Орындалмаған арман

05 қараша 2021, 13:43

Америкада тіл үйреніп, ақша табамыз деген 100-ден астам отандасымыз сан соғып қалды. Оқуды енді бітірген жастар Hasta La Viza компаниясына 2 мың доллардан санап беріпті. Агенттік оларға «виза, медициналық сақтандыру жасап, АҚШ университетіне түсіреміз» деп уәде еткен. Алайда елдегі танымал вайнерлер, блогерлер мен спортшылар жарнамалаған компания өткен айдан бері кеңселеріне құлып салып, өздері хабар-ошарсыз кеткен. Сондықтан Америкаға барамыз деген арманның жетегінде жүріп, жем болған жастар полицияға шағым түсірді.

Hasta La Viza компаниясына сеніп, сан соғып қалған азаматтардың саны 100-ге жуықтайды. Арман қуып Америкаға барамын дегендердің бірі – Ермұрат Ермек. Жас жігіт мұхиттың арғы бетінде тіл үйреніп, қосымша табыс табуды жоспарлапты. Сондықтан құжат рәсімдеп, виза жасату үшін дәл осы агенттікті таңдаған. Тіпті соңғы тиын санап беріп, енді бармағын шайнап отыр.
«2 мың доллар төлем жасадық. Сәуір айында келісімшартқа қол қойдық. Бағдарлама бойынша бізді сол жақта күтіп алып, жұмыс жағын реттеуі тиіс еді. Медициналық сақтандыру жасатып, жүргізуші куәлігін ағылшын тіліне аударып береміз деді. Қосымша тіл курсын оқуымыз керек. Бірақ қыркүйектің ортасынан бастап хабарсыз қалды. Агенттіктен не жауап, не құжат жоқ», – дейді алданып қалған Ермұрат Ермек.

Жұмысын тастап жат елге кетуді жоспарлаған Индира Тапанова да алданып қалғанын айтады. Қарызға белшеден батып, несиесін жаба алмаған соң АҚШ-қа барып, ақша табуды ойлапты. Сондықтан осы агенттікке хабарласқан. Hasta La Viza компаниясының қызметкерлері «виза рәсімдеп, Америкада жұмысқа орналастырамыз» деп сендіріпті. Бірақ АҚШ елшілігі оған виза беруден бас тартқан. Ал агенттік ақшаны қайтармаймыз деп қиғылық көрсетіпті.

Индира Тапанова былай дейді: «Бұл компания өз міндеттемелерін орындамады. Сондықтан ақшаны қайтарып беруді сұрадым. Бірақ ешкім жөні түзу жауап бермейді».

Америкаға барамыз деген арманның жетегінде жүріп, жер сипап қалғандардың көбі елдегі танымал вайнерлер, блогерлер мен спортшылардың жарнамасына сеніп қалыпты. Олар әлеуметтік желі арқылы Hasta La Viza компаниясын жер-көкке сыйғызбай мақтаған. Сондықтан осы агенттікті таңдап едім деп бармағын тістеп отыр Әлмира Сарғұлова.

«Инстаграмдағы блогерлерден көрдім жарнамасын. Біржан Әшім, Ратбектен көрдім. Стористен жарнамалаған. Мысалы, Біржан Әшімге осылар виза жасап берген. Консулға банктен шот жасап береміз деді. Бірақ ол жалған болып шықты. Біз оны қыркүйекте бір-ақ білдік. Америкада ағылшын тілін үйреніп, ақша жинап, жұмыс істесем деген ойым болды.

Жарнамасы жер жарған Hasta La Viza инстаграмда соңғы рет қыркүйек айында пост жариялапты. Ал оған дейін парақшаны жандандыру арқылы көпшіліктің қызығушылығын тудыруға тырысқан. Америкадағы ғажап өмір мен компаниядан виза алғандарды көрсету арқылы клиент жинаған. Алайда сеніміне селкеу түскен жастардың ұжымдық арызынан кейін агенттіктің есігіне қара құлып салынып, қылмыстық іс қозғалды.

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «Аталмыш дерекпен ҚК 190-бабына сәйкес, қылмыстық іс жүргізілуде. Қылмыстық іс аясында 40 азамат өз арызын ресми түрде тіркеген. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ұсталып, олар уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Қазір тергеу амалы жалғасып жатыр», – деді.

Күмәнді компанияға алдандым деген адамдар күн санап көбейіп барады. Олардың барлығы студенттік өмірмен қош айтысып, оқуды соңғы бір-екі жылда ғана бітірген кілең жастар. Агенттіктің «ертегісіне» сеніп, опық жегендер кінәлілер тиісті жазасын арқалап, өзгелерге сабақ болсын дейді. Олар енді ақшамызды қайтарсақ дейді.

Диас Нұрақын

25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді