрд доллар табыс әкелді. Ал биылғы сәуір – маусым аралығында түскен қаржы 5 млрд доллардан аспады. Тек орыс туристерінің келмеуінен 840 млн доллардан қағылды. Анталия мен Бодрумға турист жіберетін ресейлік компаниялар 230 млн доллардай зиян шекті. Дейтұрғанмен, Түркияның экономикалық әлеуеті мығым екенін айтқан жөн. Бір мысал. Бүлік басылар-басылмас, Standard&Poor`s агенттігі Түркияның рейтингін төмен түсірді. Түрік лирасының долларға шаққандағы бағамы 2,90-нан 3,08-ге, бірақ шапшыды. Тұрғындар ұлттық экономиканы қолдау үшін қолындағы 10 млрд долларын сатты. Соның нәтижесінде лира құнсызданудан аман қалды.
Срайыл Смайыл